Гүлдей нәзік, болаттай берік аналар

Еңбек адамы – елдің құты. Енбек адамы – ел мақтанышы. Қажырлы еңбектің арқасында ғана көп мәселені шешіп, мемлекетті дамытамыз, әл-ауқатымызды арттыратымыз. Бүгінгі таңда «Енбек – бәрін жеңбек» тәмсілі қоғамның ұранына айналу үшін де көзқарастық, ақпараттық ықпал ету құралдары арқылы үздіксіз жұмыс жүргізілуде. Әсіресе, қазіргі кезеңде еңбекті бағалау, өз саласының маманы болу, адал қызмет ету – басты назарда. Біз, әрбіріміз қарапайым еңбек адамына кұрмет көрсетуіміз керек. Әр саланың өз қиындығы мен қызығы болады. Кәсібінің шебері болу – әрбір жанның мамандыққа деген үлкен жауапкершілігі. Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған аязында табиғаттың тосын мінезінен тайсалмай, қайнаған еңбектің бел ортасында жүретін еңбек адамының қызметі ерен. Дәл осындай еңбегімен ел алғысына бөленіп, өз ісіне жан-тәнімен беріліп аянбай еңбек етіп жүрген азаматтар арамызда жетерлік. Бұл қатарда нәзікжандылар да бар. Бүгінгі кеш соның айқын дәлелі. «Гүлдей нәзік, болаттай берік» атты облыстық жұмысшы арулар фестивалін өткізуге мұрындық болған Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, «Анаға тағзым» орталығы және «Сыр елі әйелдер кеңесі» қоғамдық ұйымы.
Фестивальдың басты мақсаты – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануына орай, еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, олардың қоғамдағы маңыздылығын көрсету. Облыс орталығындағы «Анаға тағзым» орталығында қорытынды фестивальға іріктеу мақсатында өткізіліп отырған шара еңбек адамының маңыздылығын көрсету – әр саладағы нәзік жандылардың кәсіпқойлығын, қоғамдағы жауапкершілігі мен еңбегін дәріптеу. Фестивальға Жанқожа батыр ауылынан сегіз жылдан бері түйе шаруашылығымен айналысып отырған кәсіпкер келіншек Гүлбану Әлиева, Әйтеке би кентінен кондитер өнімдерін өндіруші Айжан Алимова, Қазалы тепловоз жөндеу заводының кран жүргізушісі Күлпаршын Арыстанбекова, Ақтан батыр ауылынан тігінші Жанбала Айткүл, Қожабақыдан тігінші Күлтай Қошқарбаева, Қазалы қаласынан «Сыр суы» Қазалы филиалында инспектор-бақылаушы Гүлшара Тоқмағамбетова, Мұратбаев ауылынан мал шаруашылығын өркендетіп отырған Гүлсім Бодықова, Жанкент ауылынан механизатор Зибаш Қожақова қатысты.
Шара жүргізушісі алдымен облыстық жұмысшы арулар фестивалінің іріктеу кезеңіне қатысушы әйел-аналарды сахна төріне шақырды. Үш кезеңнен тұратын фестивальда қатысушылар ең бірінші «Мамандығым – мақтанышым» тақырыбы аясында өз мамандықтарын таныстырды. Өзі және атқаратын жұмысы жайлы еркін форматта көрсетті. Әр қатысушыға 3 минут уақыт берілді. «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» атты екінші кезеңде аналар өз бойындағы шығармашылық бағыттағы өнерін сахналады. Бірнешеуі ән айтса, Гүлсім Бодықова «Ене тәрбиесі» биін мың бұрала биледі. Тігінге ебі бары қолөнер бұйымдарын көрсетті. Айжан Алимова нақышына келтіріп, өлең оқыды. Тапқырлар сайысында қатысушылардың білім мен тапқырлығы сынға түсті. Барлығы да мақал-мәтелдің жалғасын дәл тауып, мағынасын талдай білді.
Фестиваль өз мәресіне жеткенде қазылар алқасының мүшелері «Сыр елі» әйелдер кеңесі қоғамдық ұйымының төрайымы Райкүл Байназарова, Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Анаға тағзым» орталығының басшысы Алтынай Молжанова, Мәдениет саласының ардагері Ұлжан Ахметова сахна төріне көтеріліп, қатысушыларға ыстық ықыласын білдірді.
Мемлекет басшысы: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» деп атап өтті. Нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тауып жүрген жұмысшы мамандық иесінің ісі көпке үлгі, өскелең ұрпаққа өнеге. Ауыр еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы қашанда елдің мақтанышы. Оларға деген құрмет шексіз, ізет бөлек. Бүгінгі фестивальға қатысқан барлық әйел-арулар сый-құрметке, көрермен қошеметіне бөленді. Көңілдері марқайып, құшақтары гүлге толды. Шара келген көпшілік орындарынан тұрып, қол соғып, керемет көңіл күй сыйлаған өнерлі аналардың мерейін одан әрі үстем етті.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА