Адал еңбек – адам көркі

Гүлсім Уәйісқызы – «Талды-Аша» шаруа қожалығының басшысы. Жиырма жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында мал өсірумен және бау-бақша өнімдерін өндірумен айналысады. Соңғы жылдары шетелден қарбыз тұқымдарын әкеліп, бау-бақшадан мол өнім алды. Қазіргі таңда мал тұқымын асылдандыруды қолға алған. Жолдасы Жанболат екеуі алты ұл-қыз тәрбиелеуде. Таңның атысы, күннің батысы тынымсыз тірлік ететін нағыз еңбектің адамы Гүлсім Уәйісқызы Қазақстанның «Алтын кітабы», «Қазақстанның үздік тауарлары», «100 үздік тұлға» энциклопедияларына енгізіліп, төсбелгісімен марапатталған. «Еңбек озаты», «Үздік қоғам белсендісі», «Ұлттық тағам» республикалық байқауларының төсбелгілерін иеленген. «Іскер әйел» республикалық байқауының Бас жүлдегері, «Озат бақша өсіруші», «Еңбекқор әйел» номинацияларының иегері.
Гүлсім Уәйісқызы – аяулы жар, ардақты ана. Жүрегі жомарт, пейілі кең келіншек қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Оның өткір сөзі мен ерге бергісіз қайсар мінезі – әйел-аналардың қажет кезінде болаттай берік бола алатындығының дәлелі.
Ол басқаратын шаруа қожалығы бүгінде өркендеп, алға қарыштап қадам басып келеді. Мал өсіру, одан өнімін өндіру оңай шаруа емес. Қыстың қақаған суығы, жаздың аптап ыстығында төрт түліктің бабын тауып, жем-шөбін, қора-жайын қамдап отыру әсте жеңіл жұмыс емес. Одан бөлек бақша баптап, берекетін көру де екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Гүлсім үй шаруасын дөңгелетіп отырған әдемі, нәзіжанды әйелден ат үстінде еркін отырып, шөп шауып, ерлермен бірдей тізе бүге жұмыс жасайтын қайсар келіншекке де айнала алады. Ол жұмыс ердікі, айелдікі деп қол қусырып қарап отыра алмайтындығын үнемі айтады.
– Адам бір орнында тоқтап қалмау керек. Бір істі қолға алсам нәтижеге жетпей, оны одан әрі түрлендірмей қоймаймын. Үнемі «енді не істеуге болады?» деген ой жетегінде жүремін. Мінезімнің тіктігі, қайтпас қайсарлығым осындайда көмегін тигізеді. Алда талай жоспарым бар. Бұйырса, көре жатарсыздар, – деді бүгінгі кейіпкеріміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни, адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады» деп пайымдаған еді.
Шынында да, көзге көрінбейтін, халық арасында өз ісіне адал жандар қаншама?! Олардың да істеп жүргені нағыз еңбек. Тек бір адамдарда ми еңбегі, ой еңбегі басым болса, енді біреулері керісінше физикалық тұрғыдан көп қимылдап, күннің ыстығы мен суығына қарамай еңбек етіп жүреді. Міне, бұл қатарға біздің Гүлсім секілді кәсіпкер келіншекті жатқызуға әбден болады, – дейді Ғ.Мұратбаев ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Базаркүл Жәлімбетова.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА