Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сүрбойдақтарға салық салына ма?

Сүрбойдақтарға салық салына ма?

Соңғы кезде желдей ескен жаңалықтың куәсі сіз де болған шығарсыз? Егер бір басыңыз екеу болмаса, мемлекетке салық төлеуіңіз ғажап емес. «Бойдақ салығын» ұсынған депутат Болат Керімбек кеш үйлену үрдісіне алаңдап отыр. Солай бойдақ салығын төлеуді ұсынды. Бұл жаңалыққа көпшілік қарсылығын білдірді. Әсіресе сүрбойдақтар. Шешім мен кесімнің қалай болары белгісіз. Бірақ жай-жапсарын өзімізше бажайлап көрелік.

Кейде осы бізге бірнәрсе жасау үшін әйтеуір бір себеп керек. Солай емес пе? Мәселен, мешітке бару үшін түнімен бастырылып, қорқынышты түс көру керек. Намазға жығылып, Алланы тану үшін міндетті түрде бір жамандыққа ұшырау керек, жол жабылу керек. Жаңа жобаларды жүзеге асыруың үшін жұмыссыз қалуың керек. Бір дүниеге қосымша керегіңді алу үшін міндетті түрде айлық алуың керек. Тағысын тағы. Ал қазақтың санын көбейту мақсатында – басын екеу ете алмай жүргендерді отбасылы қылу үшін не істеу керек? «Көк көрпені бүлкілдету» идеясын жалпақ жұртқа ұсына-ұсына, тоқал алу түйткілін көтере-көтере Мақаш Тәтімов те бақилық болды. Өмір өзі қызық қой. Бірнеше жылдан соң бұл мәселе қайта көтеріліп, депутат сүрбойдақтарға салық салуды ұсынды.
Сол уақыттары профессор, демограф-ғалым «бойдақ салығын енгізу керек» дегенді баса айтқан еді. Ай сайын салық төлегендер қалтасынан шыққан қаржыны есептеп, салы суға кеткенде ғана ойланып, отбасылы болу жағына шығар ма еді, кім білсін?! Ал ЭКО-ға жүгінген отбасыдан бөлек, кәрі қыздардың сәбиге «заказ» беретінін естіп пе едіңіз? Мүмкін сенбессіз. Бірақ әдемі, бойшаң, көзі көк не қара, ақылды баланы алуы үшін ұрық таңдайтын қыздардың бары жасырын емес. Оларға әрине, өмірлік серіктің қажеті жоқ. Керісінше, бала «жасап», сол баламен өмірін өткізгісі келеді. Өйткені оған күйеу, ата-ене, келіндік өмір қызық емес. Ал ата-анасы қартайғанша үйленуді көздемей, тұрмысымды түзеймін деп қырықтан асып кеткен жігіт ағалары ше? Әрине, әркімде әрқалай. Әркім өз өмірінің қожасы. Алайда қазақта «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген бар. «Кәрі қыздар көп. Бұл дегеніңіз – көтерілмеген шаңырақ, ашылмаған гүл, тумаған сәби» деп еді Мақаш Тәтімов. «Кәрі қыз» тіркесі зерттеушілердің айтуы бойынша оң босағада отырған қыздарға арналған атау. Жалпы намысы бар қыздардың шамына тиетін сөз. Көңіліңді қалдырады. Етек-жеңді жинап, жанына серік іздеуге септігін тигізетін сөз.
Адамзат баласының басты міндеті – отбасын құрып, өмірге ұрпақ әкелу емес пе? Әйтсе де отбасылы атанып, жауапкершілікті мойнына алуға асықпайтындар саны асып тұр. Шаңырақ көтеретін жасқа келген қыз-жігіттердің «үйлену тақырыбына» келгенде айтар уәжі бар. Бірінші кезекте – әлеуметтік жағдай. Барлығының аяққа тұрып, содан кейін шаңырақ көтергісі келеді. Ал нәзікжандылар мансап жолын қуса, ер азаматтар тұрмыстық жағдайды түзеуді ойлайды. Рас, бүгінгінің талабы мен талғамы да ерекше. Мәселен, 17-18 жасында мектеп бітірген қыз-жігіттер 4 жылын жоғары оқу орнына арнайды. Бүгінде білімсіз ешқайда бара алмайсыз. Қалаға келіп оқыған әрбір адам осында тұрақтап жұмыс істеудің қамына кіріседі. Бірі – оқуды магистратураға жалғасам дейді, енді бірінің шетелге шыққысы келеді. Одан соң көлік міну, пәтер алуды көздейді. Осылай жалғаса береді. Материалдық жағдайды түзетемін деп жүргенде уақыттың қалай зырғып өткенін де аңғармай қалады. Мансап қуған кей қыздар ақ босаға аттамай-ақ бала сүйіп жатады. Әрі-беріден соң мұны өзі ұят деп есептемейді. Барлық жағдай жасап алған соң «өзім үшін» деп баланы жалғыз өсіреді.
Қыздар ата-анасы ерте бақилық болып, өзін сол шаңырақтың үлкені екенін ескеріп, бауырларына қамқор болуды көздеп, өз бақытын екінші орынға қойып жатады. Одан соң мансап пен ақшаның соңынан еріп, материалдық жағдайын жақсартып алмайынша ешкіммен бас қосқысы келмейді. «Көң етіктіні менсінбей, көк етікті кездеспей» деген осыған саяды. Емін-еркін болуға да еті үйреніп, өзіне сай деп тапқан жігітке де талаптарын мықтап қояды. Кейбір қыздардың идеалы – әкесі. Әкесінің жақсы қасиеттерін, болашақ жарының бойынан көргісі келетін арулар тобы болса, төртінші жағы әкелерінен көңілінің қалуы себеп болады. Жігіттерден «неге үйленбей жүрсің?» деп сұрасаң, «тәуір қыз жоқ» дейді міз бақпастан. Қыздарға «неге тұрмысқа шықпай жүрсің?» десең, «тәуір жігіт жоқ» дейді тақылдап. Сонда тәуірлер қайда жүр? Сәулімдер бойдақ жігіттердің ұсынысын күтіп жүр ме? Әлде бетін қайтарып, бойдақтықтың да азаймай тұрғаны сол ма? Әлгінде айтқан салықты ойланбастан енгізіп жіберсе, күнделікті темекіге, ішімдікке жұмсар ақша таппай, қысылғаннан жар алса, отырған қыздар көрінген көк аттының етегінен ұстап кетер де еді. Дегенмен жылына бір «Қазақстанды» өмірге әкелетін аспанасты елінде халқын сыйдыра алмай басы қатса, біз ұлан-ғайыр атыраптың иесін көбейте алмай далмыз. Әйтпегенде ше?! «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» деген аталы сөзді ұстаған баталы елдің баласы қалмаған тәрізді.
Жалпы аталған салық Кеңес одағында 1941 жылы 21 қарашада енгізіліпті. Бұл салықты төлеу отбасын құрмағаны және балалы болмағаны үшін 20-50 жас аралығындағы ер азаматтар мен 20-45 жас аралығындағы әйелдерден талап етілетін болған. Олар жалақысының 6 пайызын бойдақ салық ретінде мемлекетке аударатын еді. Айта кетерлігі, айлық табысы 70 сомнан аспайтындар салықтан босатылған. Бір қызығы, денсаулығына байланысты балалы бола алмайтындар, баласы соғыста қаза тауып, не хабарсыз кеткендер бойдақ салығынан босатылған, арнайы орта және жоғары оқу орындарында оқитын 25 жасқа дейінгі азаматтар мен Кеңес одағының Батырлары, әскери қызметтегілер мен олардың отбасына жеңілдіктер тағайындалыпты. Оған қоса бала асырап алғандар да салық төлеген жоқ. Жас отбасыларға бір жылға дейін кешіріммен қараған. Өйткені тойға дейін ішін томпайтып келетін қалыңдықтар ол уақытта болмайтын. Ал бүгін дәстүрге айналды. Салық қолданысқа ене қалса деп қам жасап үлгергендер болар, бәлки?! Халық санын көбейтуді қолға алған игі бастама һәм салық ел басына қиын қыстау келіп, Кеңес одағы ыдыраған 90-жылдардағы тоқырау кезіне дейін үздіксіз алынып келді.
«Бойдақ салығы» біздің кеңестік кезеңде ойлап тапқан жаңалық десеңіз, қателесесіз. Ежелгі Спартада бес баланың әкесі барлық салық түрінен босатылған дейді көне тарих. Ал 1758 жылы АҚШ-тың Мериленд штатында жасы 25-тен асқан үйленбеген ер-азаматтарға дүние-мүлкіне қарай 5-тен 20 шиллин салық төлеуге міндеттейді. Бұл бір жағынан, жылына бюджетке бір миллион фунт стерлингке жуық қаржының түсуін қамтамасыз етсе, екінші жағынан, ресми неке мен бала санының артуына себепкер болса керек. Есесіне, үйленген жігіт жолақы жеңілдігіне, тіпті жұмысқа қабылдануда да бірқатар әлеуметтік жеңілдіктерге ие болған. Грекияда бассейн – байлықтың нышаны саналған соң, оған да қосымша салық төленеді. Ал Авс­трияда қол-аяғы сынып, гипс салынған азаматты тағы да жағымсыз жаңалық күтеді. Бұл елде гипс салығы бар. Әсіресе, бұл салықтың тұзағына туристер көп түсіп жатады екен.
Сананы тұрмыс билеген заманда теңін тауып, сүйіп қосылғандардың өздері босаға беріктігін сақтай алмай, шаңырақтар шайқалуда. Әсіресе, 20-30 жас аралығындағы жас отбасылардың арасында ажырасушылар өте көп. ҚР Статис­тика комитетінің мәліметі бойынша, 20-30 жас аралығындағы жігіттердің саны қыздарға қарағанда басымырақ болып отыр. Яғни елде бір жігітке жеті қыздан келеді екен, бізде кәрі қыздар көп деп айтылып жүрген ақпарат енді теріске айналып, керісінше сүрбойдақтардың саны артып отырғанын статистикалық мәлімет айғақтап отыр. Елімізде 25 жастан жоғары бойдақтар саны 3 миллионнан асып жығылса, 14 пен 29 жас аралығындағы басы бос азаматтар саны 4 миллион 616 мың деген дерек бар. Оның ішінде 2 миллион 337 мыңы ерлер болса, 2 миллион 279 мыңы қыздар. Бір сөзбен айтқанда, елімізде жұпсыз нәзік жандар үлесі 28,2 пайызды құрап, серілік серуені бітпеген жігіттердің 39,6 пайызы әлі бойдақ жүр. Осыдан кейін қазақстандағы демографиялық өсімнің неге баяулап жатқанын пайымдай беріңіз.
Түйін: Жоғарыда айтқандай, бізге бір қадам жасау үшін бір нәрсе себеп болу керек. Бәлкім, «бойдақ салығы» саусағына неке жүзігін тағуға себеп болар? Дегенмен наразылардың көп екені жасырын емес. Олар елдегі айыппұл мен төленер салықтың онсыз да көп екенін айтып, қажет емес дүние деп санайды. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Оны сіз де, біз де білмейміз. Айтпағымыз, бойдақ салығын қайта жаңғыртса салт жүргендер отбасын құруға ынталанып, бойдақтар санын азайтуға сеп болмас па еді, кім білсін?!
ФОТО: my.amari.com

Айнұр ӘЛИ
28 қаңтар 2025 ж. 172 0

Құрылыс қарқыны жоғары

29 қаңтар 2025 ж. 106

Тегін мұз айдыны ашылды

29 қаңтар 2025 ж. 271

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031