Медицина саласындағы мардымды іс

Бүгінде Қазалы ауданында халық игілігіне жұмыс жасап тұрған 1 аурухана, 1 аудандық емхана, 17 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт, 13 медпункт бар.
Ал медицина мамандарына келер болсақ, ауданда жалпы алғанда барлығы 165 дәрігер, 765 орта медициналық буын, 440 басқа да қызметкерлер жұмыс жасап келеді.
Оның ішінде өткен жылы 41 дәрігер аурухана есебінен білімдерін жетілдірсе, жалпы дәрігерлерлердің 56 пайызы және орта буын медицина
қызметкерлерінің 52 пайызы біліктілік санатымен қамтылған.

Қазіргі таңда ауданда медицина саласында мамандар тапшылығы мәселе болып отыр. Тарқатып айтар болсақ, Қазалы аудандық орталық ауруханасында 2 акушер-гинеколог дәрігер маманы жетіспейді. Сонымен қатар балалар ЛОР дәрігері, дерматовенеролог, неонатолог, кардиолог және ауылдық жерлерде жалпы тәжірибелі маман жетіспеуіне байланысты зейнет жасына жетіп қызмет жасап келеді.
Десек те, аудандық аурухана тарапынан тапшы дәрігерлердің орнын толықтыру жұмыстары жүргізілуде. Соның нәтижесінде бір травматолог дәрігері жоғары оқу орындарында мекеме есебінен оқытылып жатса, тағы бір интервенциялық кардиолог дәрігері мамандығы бойынша резидетурада білімін жетілдіруде. Жыл басынан «Ана мен бала» денсаулығын жақсарту мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасының жолдамасымен бір акушер-гинеколог дәрігер жолданып, ауруханада бас дәрігердің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары қызметін атқарып отыр.

Жалпы аурушаңдылыққа келетін болсақ, 2024 жылы 55198-ді құраса, 2023 жыл бұл көрсеткіш 56581, яғни 1383 аурушаңдылыққа азайған.
Ауданда амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмысы да жүргізіп жүр. Бұл жайында ауданның бас дәрігері Қадірбек Раманқұлұлы айтып берді.
– ҚР ДСМ-нің Қазақстан Республикасының белгілі бір аурулары бар азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікті амбулаториялық қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы ҚР ДСМ 2021 жылғы 5 тамыздағы №75 бұйрығына сәйкес амбулаториялық деңгейде тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіледі. Ағымдағы жылы тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуде ешқандай қиыншылық болған жоқ, жеткілікті мөлшерде жоспарланып, алынып, таратылды, – деді ол.
Ауданда алыс-жақын елдімекендердегі тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін жылжымалы медициналық кешені жұмыс жасайды. Аталмыш қызмет бойынша 2023 жылы 12 042 тұрғын қаралса, 2024 жылы 12 001 тұрғын қаралған. Жылжымалы медициналық кешенде окулист, эндокринолог, хирург, невропатолог, гинеколог, лор, кардиолог, удз дәрігерлері қабылдау жасап, зертханалық тексерулер жүргізеді.
2019 жылы Қазалы ауданында заманауи технологиямен жабдықталған ангиограф аппараты құрылды. Аталған құрылғының басты ерекшелігі сол, жедел әрі күрделі оталарды жасауда септігін тигізеді. Тіпті құрылғы игілігін көршілер Арал, Қармақшы аудандарының тұрғындарының денсаулық сапасын арттыруға сүбелі үлес қосып келеді.
Құрылғы іске қосылғалы жемісті тәмамдалған оталар саны артып келеді. Мәселен, 2023 жылы барлығы 520 ота жасалса, 2024 жылы 646 ота жасалынып, 126 отаға көбейген.
Жалпы елімізде медицина саласының дамуына баса мән беріліп келеді. 2023-2024 жылдары аймақ басшысының және облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен ауданға 26 жаңа санитарлық автокөлік беріліп, жаңартылды. Осылайша ауданымыздағы санитарлық автокөліктер мәселесі түбегейлі шешімін тапты.
Пациентті қолдау және ішкі аудит қызметі бойынша да жемісті жұмыстар жоқ емес. Арыз-шағымды төмендету мақсатында аудит бөлімі кешенді жоспар жасалып, жоспар негізінде жұмыстар жүргізілуде. Бас дәрігер алға қойылған мақсат-жоспармен де бөлісті.
– «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы негізінде 2025 жылы 42 төсек орнына арналған кардиология және нейроинсульттік бөлімшелерін жаңадан ашу үшін жұмыстар жасалуда. Жоба құны 1 млрд 922 млн теңгені құрап отыр.
Алға қойған міндеттерімізді атап өтер болсам, компьютерлік томография, магниторезонанстық томография медициналық құрылғыларын алу жоспарлануда. Халыққа сапалы медициналық көмек көрсету үшін ангиографиялық күрделі ота түрлерін республикалық орталық мамандарын шақырта отырып, шеберлік класын ұйымдастыру да ойда бар.
«Болат жолы» және «Бекарыстан би» дәрігерлік амбулаториялары бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу. Қазіргі таңда «Болат жолы» дәрігерлік амбулаториясы бойынша 96 миллион 499 мың теңгеге бюджеттік өтінім берілсе, «Бекарыстан би» дәрігерлік амбулаториясы бойынша 88 миллион 696 мың теңгеге бюджеттік өтінім берілген, – деді Қадірбек Раманқұлұлы.
Бұдан бөлек жылжымалы медициналық кешен жұмысын өз деңгейінде жүргізу, ана мен бала және ұрпақты болу жасындағы әйелдердің денсаулығын қорғау жұмыстарын жандандыру, акушерлік-гинекологиялық күрделі ота түрлерін енгізу секілді істерді де оңтайландыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасының жанынан ашылатын инсульт орталығы, кардиологиялық орталығы жұмысын жандандыруды да жүйелі түрде жүргізуді мақсат-міндеті екенін атап өтті.
Серік АҚМЫРЗА