Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу өтті
Бүгін Роза Бағланова атындағы мәдениет орталығында өмірінің өлшеулі бір бөлігін оқ пен оттың ортасында өткізіп, азаматтық борыштарына адалдық танытқан Ауған соғысы ардагерлерімен кездесу шарасы өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Алиев және Ауған соғысына қатысқан қазалылық ардагерлер қатысты. Қатысушылар алдымен жат жерде кеудесін от пен оққа тосып, ұрыста ерлік көрсеткен, кейін бейбіт өмірде қаза тапқан ардагерлерді 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Алиев Ауған соғысы ардагерлерінің ерліктері мен бейбіт жылдардағы еңбектеріне лайықты құрмет көрсету басты парыз екенін атап өтіп, ел намысын қорғап, өзінің конституциялық борышын өтеген жауынгер-интернационалистердің ерлігін ұлықтап, жастардың бойына патриоттық сезімнің қалыптасуына қосқан үлестері үшін ардагерлерді аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапаттап, естелік сыйлықтар табыстады.
Басқосуда Ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектер Одағы «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Айдар Әлиев сөз сөйлеп, ардагерлер өз ұсыныстарын жеткізіп, емін-еркін пікір алмасты. Кездесу соңында мәдениет өнерпаздары ән шырқап, қатысушыларға көңіл-күй сыйлады.
Фото: Қазалы ауданының әкімдігі

Айта кетсек, Ұлы Отан соғысындағы ата-бабаларының көрсеткен өжеттігін, ерлігін қайталай білген Қазақстан жауынгерлері Ауғанстанда да өз азаматтық борыштарын абыроймен атқарды. 1978 жылы сәуір айында Ауғанстанда мемлекеттік төңкеріс болып, оның соңы соғысқа айналды. Бұл қасірет елдің тек өз ішінде ғана емес, сырт мемлекеттердің қатысуымен ұзаққа созылды.
1979 жылы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингенті Ауғанстанға кіріп, 10 жылға жуық соғыс жүргізді. Ауған соғысына Қазақстаннан 22 мың адам қатысып, олардың 924-і сұрапыл соғыста қаза тапса, 21 адам хабарсыз кеткен.
Қазалы ауданы бойынша қан майданға қатысқан 67 жауынгердің 2-і майдан далаларында ерлікпен мерт болса, 10-ы елге оралған соң қайтыс болған. Кейінгі жылдары көпшілігі туған жерден басқа қалаға қоныс аударса, бүгінде олардың 26-сы аудан өміріне етене араласып жүр. Атаулы күнге орай мемлекет тарапынан ауған соғысына қатысқан әрбір азаматқа 196,600 теңгеден бір реттік төлемдер берілсе, ай сайын 23000 теңгеден жәрдемақы беріліп келеді.
#Қазалы
#АуғанСоғысыАрдагерлері
#36Жыл