Аталар аманатына адал ұйым немесе майдан мистикасы туралы бірер сөз
2025 жылы жер бетіндегі иісі адамзат баласының басына қайғы әкелген Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. Осы қанқұйлы майданда 1 млн 300 мыңнан аса боздағымыз «етігімен қан кешіп», оның 630 мыңы қыршынынан қиылды. 271 мың сарбаз із-түзсіз жоғалып, хабар-ошарсыз кетті. Біз сол соғысты жүйелі түрде зерттеп, ардагерлеріміздің ерен ерлігін тасқа қашай алып отырмыз ба? Архив құжаттарының сарғайған сартап беттері қашан толығымен парақталады?
Ұлттық платформа жасақтау керек
Ресей тарихшылары Екінші дүниежүзілік соғыстың әр күн, әр ай, әр жылын саралап, майдан даласында қан кешкен азаматтардың дәйек-дерегін қалың бұқараға жеткізу жұмысын жүйелі жүргізіп жатыр. Қазір тіпті Ресей Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласында орналасқан Орталық архивіндегі «құпия» деп белгі соғылған құжаттар да ашылып, майданның біз білмейтін сырлары жариялана бастады. Ал бізде ше?
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Екінші дүниежүзілік соғысты жан-жақты зерттеп, шынайы баға берудің маңызы өте зор екенін айтқан еді. Осы орайда сұм соғыс кезінде шейіт кетіп, қайда жерленгені белгісіз сарбаздардың жоқтаушысы болып жүрген «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі жөнінде кеңінен тоқталғымыз келіп отыр. Бұл бірлестік төрағасының орынбасары Әбубәкір Смайыловпен сөйлескенімізде, ұйымның құрылғанына 5 жыл толғанын, ұйым сайтына 2019 жылдан бері 9 мыңнан аса өтініш түскенін, 4 мыңнан аса сарбаздың жерленген жері мен жеке тұлғалары анықталғанын, 19 сарбаздың сүйегін елге әкеліп, әскери құрметпен қайта жерленгенін айтты.
«Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан батырларымыз туралы деректерді іздеу, жинау, қорыту жұмысы әрі қарай жалғаса береді. Қазір елімізде майдангер ата-бабалары туралы дерек іздеуші ұрпақтардың саны 2 млн адамнан асады. Аталары туралы ақпарат іздеген сол 2 млн азаматымызға көмектесетін ұлттық платформа, яғни электронды базамыз жоқ. Бұл жөнінде Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Парламент мінберінен мәселе көтеріп, тіпті аталған ұлттық платформаны қаржыландыруды бюджетке артып қоймай, «Қазақстан халқына», «Самұрық-Қазына» секілді қорлар арқылы жүзеге асыруға болатыны туралы ұсыныс та айтқан еді», дейді Ә.Смайылов.
Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 300 мыңнан аса боздақтың әрқайсысының өз тағдыры бар. Ол тағдырларға жан бітіріп жан-жақты зерттеп, тасқа қашау – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Мәселен, осы мақаланы жазу барысында ресейлік электронды дерекқорлар арқылы туыс атамыз Бейсен Сәркеев туралы мәліметтер іздеп көрдім. Ауылдастар «Бригадир Бейсен» деп атайтын қарапайым ғана қара шал 1944 жылдың 27 желтоқсанында Литвияның Муцениэки деген ауданында болған түнгі шайқаста қарсылас тараптың қатардағы 12 әскері мен 1 офицерін, бір пулемет һәм бір танкті жойып жіберіп, осы ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденін алыпты.
17 жасында өзі сұранып соғысқа аттанған екінші туыс атамыз Анарбек Байтуов 1944 жылдың 20 қыркүйегінде өз өмірін қауіп-қатерге тіге отырып, 16 арба снарядты тиісті жерге аман-есен жеткізіп, 7 жау әскерінің көзін жойып, ол да кеудесіне «Қызыл Жұлдыз» орденін қадапты. Бұл аз болса, Анарбек ата 1945 жылдың 10 ақпаны күні жеке автоматымен 20 жау әскерін жойып, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған.
Бейсен, Анарбек аталарымыз бертінге дейін өмір сүрді. Қазақтың қарапайым қара шалдарының көзсіз батыр болғанын қазіргі ауылдағы ұрпақтары да жете білмейді. Мұндай деректер тек осы екі атамызға ғана тиесілі еместігі тағы анық. Демек, Ә.Смайылов айтқан жауынгерлердің құжаттарын, деректерін зерттеп, жүйелеп арнайы ұлттық порталға жинау қажеттігін осыдан-ақ аңғаруға болатындай.
Жоқшы Айгүл
«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі 2019 жылдан бері 9 мыңнан аса өтініш қабылдап, 4 мың сарбаздың жерленген жері мен жеке тұлғаларын анықтағанын дерек ретінде айттық. Енді осы дерекке аталған қоғамдық ұйымның бір ғана еріктісінің мысалымен жан бітіріп көрсек.
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында тұратын ерікті Айгүл Айтовамен сұхбаттасқанымызда: «2000 жылдардың басында теледидардан «Жди, меня», «Бармысың, бауырым?» деген секілді бағдарламаларды үзбей көруші едім. Тіпті, бірде «Жди, меня» хабарына «Тегін ерікті болуға дайынмын, мені командаларыңызға алсаңыздар» деп Мәскеуге хат та жолдағанмын. Яғни бала кезімнен артында жоқтаушысы жоқ адамдарды іздеуді жаным қалап тұратын», деп бастады әңгімесін.
Белсендінің анасы
Райхан Әділбайқызы
«Анам Райхан Әділбайқызы соғыстан қайтпай қалған әкесін жиі еске алушы еді. Анамның айтуынша, әжеміз «аман-есен оралады» деп ұлын өмір бойы күтіп, жылай-жылай көзі көрмей қалыпты. Осындай әңгімелердің әсері болар, нағашы атам Әділбай Жарлығапов туралы ізденіп, он шақты жыл бұрын біраз мәлімет таптым. Нағашы атам соғысқа қазіргі Жетісу облысының Сарқан ауданына қарасты Шатырбай ауылынан аттанып, Сталинград шайқасына қатысыпты. 1943 жылдың 7 қаңтарында ауыр жарақаттан қаза тапқан. Ресейдің Волгоград облысының Дубовский ауданына қарасты Лозное деген ауылына жерленіпті. Анам нағашы атамнан қалған жалғыз тұяқ еді. Әкесі майданға кеткен кезде қырқынан да шықпаған. Атам туралы деректерді тапқан сәттегі анамның көз жасын көріп, аталарының мәліметтерін іздейтіндерге қолұшын созу керек екенін терең түсіндім. Содан бері дерек іздеген қаншама адамға көмектестім. Осыдан 4 жыл бұрын «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің жұмысымен танысып, аталған ұйымға ерікті ретінде тегін қызмет ете бастадым», дейді А.Айтова.
Жантас атаның аян түсі
Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, хабар-ошарсыз кеткен боздақтарды іздеу үшін кез келген азамат алдымен «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің сайты арқылы өтінім берсе болады. Сіздің өтініміңіз базаға тіркеліп, еріктілер әр сарбазға қатысты мәліметтерді жеке-жеке іздеуді бастайды. Дәл осындай жолмен бірде аталған ұйымға Қызылорда облысының Шиелі ауданында тұратын Жантас Айтуғанов деген ақсақалдан өтінім түскен.
Жантас Айтуғанов атасының фотосымен тұр.
Колпина, бауырластар зираты
Қызылорда облысының тұрғыны Жантас Батырханұлының айтуынша, майданда ізтүзсіз жоғалған кіші әкесі (әкесінің інісі) туралы мәлімет іздеп, ұзақ жылдар бойы сұрау салмаған жері, өтініш жазбаған мекемесі қалмапты. Әскери комиссариаттар мен архивтерге жіберген хаттардан мардымды жауап келмеген. Кіші әкесінің жамбасы жерге тиген қабірді тапсам деген үміті біржола үзіліп, ізденуден әбден беті қайтқан сәтте түс көреді. Түсінде Жантас ата ну жыныс орман ішін аралап жүр екен. Кенет шалғын шөптің арасында тас жатқанын байқайды. Әлгі тасты шөп-шаламнан аршып қалса, майдан даласында шейіт кеткен жауынгерлердің аты жазылыпты. Олардың арасында өзі іздеп жүрген Айтуған Меделхановтың да тегі қашалыпты. Дәл осы сәтте кіші әкесінің елесі көзіне көрініп, «Мені іздесең, алдымен Зубов деген жауынгерді тап» дейді де ғайып болады.
Жантас Батырханұлы аян түстен кейін қайта ізденуді бастап, «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігіне жүгінеді. Бұл жұмысты ұйым Айгүл Айтоваға тапсырады.
«Қолымызда Айтуған Меделхановтың 1941 жылы қарашада Ленинград (Санкт-Петербург) түбінде қайтыс болғаны туралы жалғыз дерек болды. Біз аян түске сүйеніп, Ленинград маңында шейіт кеткен боздақтардың ішінен Зубов деген адамды да іздедік. Зубовты іздеп отырғанда Ленинград маңындағы Колпино атты шағын қалада қаза тауып, бауырластар зиратының жерленген оннан аса қазақтың тізімі шықты. Мен оның бәрін қағазға түсіріп алдым», дейді А.Айтова.
Қысқасын айтқанда, Зубовты іздеу арқылы қызылордалық Жантас ақсақалдың көктен сұрағаны жерден табылып, кіші әкесінің зиратын тапқан. Сүйінші хабарды ести сала Жантас ақсақал Ботагөз атты қызын алып, Ленинград облысына барып, баба рухына тағзым етіп, қабірінің басына туған жерден бір уыс топырақ салып, құран оқытып, жаны жай тауып елге қайтыпты.
О дүниеде табысқан құдалар
А.Айтова аян түстегі Зубовты іздеп отырып тапқан қазақ сарбаздары туралы мәліметтердің бәрін әлеуметтік желілерге жүктеген. Whatsapp топтар арқылы ұрпақтарын іздеп, сауын айтқан. «Бір күні Әлбатыр Жабағыұлы мен Қошқар Құлмағамбетұлы атты майдангерлердің ұрпағы Батыр Төлеубайұлы деген кісі хабарласты», деп жалғады әңгімесін белсенді.
1942 жылдың мамыр айында Әлбатыр Жабағыұлы Қостанай облысының Амангелді ауданына қарасты Жаңатұрмыс ауылынан Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанып, сол жылдың 3 қыркүйегінде Ленинград қаласы маңында шейіт кеткен екен. Ал Қошқар Құлмағамбетұлы да сол жылы, сол күні аталған ауданның Чапай ауылынан әскер қатарына шақырылып, ол да 1942 жылдың 3 қыркүйегінде қаза тауыпты.
Әлбатырдың артында Төлеубай атты 6 жасар ұл, Қошқардың артында бесіктегі Дәріш атты қыз қалған.
1962 жылы әкелерін соғыс жалмаған екі жас отау құрады. Ұзақ жыл бақытты ғұмыр кешіп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырады. Төлеубай ақсақалдың өмір бойы әкесінің зиратын іздеген. Әкесінің һәм қайын атасының қабіріне тәу етіп, құран бағыштауды армандап, Қазақстан Қорғаныс министрлігінен бастап, Ресей Қорғаныс министрлігіне қарасты мекемелердің бәріне хат жазған. Бірақ әкесінің зираты туралы еш мәлімет таппай, өмірден өтеді. Әкесінің арманын орындауды Батыр Төлеубайұлы жалғастырып, ізденуді тоқтатпайды. Сөйтіп жүрген кезде Айгүл Айтованың мәліметіне кезіккен.
Ең қызығы сол, болашақ құдалардың 1942 жылдың 3 қыркүйегінде Ленинград маңында Колпино қаласында дәм-тұзы таусылып, екеуі 34-35 нөмірлі қабірлерге қатар жерленіпті.
«2023 жылы бауырластар зиратында жерленген солдаттардың тізімінен екі атамыздың да аты-жөні қатар шықты. Мұндай таңғажайып оқиға үш ұйықтасаң да түсіңе кірмейді ғой. Анамыз 83 жасында перзенттік парызын өтеп, Ресейдің Санкт-Петергург қаласы маңындағы Колпино ауданының орталығындағы зиратқа барып, құран бағыштап қайтты. Екі атамыздың әруағы риза болсын деп қабірлерінің басына көк тасын қойдық», дейді Батыр Төлеубайұлы.
Аян түс Жантас ақсақалдың кіші әкесі Айтуған Меделхановты ғана емес, қатар жерленген қос құда туралы құпияны ашуға да септігі тиген. Біз бір ғана еріктінің басынан өткен мистикаға толы хикаяны баяндадық. Ал аталарының аманатына адалдық танытып жүрген басқа да белсенділердің тапқан деректері осындай әсерлі боларына шүбә жоқ.
Соғыс өрті қазақ даласын да шарпыған
«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Әбубәкір Смайылов Екінші дүниежүзілік соғыстың өрті еліміздің батысын да шарпығанын тілге тиек етті. Ол Орал өңірі арқылы Сталинград майданына оқ-дәрі, қару-жарақ, дәрі-дәрмек пен жаралыларды таситын эшелондар өткенін, әуе қорғанысы штабтарының деректері Шонғайға – 24, Сайқынға – 36, Жәнібекке 40-қа жуық әуе шабуылы жасалғанын, жау әскерінің сол шабуылдары салдарынан 300-ге жуық бейбіт тұрғын мен әскерилер опат болып, шамамен 250 адам жараланғанын (нақтыланбаған дерек) айтты.
«Атамның аманаты» ұйымы деректеріне қарағанда, соғыс өрті шарпыған қазақ даласында 50 бауырластар зираты бар екен. Өкініштісі, марқұмдар қалай болса солай жерленген. 2020 жылдың қыркүйек айында «Атамның аманаты» ұйымы өз қаражаты есебінен Батыс Қазақстан облысы Бөкей орда ауданында қазба жұмысын жүргізіп, әуе шабуылынан қаза тапқан 17 жауынгердің сүйегін тапқан. Мәйіттерге сараптама жасалып, жауынгерлердің аты-жөндері анықталған. 17 жауынгердің бәрі де – Ресей азаматы. Ұйым қолдағы деректерді Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жіберген.
«Батыс Қазақстан облысына қарасты Бөкей орда ауданында №372 және №365 бекеттері бойында қазба жұмыстарын жүргізіп, толық зерттеп, соғыс өрті шарпыған қазақ даласындағы ақтаңдақ беттерді біржола жабу керек. Бұл жөнінде Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевқа да мәлімдеген едік», дейді Ә.Смайылов.
Бүгінде «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі үш бағыт бойынша кешенді жұмыс істеп жатыр. Бірінші бағыт бойынша ұйым архивтер, түрлі порталдар мен қауымдастықтар арқылы майдангерлер туралы деректерді іздейді.
«Соғыс кезінде құжаттардың дені қолмен толтырылған. Құжатты жазған азаматтардың сауаттылық деңгейіне де сын айта алмайсыз. Яғни, біріншіден, қазақы атауларды қалай естісе, солай жазған. Сол қате жазылған аты-жөндер кімге тиесілі екенін анықтау да қиындық туғызып жатыр. Мысалы, қазақта ат тергеу деген дәстүр бар. Жеңгелері қойған атпен құжаты толтырылған азаматтар бар. Тіпті, Оспанов деген жауынгердің Осиповқа айналып кеткенін де анықтадық», дейді ол.
Екінші бағыт – майдан даласында тікелей қазба жұмыстарын жүргізу. Ұйым еріктілері жыл сайын Калуга облысында өтетін «Батыс майданы. Варшава тасжолы» халықаралық әскери-тарихи экспедициясына қатысады екен. «Атамның аманаты» ұйымының еріктілері былтыр Ақмола облысында жасақталған 387-атқыштар дивизиясы шайқасқан Ульяновск ауданына барып, ескерткіш белгі орнатып қайтыпты. Ұйым осындай қазба жұмыстары нәтижесінде аты-жөні анықталған мүрделерді тізімдеп отырады. Еріктілер марқұмдардың туыстарын тауып, сүйегін елге әкеліп жерлеу ісін де ұйымдастырады. Осыған дейін ұйым 19 майдангердің мәйітін туған жеріне әкеліп, арулап жерлеуге мұрындық болған. Жалпы, Калуга бағытында бес қазақ дивизиясы соғысқанын ескерсек, соғыс даласында үйінді астында қалған қаншама боздақтың дерегі табыларын бағамдай беріңіз.
Үшінші бағыт – майдангерлердің ел ішіндегі туыстарын іздестіру. Ұйым Екінші дүниежүзілік соғыста шейіт кеткендердің дерегін тек Ресей аумағынан емес, бүкіл Еуропа мемлекеттерінен (Сербия, Мажарстан, Германия, Польша, Латвия және тағы басқа елдерді) іздеу қажет екенін айтады.
«Қазақстаннан соғысқа аттанған майдангерлер жеңіс жолымен Берлинге дейін барғаны анық. Тіпті, біразы тұтқынға түсіп, концлагерьлерде қаза тапқан. Сондықтан да із-түзсіз кеткендерді іздеудің ауқымын кеңейте береміз», дейді ұйым белсенділері.
Сүйегі қазіргі Ресей аумағынан сырт мемлекеттерде қалған 20 мыңға жуық отандасымыздың тізімі бар екен. Ұйым сол тізімді облыс-облысқа бөліп, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды бастапты.
«Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігі – Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде із-түзсіз кеткен отандастарымызды жүйелі түрде жоқтап жүрген жалғыз ұйым. Туған жерінен бір уыс топырақ бұйырмай, шейіт кеткен сарбаздарды тауып, бұқара жұмысын ақысыз атқарып жүрген Айгүл Айтова, Мейірхан Нұрхайдарқызы, Фарида Үшкемпірова, Гүлнар Қанафина және Гүлнар Тоқтамысова сияқты белсенділердің әрқайсысына қазақ халқының атынан алғыс айтқымыз келеді. Себебі осы еріктілердің арқасында сұм соғыстың біз білмейтін әлі талай сыры ашылары анық.
Фото: egemen.kz