Ұрпағы ұмытпайды ер ерлігін
Елу миллионнан астам өмірді жалмаған екінші дүниежүзілік соғыс әр қазақ отбасы үшін де орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан екі миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан 394 мың қазақ жауынгері қайтпай қалды. Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама көкөрім боздақтардың қыршын жасы қиылды. Қауызын ашпай көктей қырқылған жандардың қатарында 10 500-ден аса қазалылық жерлесіміз бар. Отан қорғауға Қазалыдан аттанғандардың бес мыңдайы ғана жаралы әрі науқас күйінде елге оралды. Олардың қатарында Бегайыс Өткелбаев та бар еді.
Жиырма бір жасында өзі туған Қазалы өлкесінен майданға аттанған бозбала Севастополь шайқасына қатысқан. Соғыста жүріп Коммунистік партия қатарына қабылданған. Жан алысып, жан беріскен ұрыс даласында Отан үшін от кешкен Бегайыс Өткелбайұлы ерлігі мен қайсарлығы үшін кеудесіне бірнеше медаль тақты. Екі мәрте «Ерлігі үшін» «Сталинградты қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдары оның Ұлы Отан соғысы кезіндегі іс-әрекетінің дәлелі еді.
Соғыс оты өшіп, бейбіт заман белең алған 1945 жылы елге аман-сау оралған Бегайыс Өткелбайұлы теміржол саласындағы жұмысын жалғастырды. Әскери күзетте құпия жүк таситын вагондарды қарауылдап, мекеменің жолдамасымен жеткізіп беруші болды. Жиырма жыл бір орында адал әрі тиянақты қызмет қылған азамат 25 жыл партия қатарында да қалтқысыз еңбек етті.
1966 жылы ауыр науқастан қаза тапқан Бегайыс Өткелбайұлының артында бір ұлы мен үш қызы қалды. Салмақтың бәрі әйелі Раушанға түсті. Тағдырдың тәлкегіне мойымаған асыл ана төрт баланы жеткізіп, жетілдіріп, ел қатарынан қалдырмаймын деп қайраттанды. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Балаларының барлығына жоғары білім алып берді. Бүгінде бұл фәниден озған ұлдары Іскендір әке жолын қуып, теміржол мамандығында, Ырысгүлі медицина саласында еңбек етті. Бегайыс пен Раушаннан тараған бес баланың Несібелі мен Назігүлі арамызда. Олар сауда саласында жұмыс істеді. Бүгінде зейнеткерлік демалыста. Несібелі Қызылорда қаласында, Назігүл Әйтеке би кентінде тұрады.
Редакциямызға арнайы келіп, әкесі туралы естелігімен бөліскен Несібелі Бегайысқызы:
– Біз бес ағайындымыз. Қалдыгүл бала кезінде өмірден озды. Әкем бақилық болғанда анам төрт баламен қалды. Анам әке-шешеден ерте айырылып, жетімдік көріп өскен жан. Жолдасы қайтыс болған соң бар ауыртпашылық мойнына ілікті. Алайда мойымады. Бірде бар, бірде жоқ өмір сүрдік. Анам бізге әкелеріңнің аманатысыңдар деп ештеңеден кем қылмауға тырысты.
Әкем марқұм өте адал, еңбекқор жан болатын. Сауаттылығы өз алдына. Бала кезімізде нанның қиқымын түсірмей жеуімізді қатаң ескертіп отыратын.
«Ас атасы – нан. Оны ысырап қылып, аяқ асты етпеңдер. Қадірін біліңдер» деп отырушы еді. Анамның ұқыптылығынан болар үйге кіретін азын-аулақ табыспен ел қатарлы өмір сүрдік, – деп ағынан жарылды.
Бүгінде Бегайыс Өткелбаевтан тараған ұл-қыздар өсіп-өніп, балаларына, немерелеріне тәлімді-тәрбие беріп отыр. Ел үшін қан майданда ерлік көрсетіп, бейбіт өмірде де аянбай еңбек еткен аталарының өнегелі өмір жолын өміршең етуді ұрпағы мақсат тұтқан.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА