Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Салт-дәстүрді берік ұстанған

Салт-дәстүрді берік ұстанған

Ұлт болашағының ең басты тұғыры – отбасы. Қазақ отбасы құндылығына ертеден-ақ ерекше мән берген. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің түп-төркіні де осыдан шықса керек. Ұлттың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тұтастай алғанда ұлт болмысын сақтайтын ең басты «қойма», оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, уақыт пен кеңістіктен аман сақтап, келешекке аманаттап тапсыратын әлеуметтік орта да – отбасы. Отбасы – кез келген мемлекет пен халықтың – бүгіні мен болашағының кепілі.

«Отбасының өнегесі – Отан өнегесі», «ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген сияқты мақал-мәтелдер соның айғағы. Ұлтты өзгеден ерекшелеп, оның болмысын сақтауында отбасы рөлі бірінші орында.
Әңгімеміздің түп төркіні осындай береке мен бірлігі жарасқан шаңырақ Қалиевтар жайлы болмақ. Олар өзгелерге көпбалалы және үлгілі әулет ретінде белгілі. Ұлан мен Жеңіскүлдің отасқандарына биыл 15 жыл. Бұл күні Ұлан Жанқожа батыр атындағы №70 орта мектеп директорының бейінді оқыту, ғылыми-әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасары, Жеңіскүл №226 гимназияның кітапханашысы қызметін атқарады.
Қазір қос жұп сегіз баласының ортасында мәуелі бәйтеректей тамырын тереңге жаюда. Бүгінде Жеңіскүлдің қуанышында шек жоқ. Көпбалалы ана «Алтын алқа» мен «Күміс алқаны» қатарластыра зор мақтанышпен кеудесіне тағып жүр.
Ұлан Кеңшілікұлының пайымынша, отбасының маңызды діңгегі – ұлттық салт-дәстүрді сақтау, әдет-ғұрыптарды ұмытпау, үлкен мен кіші қарым-қатынасын дұрыс құру және ана тілді құрметтеу. Қалиевтер шаңырағында қазақ отбасына тән тәлім-тәрбиенің бәрі бар. Мұнда әке мен ана рөліне, бала тәрбиесіне айрықша мән берілген.
– Дәстүрлі қазақ қоғамында әке балаға қол көтермеген. Қайта әке наразылығын ұл-қызы, оның қабағы мен көз-қарасынан түйсініп, ығатын болған. Қазақ халқының данышпандылығы соншалық екі-үш ауыз сөзбен ойын дәл жеткізіп отырған.
«Әке – асқар тау, ана – баурайындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деген тамаша тәмсіл бар. Осылайша кереметтей мысалмен аталарымыз отбасындағы тәрбие өзегін көрсетті. Себебі әкесін пана тұтып, ана мейіріміне қанып өскен ұрпақ өнегелі әрі парасат-пайымы жоғары болады.
Мәселен, кейбіреулер қыз бала оқып, білім алуының қажеті жоқ. Ол күйеуге шығып, тұрмыстық шаруамен айналысып, үйде отыруы қажет деп жатады. Өз басым бұл пікірге мүлдем қосылмаймын. Өйткені ер азамат түздің адамы. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп бекер айтылмаса керек. Ол табыс табушы. Ал уақытының көп бөлігін баланың тәрбиесімен айналысатын, сабақ үлгірімін қадағалайтын, ас-мәзірін әзірлейтін, киімінің тазалығын реттейтін әрине әйел ғой. Сондықтан ол сауатсыз болса, келешек ұрпақ қалай білімді болмақ?! Сол себепті менің ізімді жалғайтын балаларымның анасы өзін дамытып, оқу-білімге ұмтылғанын құптаймын. Мамандық бойынша жұмыс істеп, табыс тапқанына да қарсы емеспін. Сауатты ортада өзін жоғалтпай, біліктілігін шыңдап, рухани өссе, балаларға дұрыс бағыт-бағдар бере алады деп сенемін, – дейді Ұлан Қалиев.
Ерлі-зайыптылар Оғлан, Марғұлан, Төрекелді, Бикелді, Жақсыкелді, Ханкелді мен Хантөре және Жанқожа есімді батырларды тәрбиелеуде. Ұланның айтуынша, әр баланың өзіндік ерекшеліктері бар. Дегенмен сабақ үлгерімдері өте жақсы. Мәселен, Оғлан тарих пен математика пәндерін ұнатады екен. Дегенмен арманы – дәрігер болу.
Марғұланның да оқу барысы жаман емес. Алайда ол спортқа бір табан жақын көрінеді. Оның тағы бір қызығушылығы бұзылған және сынған заттарды жөндеп, қалыпқа келтіру. Жақын аралықта оны робототехника үйірмесіне беруді көздеп жүр. Төрекелді он айлығынан әкесінің меншігінде Қарақұмда болды.
– Қазір Төрекелді қолы қалт еткенде ауылдан бірақ шығады. Атасы оны бала кезден атқа мінгізген. Қора-қопсыға араласуға бейімдеген. Төрттүлікті бағумен айналысқан. Келешек одан жақсы мал дәрігері шығатын сияқты.
Бигелді ән-әуезге жақындау, баян аспабында ойнайды. Жақсыкелді де спортқа бейімділігі жоғары. Дегенмен сабақ үлгерімі жағынан үздіктер қатарында болғандықтан әзір спортқа баулуды тежеудемін. Ал кейінгілері – Ханкелді мен Хантөре балабақша жасында болса, Жанқожа әзір кішкентай, – дейді көпбалалы әке.
Сегіз серінің әкесі балаларды тәрбиелеуде қандай әдістерді қолданатынын да жасырмады. Ұлан ұлдары білімді әрі зерек болуы бағытында балалар әдебиетін оқуларына баса назар аударады. Ой түйетін пайдалы контенттерден подкаст тыңдатады. Оны барынша оларға тарқатып, ондағы жеткізілген түйінін түсіндіреді. Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» кітабын оқытады. Ересек балаларын ертіп, аталмыш кітап желісімен түсірілген кино туындысын да көру ниеті бар.
Оның айтуынша, бала тәрбиесіне қазақ құрсақтан бастап мән беру керек. Сәби бойға біткеннен бастап, тәлім-тәрбиесі мол кітаптар оқып, ұлттық ән-күйді тыңдап, тек жақсы сөздер айту қажет.
– Қалыптасқан әдет бойынша шаңырағымда аптасына бір рет ет асылады. Бұлжытпас үрдіс ретінде отбасы мүшелерінің ешқайсысы дастарқаннан ерте тұрып кетпейді. Әр аптаның жұмасында кешке ет асылады. Сосын міндетті түрде бата қайырылып, Құран оқылады. Сондықтан барлығы ас мәзірі аяқталғанға дейін отырады. Осы кезде балаларыммен ұзақтау тіл табысуға мүмкіндік болады. Асықпай олардың болашақ жоспарлары мен қандай мамандықты қалайтынын, қай қалада білімін жалғастырғысы келетінін сұраймын. Шағын шаруашылығымызға қандай қолғабыстың қажеттігін айтып, бос уақыттарында атқаратын тапсырмаларын бөліп беремін. Ер жігіт атқа міне білу керектігін де үйретемін. Іштей біліп тұрған ісіңді білмегенсіп, олардың пікірін білу мақсатында әңгімеге тартамын, – дейді Ұлан Кеңшілікұлы.
Бүгінде Ұлан Қалиев ұстаздық ісімен қатар, бәйгеге ат қосумен айналысады. Қазір меншігінде – Көкүйрек пен Ақжолтай ныспылы жылқылары бар. Көкүйрек алғашқы жүлделерін жеңіп алды. Ал Ақжолтайдың бабын келтіріп, енді бәйгеге қосуды көздеп жүр.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
23 наурыз 2025 ж. 220 0