Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Алғысқа бөленген абзал жан

Алғысқа бөленген абзал жан

Әр минут сайын адам өмірін құтқаруға бар күш-жігерін салатын әрі өмір мен өлім үстіндегі адам жанын ажалдан арашалап, дертіне дауа тауып, әрқашан көмек қолын созуға дайын ол ақ халатты абзал жандар болып саналады. Кез келген науқастың қажетті ем алып, аяқтан тұруын басты назарда ұстайтын бұл мамандық иелерінің еңбектері ерен.
Шыр етіп жарық дүние есігін ашқан нәрестеден бастап, еңкейген қартқа дейін ақ халатты дәрігерлер қызметіне жүгінетіні ақиқат. Олардың еңбегін қажетсінбейтіндер күйбең тірлікте кемде-кем. Өз істерінің нағыз шебері бола білген ақ халатты жандар талай адамның жүрегіне үміт отын жағып, өмір гүлін сыйлап келеді. Күнделікті үсті-үстіне ағылып келіп жатқан науқастарға ем-шаралар көрсетуден бөлек, аурухананың өзге де күйкі тірлігіне қарамастан кейіпкеріміз Ерболат Ермекбайұлы әрқашан жайдары мінез танытып жүруден жалыққан емес. «Гиппократ» антын қабылдап, сабырлылық пен салмақтылықты серік еткен оны адам жанының инженері десек жаңылмаймыз. Өзінің сүйікті мамандығына нағыз берілген дәрігер адам денсаулығының сақшысы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Нағыз дәрігер ең алдымен адамгершілігімен, біліктілігімен және кішіпейілділікке толы мейірімділігімен танылып, өзгелерден ерекшеленеді. Бұл теңеулер теміржол ауруханасының дәрігер урологы Ерболат Жасановқа арналып айтылғандай.
Ерболат мұғалімдер отбасында тәрбиеленсе де әке жолын қумады. Оның арманы хирург болу-тын. Бала кездегі қиялын Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина академиясына түсіп, жүзеге асырды. Таңдаған білім ордасында әрбір сабаққа ықыласпен қатысып, оқу орнындағы емдеу ісі факультетін хирургия саласы бойынша тәмамдады. Қызылорда облыстық медициналық орталығында хирургия мамандығы бойынша интернатурада жүріп, алғашқы тәжірибеден өткен соң жолдамамен Қазалыдағы теміржол ауруханасына дәрігер уролог болып орналасты.
Ерболат Ермекбайұлының айтуынша, урология – ерлердің бүйрек, қуық, простатит ауруларын және несеп жолдарындағы тастарды хирургиялық және дәрі-дәрмекпен емдеу саласына жатады.
«Бүгінгі күні еркектер денсаулығының басты мәселесіне айналған простатит суықтан және инфекция жұқтырып алудан да болады. Мұндай дертке бір орында ұзақ отыратын жүргізуші, есепші және басқа да кәсіппен шұғылданатын кісілер жиі шалдығады. Егер азаматтар дер кезінде денсаулығына көңіл бөлмесе, түбі жақсылыққа апармайды. Аталған сырқат семіздікке, қант диабетіне, қан қысымының жоғарылауына, холестерин ауруына, әлсіздік (импотенция), бедеулік пен аденомаға (қуық безі ісігіне) шалдықтырады.
Простатитке 20-60 жас аралығындағылар жиі ұшырайды. Десек те уақыт өткізіп алмай урологқа дер кезінде қаралып, тағайындалған емді дұрыс қабылдағандар одан айыға алады. Негізінде 18-40 жастан асқан ер-азаматтар жылына бір рет урологқа қаралып тұрғандары абзал. Өйткені соңғы бес жылдықта ерлер арасында бедеулік белең алуда. Ер азамат шаңырақ көтеріп, 9 айда әйелі жүкті болмаса дереу урологтың көмегіне жүгіну керек. Қазір ерлердің көбі намыстанып уақытылы дәрігерге көрінбей ем алу мерзімін өткізіп алады. Есесіне олар ұрпақ сүю қабілетінен мүлдем айырылып қалуы ғажап емес», – дейді Ерболат.
Ерболат қосымша дәрігер трансфузиолог қызметін жүргізеді. Оның өз міндетіне деген жауапкершілікті жақсы сезінетінін Қазалы теміржол ауруханасының басшысы Құбыл Ршымбетовтың пікірінен айқын аңғардық.
– Ерболат Жасанов дәрігерлік қызмет жасаған жылдарында апатты жағдайда қажетті көмек көрсете алатын білікті маман ретінде танылды. Емдеу-диагностикалау жұмысында медицинаның соңғы жетістіктерін қолданды. Жұмыс кезінде мейіркештердің анафилактикалық шок, асқазаннан қан кеткен жағдайда алғашқы жедел көмек қалай көрсетілу керек екенін әрдайым үйретуден жалықпайды. Қан тамырына катетер қою, жұлынға, өкпеге пункция жасау, ауыр науқастарға реанимациялық көмек көрсету сынды медициналық манипуляциаларды жетік меңгерген. Науқастарға үлкен ілтипатпен қарайды. Ұжым мен халық арасында беделі жоғары, сауатты маман саналады, – дейді Құбыл Ршымбетов.
Ерболат ауруханада жатқан урологиялық науқастарға өз бетінше ота жасайды. Соның арқасында ересектер мен балалар арасында диспансерлік науқастардың есебі азайып, санитарлық ағарту жұмыстары жақсарған. КАП-ЭЛМ-01 «Андро-Гин» аппаратымен простатиттің барлық түрін: созылмалы везикулит, эрекцияның бұзылысы, ер бедеулігін емдейді.
Бүгінде Ерекең Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының созылмалы бүйрек жетіспеушілігінің науқастарына аптасына төрт сағаттық жоспарлы гемодиализ сеансын жасап, жұртшылықтың алғысына бөленіп жүр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
25 қаңтар 2025 ж. 228 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031