Ұлын күткен ана
Миллиондарды әкесі мен жарынан, ұлынан айырған Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабы ұмытыла қоймас, сірә. Сол соғысқа аттанған жалғыз ұлын 30 жыл күткен ананың бірі – Сәнді Деңгелбайқызы.
Жалғызын күтіп, сағынышы сартап болған қайран ана 1879 жылы Қызылқоға ауданындағы «қақпақты қара қазан» атауымен белгілі Тайсойған құмында өмірге келген. Туыстарының бірі Орақ Деңгелбаевтың айтуынша, Махамбет есімді азаматқа тұрмысқа шығып, 1907 жылы туған бір ұлын тәрбиелеген. Күйеуі өткен ғасырдағы 20-жылдардың басында өмірден өткен.
Күйеуі қайтыс болғаннан кейін 1930 жылдары ұлын жетелеп, Мақат ауданына қоныс аударған екен. Өйткені мұнда мұнай саласында жұмыс істейтін өзінің туыстары – Ерғали мен Мырзағали тұрған. Нағашыларының қолдауымен ұлы Нәби мұнай кәсіпшілігіне жұмысқа орналасқан. Өзіне тапсырылған жұмысты тиянақты орындайтын Нәби бастапқыда қатардағы жұмысшы, кілтші, жерасты жабдықтарын жөндеу бригадасының операторы болған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда оған мұнайшы ретінде бронь берілген. Алайда орда бұзатын 30 жастың бел ортасына келіп, жалындап тұрған жас жігіт қатарынан қалуды қолайлы көрмеген. Сөйтіп, 1942 жылдың 11 қыркүйегінде өз еркімен майданға аттаныпты.
Тағдырдың жазуы шығар, соғысқа аттанар жылы 35 жасқа толған Нәби үйленіп үлгермеген екен. Майдан даласына жеткен ол Оңтүстік Орал әскери округінде жедел жаттығудан өтіп, жауға қарсы алғашқы ұрысты 1 қарашада Сталинград шайқасында бастаған. Ал 19 қарашада Сталинград облысының Клет ауданындағы Бузинки деревнясының маңында Паулюстың 6-армиясын қоршау, талқандау мақсаты жоспарланған «Уран» операциясы кезінде жоғалып кеткен. Содан бері оның бір дерегі шықпаған. Алайда анасының қолына 1943 жылдың басында «қара қағаз» тиген.
Қай ана баласын өлімге қиюшы еді? Сәнді Деңгелбайқызы да қан майданда хабар-ошарсыз жоғалған жалғыз ұлын 30 жыл күткен. Күн сайын Мақат стансасындағы теміржол вокзалына барады екен. Сөйтіп, 1973 жылдың ортасына дейін әрлі-берлі өткен жолаушылар мен жүк пойыздарын үмітпен қарсы алған. Бірақ бауыр еті – баласын бауырына басып, сағынышын баспақ болған қайран ананың үміті ақталған жоқ.
– Сәнді апамыз 1973 жылы 94 жасында өмірден өтті. Оны емдеген дәрігер «Жүрегі жас сәбидің жүрегіндей таза екен. Ұлын күткен үміті осынша жасқа жеткізген екен ғой» дегенін білеміз, – дейді туыстары.
Өткен жылдың соңында Мақат стансасындағы теміржол вокзалының алдына таяғына сүйеніп, көзін көлегейлеп, ұзын жолға телміре қараған ананың ескерткіші бой көтерді. Боздағын күткен ана ескерткішінің биіктігі –
4 метр. Ескерткішті Жылыой ауданында тұратын мүсінші Серік Мәтениязов жасаған.