Келбеті келісті, қадамы жемісті
Аңыз бен ақиқат
Қазалы қаласының іргесі 1853 жылы 16 маусымда қаланды. Орнықты қала болып салынуына генерал-адьютант П.А.Перовскийдің үлесі зор. Ол Сырдария өзені бойымен Ақмешіт қаласына саяхат жасау барысында Қазалы қаласының негізін №1 форт есебінде қалауға ұсыныс жасаған. 1867 жылы №1 форт Қазалы қаласы деген атқа өзгертіліп Россия мен Орталық Азия елдерінің қарым-қатынас орталығына айналды. Бір деректерде «Қазалы» деген сөз қазақтың «Қаза басу» деген сөзінен шыққан деседі. Кейбір жандар «Қаза» деген балықшылардың қамыстан тоқып жасаған балық аулайтын құралының аты дейді. Ел аузында: «Ертеде Байұлының бір тайпасы «Алтын» деген руының «Қазалы» аталығы осы жерге көшіп келген» деген де болжам бар.
Қазалы қаласы 1867 жылдан 1928 жылға дейін уезд орталығы аталған. Бұған қазіргі Қармақшы, Арал аудандарының территориясы кірген. Уезд бастығы полковник Арзамасов болған. Оның шашы ақ болғаннан кейін, жергілікті тұрғындар оны «Ақбас ояз» атаған екен.
1928 жылы сәуірде Қазақстан жеріндегі әкімшілік-аймақтық бөлініске байланысты Қызылорда және Қазалы уездері тарап, бұрынғы екі уездің негізінде Қызылорда округі құрылады. Округтік комитеттің Қазалы және Қызылорда уездерін аудандастыру жөніндегі қаулысы бойынша 1928 жылы 12 мамырда Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Қазалы ауданы құрылып, Қазалы қаласы 1958 жылға дейін аудан орталығы болды. 1958 жылы аудан орталығы Жаңақазалы поселкесіне қазіргі Әйтеке би кенті көшірілді.
Әлеуеттің әлеуметтік ахуалы
Қазалы қаласында бүгінгі күні 2039 отбасында 7450 адам тұрады. Оның 3754-і әйел болса, 3696-сын ер адам құрайды. 2024 жылы Қазалы қаласында орналасқан мекеме және кәсіпкерлік субъектілеріне 66 азамат тұрақты жұмысқа тұрған. Маусымдық және уақытша жұмыспен 111 адам қамтылған. Жастар тәжірибесімен 9, күміс жас жобасымен 3, «Әлеуметтік жұмыс» жобасымен 5 адам жұмысқа алынған.
Қалада кәсіпкер көбейген. Бүгінде барлығы 721 кәсіпкер тіркеліп тұр. Жұмыс жасап тұрғаны 680. Оның ішінде 1 шаруа қожалық, 25 заңды тұлға, 54 сауда нысандары, 26 такси, 7 жолаушылар көлігі халыққа қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, қаланың 310 тұрғыны аудан орталығында және орталық базарда түрлі кәсіппен айналысады. 2024 жылдың 9 айында 241 кәсіпкер тіркелді. Жалпы, кәсіпкерлік саласында 104 адам жұмыспен қамтылған.
Қазалы қаласында «Қызылорда ӨИО» арқылы 2 кәсіпкер 78,5 миллон теңге, КС «Сырдария» ЖШС арқылы 2 кәсіпкер 29,7 миллон теңге, КС «Ауыл» ЖШС арқылы 1 кәсіпкер 19,2 миллион теңге, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 4 кәсіпкер 27,3 миллион теңгеге несие алды. Мансап орталығы арқылы жұмыссыз ретінде тіркелген адамдарға қайтарымсыз грант 19 кәсіпкерге 28,1 миллион теңге берілді.
– 2024 жылдың 9 айы бойынша Қазалы қаласы әкімі аппаратының төртінші деңгейлі бюджетіне байланысты салықтық және салықтық емес түсімдер 54764,0 теңгеге жоспарланды және 55563,0 мың теңге қаржы түсіп, 101,5 пайызға орындалды.
2024 жылдың 9 айы бойынша 231275,0 мың қаржы жоспарланып, орындалуы 231270,1 мың теңгені құрап, 100 пайызға орындалып отыр.
Қазалы қаласы бойынша 22 отбасына 134 адамға 3148,2 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған және тұрғын үй жәрдемақысына өтініш түспеген. Сонымен қатар, қаладағы 37 тұрмысы төмен, жалғызбасты және мүгедек азаматтарға барлығы 990 мың теңгеге жуық қайырымдылық көмек көрсетілді.
Қазалы қаласындағы Ғанибай мешіті жанынан көптің қолдауымен 300 адамдық асхана құрылысы аяқталып, қала тұрғындарының игілігіне берілді, – дейді қала әкімі Қ.Орынбасаров.
Қала келбеті келісті
2024 жылы моноқалаларды дамыту бағдарламасымен Қазалы ауданы, Қазалы қаласының 10 көшесін қайта жаңғырту жобасы аясында Әйтеке би, Хегай Гер Сек, Абай көшелеріне жаяу жүргіншілер жолы салынған. Қазалы қаласындағы автомобиль жолдарының ой шұқырларын жөндеу жұмыстары 4872,0 мың теңгеге жүргізілді. Ү.Түктібаев – Ө.Түркебаев және Ү.Түктібаев – Қорқыт ата көшелер қиылысына 2678,0 мың теңгеге аркалар орнатылды. Қазалы қаласының орталық саябағында ардагерлердің ескерткіш тақталары, орталық саябаққа субұрқақ орнатылды. Орталық алаңды абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілді.
Биыл жергілікті бюджеттен Қазалы қаласының санитарлық тазарту жұмыстарына 11085,0 мың теңге «ALYSER COMPANY» ЖШС тиісті жұмыстар жүргізілуде. Көркейту, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына 3715,6 мың теңге және аяқ су беру жұмыстарына 6990,0 мың теңге қаржы бөлініп жеңімпаз мердігер «Қазалы келбеті – 2019» АӨК тиісті жұмыстар атқаруда. Сонымен қатар қаланың санитарлық тазарту жұмыстарына Қазалы ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен 56 адам ақылы қоғамдық жұмысшы негізінде жұмысқа алынды.
Үстіміздегі жылдың 2 наурызында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында жалпы халықтық ағаш егу шарасын өткізу мақсатында Қазалы қаласынан Ақтан батыр ауылына шыға беріс жолының жиегінен ашылған 0,75 гектар жер учаскесіндегі «Жасыл белдеуге», мекеме аулаларына және көшелердің бойына қаладағы мекеме, кәсіпорындармен бірлесіп, 2420 дана тал көшеті мен қаламшалар отырғызылды. Бұған қоса көше бойындағы түнгі жарықшам бағаналарын, бағдаршам тұғырларын, алаңдар мен саябақтардың темір қоршауларын, орындықтарын және аялдамаларды сырлау, тал ағаштарының түптері мен жол жиегіндегі бордюрлерді ақтау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар биыл 1Д315-50 маркалы 3 дана электрлі аяқ су насосы сатып алынды.
Өткен жылы Қазалы қаласының көше бойы мен саябақтардағы тал ағаштарына және тұрғындардың үй іргелік бақшалық жерлеріне аяқ су беру кестесіне өзгерістер енгізіліп, қаланың батыс беткейінде орналасқан СНП-500/10 маркалы насос арқылы 10 күнде 4 рет, оңтүстік шығыс жақ беткейінде орналасқан СНП-500/10 маркалы насос арқылы 10 күнде 3 рет және солтүстік беткейінен арнайы жылжымалы насоспен 10 күнде 3 рет аяқ су беру қолға алынып, кестеге сай берілді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА