Қазалыда алғашқы қоңырау соғылды
Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қ.Пірімов ауылындағы Қ.Күлетов атындағы №92 орта мектептегі «Мектебім - мейірім мекені» атты салтанатты шараға қатысты.
Аудан басшысы ұлағатты ұстаздарды, ата-аналарды, алғаш мектеп табалдырғын аттаған бүлдіршіндер мен оқушыларды 1 қыркүйек – білім күнімен құттықтап, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.
- Білім күні мерекесінің әрбір адам өмірінде алар орны ерекше. Әсіресе, мектеп табалдырығын тұңғыш аттайтын балғындардың жүрегінде бұл күн мәңгіге сақталады. Бүлдіршіндер үшін бұл сәулелі сәт қана емес, жарқын болашағына жасайтын маңызды қадам.
Биыл Сіздердің киелі шаңырақтарыңыз Қ.Күлетов атындағы №92 орта мектеп күрделі жөндеуден өтіп, қайта жаңарды. Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп құрылысы жүруде. Одан бөлек, «Жайлы мектеп» жобасы шеңберінде Әйтеке би кенті мен Жанқожа батыр ауылынан 2 мектеп салынатын болады.Мұның барлығы мемлекеттің білім саласына жасаған шексіз қамқорлығының арқасында жүзеге асырылып жатыр.
Бала болашағы үшін ұстаздардың алатын орны ерекше. Сондықтан Сіздерді әрі қарай жауапты еңбек ете береді деп сенемін.
Баршаңызды бүгінгі мерекемен тағы да құттықтай отырып, дендеріңізге саулық отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Жаңа оқу жылы құтты болсын, - деген аудан басшысы.
Салтанатты шарада ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлепберген Тілеуқабылұлы мен мектептің ата-аналар комитетінің төрайымы Айнагүл Жалғасбайқызы да сөз сөйлеп, мектеп табалдырығын алғаш аттағалы отырған бүлдіршіндерге лебізін білдірді. Сонымен қатар, ауыл балаларын назардан тыс қалдырмай қолайлы білім алуына жағдай жасап жатқан аймақ басшысына алғыстарын жеткізді.
Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы бастаған қадірлі қонақтар 1 сынып оқушыларына төсбелгі тағып, «Алғашқы қоңырау» рәсіміне куә болды.
Шара соңында бүлдіршіндер аудан әкімі Мұхтар Оразбаевпен естелік суретке түсіп, мектеп табалдырығын аттады.
Айта кетейік, мереке күні аз уақыт ішінде білім ордасының құрылысын аяқтауға белсене атсалысқан мердігер мекеме - «ГрадстройСервис» ЖШС-ның аймақтық директоры мен Қ.Күлетов атындағы №92 мектептің қызметкерлері аудан әкімінің “Алғыс хатымен” марапатталды.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат