«Бойдақ салығы» бағымызды аша ма?
Бізге бір нәрсе жасау үшін себеп қажет. Мәселен, мешітке бару үшін түнімен бастырылып, қорқынышты түс көру керек. Намазға жығылып, Алланы тану үшін міндетті түрде бір жамандыққа ұшырау керек. Құқық қорғау органдарының күшіне мініп, жұмыс істеуі үшін адам шығыны болуы керек. Тағысын тағы. Ал қазақтың санын көбейту мақсатында басын екеу ете алмай жүргендерді отбасылы қылу үшін не істеу керек? «Көк көрпені бүлкілдету» идеясын жалпақ жұртқа ұсына-ұсына, тоқал алу түйткілін көтере-көтере Мақаш Тәтімов те өмірден өтті.
Сол уақыттары профессор, демограф-ғалым «бойдақ салығын енгізу керек» дегенді баса айтқан еді. Ай сайын салық төлегендер қалтасынан шыққан қаржыны есептеп, «салы суға кеткенде» ғана ойланып, отбасылы болу жағына шығар ма еді, кім білсін?! Ал ЭКО-ға жүгінген отбасыдан бөлек, кәрі қыздардың сәбиге «заказ» беретінін естіп пе едіңіз? Мүмкін сенбессіз. Бірақ әдемі, бойшаң, көзі көк не қара, ақылды баланы алуы үшін ұрық таңдайтын қыздардың бары жасырын емес. Оларға өмірлік серіктің қажеті жоқ. Керісінше, бала «жасап», сол баламен өмірін өткізгісі келеді. Өйткені күйеу, ата-ене, келіндік өмір қызық емес. Айта берсең себеп көп. Қош.
Біз жасы егде тартқан қыздарды жазғырғалы жатқан жоқпыз. Әркім өз өмірінің қожасы. Қазақта «Айтпаса сөздің атасы өледі» деген бар. «Кәрі қыздар көп. Бұл дегеніңіз – көтерілмеген шаңырақ, ашылмаған гүл, тумаған сәби» деп еді Мақаш Тәтімов. «Кәрі қыз» тіркесі зерттеушілердің айтуы бойынша, оң босағада отырған қыздарға арналған атау. Намысы бар қыздардың шамына тиетін сөз. Көңіліңді қалдырады. Дегенмен етек-жеңді жинап, жанына серік іздеуге септігін тигізетін сөз. «Сәулімдер» өздерінің отырып қалу себебін түрліше түсіндіріп жатады. Мәселен, қыздар ата-анасы ерте бақилық болып, өзін сол шаңырақтың үлкені ретінде бауырларына қамқор болуды көздеп, өз бақытын екінші орынға қойып жатады. Одан соң мансап пен ақшаның соңынан еріп, материалдық жағдайын жақсартып алмайынша, ешкіммен бас қосқысы келмейді. «Көң етіктіні менсінбей, көк етікті кездеспепті» деген осыған саяды. Емін-еркін болуға да еті үйреніп, өзіне сай деп тапқан жігітке де талаптарын мықтап қояды. Кейбір қыздардың идеалы – әкесі. Әкесінің жақсы қасиеттерін болашақ жарының бойынан көргісі келетін арулар тобы болса, төртінші жағы, әкелерінен көңілінің қалуы себеп болады. Жігіттерден «неге үйленбей жүрсің?» деп сұрасаң, «тәуір қыз жоқ» дейді міз бақпастан. Қыздарға «неге тұрмысқа шықпай жүрсің?» десең, «тәуір жігіт жоқ» дейді. Сонда тәуірлер қайда жүр?
Сәулімдер бойдақ жігіттердің ұсынысын күтіп жүр ме? Әлде бетін қайтарып, бойдақтықтың да азаймай тұрғаны сол ма? Әлгінде айтқан салықты ойланбастан енгізіп жіберсе, күнделікті темекіге, ішімдікке жұмсар ақша таппай, қысылғаннан жар алса, отырған қыздар көрінген көк аттының етегінен ұстап кетер де еді. Дегенмен жылына бір «Қазақстанды» өмірге әкелетін аспанасты елі халқын сыйдыра алмай басы қатса, біз ұланғайыр атыраптың иесін көбейте алмай далмыз. «Бір қозы артық туса, бір түп жусан артық шығады» деген аталы сөзді ұстаған баталы елдің баласы қалмаған тәрізді.
Аталған салық Кеңестер Одағында 1941 жылы 21 қарашада енгізіліпті. Оны төлеу отбасын құрмағаны және балалы болмағаны үшін 20-50 жас аралығындағы ер азаматтар мен 20-45 жас аралығындағы әйелдерден талап етілетін болған. Әрбірі жалақысының 6 процентін бойдақ салығы ретінде мемлекетке аударған. Ал айлық табысы 70 сомнан аспайтындар салықтан босатылған. Бір қызығы, денсаулығына байланысты балалы бола алмайтындар, баласы соғыста қаза тауып, не хабарсыз кеткендер бойдақ салығынан босатылған. Арнайы орта және жоғары оқу орындарында оқитын 25 жасқа дейінгі азаматтар мен Кеңес Одағының Батырлары, әскери қызметтегілер мен олардың отбасына жеңілдіктер тағайындалыпты. Оған қоса бала асырап алғандар да салық төлемеген. Жас отбасыларға бір жылға дейін кешіріммен қараған. Өйткені тойға дейін томпайып келетін қалыңдықтар ол уақытта болмаған. Ал бүгін дәстүрге айналды. Салық қолданысқа ене қалса деп қам жасап үлгергендер болар, бәлки?!
Халық санын көбейтуді қолға алған игі бастама һәм салық ел басына қиын қыстау кез келіп, Кеңес Одағы ыдыраған 90-жылдардағы тоқырау кезіне дейін үздіксіз алынып келген.
Жоғарыда айтқандай, бізге бір қадам жасау үшін бір нәрсе себеп болуы керек. Бәлкім, «бойдақ салығы» саусағына неке жүзігін тағуға себеп болар, кім білсін. Сіз қалай ойлайсыз, қадірлі оқырман?!
Айнұр ӘЛИ