Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қала көркі – тазалық

Қала көркі – тазалық

Қазалы қаласының іргесі 1853 жылы 16 маусымда қаланды. Орнықты қала болып салынуына генерал-адьютант П.А.Перовскийдің үлесі зор. Ол Сырдария өзені бойымен Ақмешіт қаласына саяхат жасау барысында Қазалы қаласының негізін №1 форт есебінде қалауға ұсыныс жасаған. 1867 жылы №1 форт Қазалы қаласы деген атқа өзгертіліп Россия мен Орталық Азия елдерінің қарым-қатынас орталығына айналды. Бір деректерде «Қазалы» деген сөз қазақтың «Каза басу» деген сөзінен шыққан деседі. Кейбір жандар «Каза» деген балықшылардың қамыстан тоқып жасаған балық аулайтын құралының аты дейді. Ел аузында: «Ертеде Байұлының бір тайпасы «Алтын» деген руының «Қазалы» аталығы осы жерге көшіп келген» деген де болжам бар.

Қазалы қаласы 1867 жылдан 1928 жылға дейін уезд орталығы аталған. Бұған қазіргі Қармақшы, Арал аудандарының территориясы кірген. Уезд бастығы полковник Арзамасов болған. Оның шашы ақ болғаннан кейін, жергілікті тұрғындар оны «Ақбас ояз» атаған екен.
1928 жылы сәуірде Қазақстан жеріндегі әкімшілік-аймақтық бөлініске байланысты Қызылорда және Қазалы уездері тарап, бұрынғы екі уездің негізінде Қызылорда округі құрылады. Округтік комитеттің Қазалы және Қызылорда уездерін аудандастыру жөніндегі қаулысы бойынша 1928 жылы 12 мамырда Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Қазалы ауданы құрылып, Қазалы қаласы 1958 жылға дейін аудан орталығы болды. 1958 жылы аудан орталығы Жаңақазалы поселкесіне қазіргі Әйтеке би кенті көшірілді.
Қазір Қазалы қаласында 7450 мың адам тұрады. Жұмыспен қамтылған халық саны – 3847, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар – 1336 адам. Қаладағы 49 көшенің 41-і асфальт қабатты, 2-уі гравийленген, 6-уы топырақ қабатты. 32 көше аяқсумен қамтылған. 26 көше жарықтандырылған. Тұрғын үйлер 90 пайыз газбен қамтылған. Қалада үш мектеп, бір спорт мектебі, мәдениет үйі, бір колледж, екі кітапхана, екі балабақша,1 шағын орталық, 1 медициналық мекеме бар. Бұдан бөлек Қазалы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі, Қазалы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы, Қазалы аудандық ветеринариялық зертханасы, «Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейі», «Қазалысушар» өндірістік учаскесі, «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығы, Метеостанция, Республикалык орман селекциялық тұқым өсіру орталығы» РМҚК-ны оңтүстік-батыс аймақ филиалы, Қазалы қаласының жас­тар ресурстық орталығы орналасқан.
Тіркелген шағын кәсіпкерлік субъектілері саны – 794. Оның 25-і заңды, 768-і жеке тұлға болса, 1-уі шаруа қожалық. 34 азық-түлік дүкені, құрылыс заттар дүкені, екі мейрамхана, бір шайхана, екі дәріхана, бір монша, екі көлік жуу орны, үш ТЖО, екі жанар-жағар май бекеті, бір газ құю бекеті халыққа қызмет көрсетеді.
Өткен жылы Қазалыда біршама жұмыстар атқарылып, қала жаңарып қалды.«Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру» бағдарламасы аясында 13 көшеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Б.Қосаев көшесі бойынан шағын спорт алаңы пайдалануға берілді. М.Ерлепесов көшесіндегі шағын спорт алаңына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазалы қаласының 9 көшесіне тротуар салу жұмыстарының жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізу жұмыстары жүргізілді. Қаланың санитарлық-тазалығын қамтамасыз ету күн тәртібінен түспейтін мәселе. Арықтарға аяқ су беру жұмыстары да жүйелі жүргізіліп келеді.
Сонымен қатар субсидияланған жұмыс орындарын ұйымдастыру бойынша аудандық «Мансап» орталығы арқылы 112 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 12 адам жастар практикасына және 6 адам «Әлеуметтік жұмыс» жобасымен жұмыспен қамтылған.
Ал 2024 жылы «Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру» бағдарламасы аясында Қазалы қаласындағы Ж.Бакишев, М.Рахашұлы, Әйтеке би, Т.Сегізов, Хегай Гер Сек, Ш.Уалиханов, Ы.Жахаев, М.Ерелепесов, Ж.Жабаев, Е.Қожаназаров көшелеріне қайта жаңғыту жұмыстары жүргізіледі. Аталған бағдарлама аясында тоғызкөшеге тротуар салынбақ. Қаладағы электр желілері де жаңартылады. Қазалы қаласын аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында 10 миллион теңге тұратын 1Д315-50 маркалы 3 дана электрлі аяқ су насосы алынып, орнату жұмыстары жүргізілуде.
– Орталық алаңды абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, қаржысы шешіліп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жарияланды. Алдағы уақытта орталық алаң көркейіп, әр аптаның соңында түрлі мәдени-көпшілік іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде балаларға арналған батут қойылып, кешкілік тұрғындар мен қала қонақтарының серуендеуіне ыңғайлы жағдай жасалуда, – дейді қала әкімі Қайрақбай Орынбасаров.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
29 маусым 2024 ж. 165 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031