Шәкірттер шамшырағын жаққан
![](/uploads/posts/2024-12/medium/1734106322_190a2277-964e-404e-93b5-14a4fb6659e3.jpg)
![](/uploads/posts/2024-12/medium/1734106353_470001955_1779181842878236_226547907711164137_n.jpg)
Аталмыш білім ордасын 2023-2024 оқу жылынан бастап, қазіргі таңға дейінгі мектеп директоры Мұхтар Жанқылышұлы Жұбандықов басқарып келеді. Қазіргі таңда мектеп қабырғасында 242 оқушы білім алса, оларды білім нәрімен сусындатып жүрген 52 мұғалім бар. Біліктілігі жоғарғы деңгейдегі педагог зерттеуші мұғалімдер 14 пайызды құраса, педагог-сарапшы мұғалім саны 33%, педагог-модератор 23%, санаты жоқ педқызметкерлер пайызы 30-ды құрайды. Мұнда басқа да, мектеп тазалығына, жарамды қалпына жауапты 38 техникалық қызметкер бар.
![](/uploads/posts/2024-12/medium/1734106384_470190819_1779590722837348_6137191122069406965_n.jpg)
– Бүгінгі таңда білім беру мекемелерінің алдында өз бетінше іздене алатын, өзіне қажетті білімді өз бетінше ала алатын тұлға тәрбиелеу міндеті тұр. Бұл міндетті жүзеге асыруда оқыту технологиялардың алатын орны ерекше. Соның ішінде мультимедия, арнайы жабдықталған физика, химия, биология кабинеттері бар және интербелсенді тақта құрылғылары оқушылардың сапалы білім алуына қызмет етеді.
Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен кіріссеңіз, сөз жоқ, жеңіске жетесіз. Ел өркениеті қашанда жастардың білім деңгейімен өлшенеді. Ендеше, ертеңгі күннің еншісі – бүгінгі жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне тікелей байланысты. Тұғыры биік еліміздің ертеңі бүгінгісінен де жарқын болуы – рухы асқақ, өресі биік, білімді де талантты ұрпақ қолында, – дейді мектеп директоры Мұхтар Жұбандықов.
![](/uploads/posts/2024-12/medium/1734106382_071269ac-79fa-41e6-876e-24d0fec80039.jpg)
Бұл істе мектеп мұғалімдері шыңдаған оқушылар қатары әртүрлі деңгейдегі олимпиада, конкурстарда жүлделі орыннан көрініп келеді. Нақтырақ айтсақ, пәндік олимпиаданың аудандық кезеңінен қазақ тілі және әдебиеті пәнінен 10 сынып оқушысы Әсел Өмірбек үшінші орын алса, дәл осы пән бойынша 11 сынып оқушысы Назерке Сақыбай екінші орынды иеленген. Ал жаратылыстану бағыты бойынша, география пәнінен өткен олимпиадада 11 сынып оқушысы Арнұр Рахматулла екінші орын алса, математикадан 10 сынып оқушысы Айым Сәулет екінші орыннан көрінген. Сонымен қатар информатика пәні бойынша 11 сынып оқушысы Аида Тұрсынбай Алғыс хат алса, құқық пәнінен 11 сынып оқушысы Көркем Асқарқызы, химия бойынша 11 сынып оқушысы Нұрбибі Жеңісқызы Алғыс хат иеленген.
2024-2025 оқу жылында мектеп бойынша жалпы орта мектепті 11 сыныпты 17 білім алушы аяқтайды. Тестілеуге 17 оқушының 15-і өтініш білдіріп, ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып отыр. Орта білім берудің жоғарғы сатысында оқу кезеңінде мемлекеттік білім стандартына сәйкес, оқу жоспарының барлық пәндерден жылдық және қорытынды бағаларының үздік болуына байланысты екі оқушы «Алтын белгі» төсбелгісіне және «Үздік аттестатқа» алдын ала үміткер ретінде ұсынылып отыр.
Мектеп – балалардың, ұстаздар мен ата-аналардың бірлестігі, баланың айналасында сұлулуық, ойын, қиялғажайып пен шығармашылық болатын, рух пен білімнің шеберханасы. Бұл бақытты болуға баулитын ғажап мекен. Ұлы данышпан Әбу Насыр әл Фараби: «Ұстаздар құдды жұрт айтатын, тамшысымен тас тесетін су сияқты» деген. Осы сөзден-ақ ұстаздық жолдың, оның жауапкершілігінің жүгі ауыр екені айдан анық көрсетеді. Ендеше «Ел келешегі ұстаз қолында» деген лепті тұжырыммен қорытындылай келе, өнімді шығармашылықты өрістету жолында өркениет шыңына ілгерілеткен білім ордасына толағай табыс тілейміз.
Серік АҚМЫРЗА