Өткелдегі арулар

Бүгінде ерлермен қатар нәзікжандылар да ауыр жұмысты еңсеріп келеді. Солардың қатарында Гүлнар Жұмаханова мен Гүлзия Жарылқасынованы ерекше атауға болады. Гүлнар Әбдісахиқызы оңтүстік өткелде тер төксе, Гүлзия Нұрланқызы солтүстік өткелде өз кезекшілігін атқарады.
Гүлнар Әбдісахиқызы теміржолшылар отбасынан десек артық айтқандығымыз емес. Әкесі теміржолдан зейнетке шыққан. Жұбайы Сапақбай да тоғыз тораптың бойында қызмет етті. Бұл күні ұлы Нұржан да шойынжолда жұмыс істейді.
– Жұмысым ауыр болса да, өзіме ұнайды. Өзім қалап таңдаған мамандығым. Қиын сәттерге де кезіккен жағдай да болып жатады. Бірақ сондайда абдырмай, есіңді жиып, тез шешім қабылдауға міндеттісің. Әйтпесе төтенше жағдайдың алдын алу мүмкіндігі болмай қалады. Ондай жәйтты бір мезет басымнан өткеріп, секунд арасында тез шешім қабылдағанымды ұмыта алар емеспін. Жолаушы пойызын жүруге хабарлап қойған кезде бір жеңіл автокөлік тоқтатқаныма қарамай өтіп кетуге әрекет жасағанда жол ортасында бұзылды да қалды. Артта пойыз келе жатыр. Енді не істеймін деп жүгіріп, жол стансасы кезекшісіне ескертіп, қызыл бағдаршамды қосу қажеттігін хабарладым. Лезде қосылған қызыл бағдаршамның жанғанын көрген машинист пойызды тоқтатты. Сол аралықта дереу қимылдап, авто жүргізушілерінің көмегімен жеңіл көлікті жол жиегіне шығардық. Сосын барып, жасыл бағдаршамды қосқызып, халықаралық жолаушылар пойызының жүруіне мүмкіндік болды. Осы абыр-сабыр арасында теміржол желілік полиция қызметкерлері келіп, істің мән-жайына қанықты. Кейін осындай келеңсіздіктер мен түсініспеушіліктерді нақтылау бағытында бейнекамера орнатылды. Бұл күндері заманауи құрылғының арқасында алаңсыз жұмыс істеуге мүмкіндік туды, – дейді өткел кезекшісі Гүлнар Жұмаханова.
Гүлнар Әбдісахиқызының теміржолда қызмет еткеніне де ширек ғасыр болды. Оның әріптесі – Гүлзияның еңбек өтілі аса көп болмағанымен жас болған соң берген тапсырманы жылдам орындайды.
– Өткел кезекшісі пойызды белгіленген жерде әдетте өткел ғимаратында сыртқы рельстер 3 метрден жақын емес қашықтықта, жолға қарап тұрып, басын жартылай бұрып қозғалысқа қарай қарсы алу керек. Пойызды жоларалық немесе іргелес жолда жүргенде қарсы алуға тыйым салынады. Өткелдегі кезекші шлагбауымдарды жауып, оның екі жағындағы жолдың ашықтығына көз жеткізу және пойызды қарсы алу үшін арнайы жерде тұрып белгіленген сигналдарды беру керек, – дейді Гүлзия Жарылқасынова.
Оның айтуынша, жұмысқа кіріскен өткел кезекшісі өткелдің екі жағындағы 50 метр шегінде темір жолды, өткел жабдығының және оның барлық құрылғысының жағдайын, пломбаланатын құрылғыларда пломбалардың болуын, қол сигналдардың болуын және олардың жағдайын тексереді.
Сондай-ақ темір жол өткелінің тазалығын қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен бірге жұмыс орнын тастап кетуіне және басқа адамға қалдыруына тыйым салынады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА