Сапалы өнім сұраныссыз қалмайды
Қазір ебін тауып еңбек ететін заман. Әсіресе кәсіпкерлікке бет бұрғандар қатары уақыт өткен сайын артып келеді. Аталған салаға көрсетілетін қолдаудың нәтижесінде қазалылық қаншама азамат қайтарымсыз қаржыға қол жеткізді. Солардың бірі – ақтанбатырлық Әлібек Нарымбетов. Оған мемлекет тарапынан үш жарым миллион теңге берілген.
Әлібек Сәлімұлының негізгі мамандығы – геолог. Мамандығы бойынша біршама уақыт жұмыс істеген. Бертін келе кәсіпкерлікке бет бұрады. Бұған себеп қолынан көп іс келетіндігі. Бір жұмысты бастаса, аяқсыз қалдырмайтын азамат заман талабына сай жаңаша идеяны жүзеге асырмақ болады. Нәтижесінде қазіргі таңда сұранысқа ие, жиі қолданылып жүрген 3D панель шығаруды мақсат етеді.
Мемлекет берген қайтарымсыз қаржыға арнайы аппарат, құрал-жабдықтар алып, осыдан үш жыл бұрын кәсібін бастап кетті. Бүгінде оның өнімдері көпшілікке етене таныс.
– Бұл бетоннан жасалады. Арнайы сым, химиялық қоспалар қосылады. Әртүрлі формаларға құюға болады. Күн жылыда немесе суықта істеуге болмайды деген талап жоқ. Мезгіл талғамайды. Сұраныс жаман емес, – дейді кәсіпкер Әлібек Сәлімұлы.
Оның айтуынша өнімге сұраныс Қазалыдан басқа өңірлерден де жиі түседі.
– Біраз жерге барып, жұмыс істедік. Станок өзімізбен алып жүруге ыңғайлы. Жуырда Қамбаштан тапсырыс түсті. Сонда жол жүруге дайындалып жатырмыз, – деді бізбен әңгімесінде Әлібек Нарымбетов.
Тетігін тапсаң, табыс келетінін кәсіпкердің тыңғылықты ісінен ұғуға болады. Қол қусырып қарап отыруды жөн санамайтын Әлібек үйренем дейтін жастар болса, білгенін бөлісуге дайын екендігін жеткізді.
– Бұл қазіргі таңда өрлеп тұрған кәсіп. Көп ғимараттар мен тұрғын үйлердің сыртына қолданылып жатыр. Еліміздің үлкен қалаларында өзге ұлт өкілдері осындай панельдерді басып шығарып, кәсібін өрістетіп отыр. Бұның еш қиындығы жоқ. Өзіміздің жастар да істей алады. Сондықтан алға ұмтылып, кәсіп бастағым келеді деген жігіттер болса, мен үйретуден қашпаймын, – дейді кәсіпкер.
Өнімнің ерекшелігі сапасы елу жыл, бояуы он екі жылға дейін сақталады екен. Әсіресе ескі ғимараттарды жаңалауда жиі қолданылады. Түрлі пішінде шығарылатындықтан әдемілігі де көзге ерекше түседі.
– Бетоннан бөлек, гипстен жасалатын түрінде меңгергенмін. Үйреткен шәкірттерім де бар. Қазіргі таңда көбіне олар гипстен жасап жүр. Ол бөлме ішін сәндеуде таптырмас дүние, – деген Әлібек Сәлімұлы алда бұдан бөлек те бірнеше жоспары бар екенін жасырмады.
– Шарбағымнан арнайы цех ашып қойғанмын. Тапсырыс көбейген сәтте бірнеше адамды жұмыспен қамтыдым. Тұтынушының талғамынан шығып, ойындағыдай жұмыс істеу үшін ыждаһаттылық керек. Істің тез бітуімен қатар сапасы сын көтергені дұрыс. Жүрдім-бардым жасай салған жұмыс керемет нәтиже бермейді. Бұл кәсіптің өркендеуіне кері әсерін тигізеді. Сондықтан жас кәсіпкерлерге өнімнің өтімді болғанын қаласаңыз, адалдықтан аттамаған жөн деп кеңес берер едім, – дейді Әлібек Нарымбетов.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА