Қазалылық үздік дәрігерге 1 млн теңгенің сертификаты табысталды
Қызылорда қаласында өткен медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов өңірдің үздік 5 дәрігеріне тұрғын үй алуға сертификат табыстады. Жас та болса нейрохирургиялық күрделі оталарды жасап жүрген Қазалы ауданаралық ауруханасының дәрігері Кенесары Баспаев облыс әкімі орынбасарының қолынан 1 млн. теңгенің сертификатын алды.
Мерекелік шарада Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, аймақтың медицина саласын дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
– Денсаулық сақтау саласының қаржысы бір жылдың өзінде облыс әкімінің қолдауымен 7,2%, соның ішінде материалдық-техникалық базасын арттыруға бөлінген қаржы 20,2% өсті. Облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарын заманауи медициналық техникамен жабдықтау 2018-2019 жылдардың өзінде 34,9% өсіп, қамту 79,26% құрап отыр", – деп атап өтті Руслан Рүстемұлы.
Облыстың үздік дәрігерлері құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен, сондай-ақ "Денсаулық сақтау саласын дамытуға қосқан үлесі үшін" және "Денсаулық сақтау ісінің үздігі" төсбелгілерімен марапатталды.
Мерейлі мереке күні Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Гүлжихан Нысанова Қызылорда облысының «Құрмет Грамотасымен» марапатталса, аудандық емхананың балалар дәрігері Әсия Ізтілеуова «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне ие болды.