G20: Аштық пен кедейлікке қарсы жаһандық альянс құрылады
Рио-де-Жанейрода «үлкен жиырмалық» (G20) елдерінің саммиті аяқталды. Оған қатысушылар әлемдегі аштыққа қарсы Альянс құрып, қорытынды коммюникеде Украина мен Таяу Шығыстағы бейбітшілікке шақырды.
Екі күнге созылған саммитте Бразилия төрағалығын аяқтап, Оңтүстік Африка Республикасына эстафетаны ресми түрде тапсырды. Форумда негізінен кедейлік пен теңсіздікке қарсы күрес, энергетикалық ауысу, сондай-ақ жаһандық халықаралық институттарды (БҰҰ, ХВҚ және ДСҰ) реформалау мәселелері талқыланды. Іс-шараға барлығы 42 ел қатысты, G20-ның тұрақты мүшелерінен басқа Ангола, Боливия, Мысыр, БАӘ, Малайзия және Вьетнам өкілдері шақырылған. Биыл Ресей делегациясын Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Қытай делегациясын Си Цзиньпин басқарды. Бразилияға АҚШ президенті Джо Байден, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер, Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Олаф Шольц, Түркия президенті Реджеп Тайип Ердоған және Еурокомиссияның басшысы Урсула фон дер Лейен келді.
Саммит қорытындысы бойынша көшбасшылар 85 тармақтан тұратын Бірлескен коммюникеге қол қойды, екеуі Украина мен Таяу Шығыстағы қақтығыстарға арналған. Қатысушы елдердің барлығы да 2015 жылы БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі конференциясының (COP28) қорытындылары бойынша әзірленген БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына, Париж келісіміне сәйкес таза және қолжетімді энергетикаға көшуді жеделдетуге міндет алды. Алайда құжатта қазба отынынан бас тарту жоспарлары туралы айтылмайды. Негізі халықаралық институттардың реформаларына арналған қорытынды коммюнике бөліміндегі мәселелер көбіне БРИКС ұсыныстарымен сәйкес келеді дейді Bloomberg сарапшылары. G20 көшбасшылары Африка, Латын Америкасы және Азия елдерін қосып, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтуге шақырды. Олар сондай-ақ мемлекеттер арасындағы дауларды шешудің тиімді жұмыс істейтін жүйесін құру мақсатында ДСҰ-ны реформалауға ұсыныс білдірді.
Саммит аясында Бразилияның бастамасымен аштық пен кедейлікке қарсы жаһандық альянс құрылатын болды. Форумның ашылуында Бразилия президенті Лула да Силва, БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының деректеріне сілтеме жасай отырып, 2024 жылы әлемде 733 миллион адам аштық пен кедейлікте өмір сүріп жатқанын атап өтті.
«Аштық пен кедейлік тапшылықтан немесе табиғи құбылыстардан туындамайды, бұл – адамзаттың едәуір бөлігін оқшаулауға итермелейтін саяси шешімдердің нәтижесі. Біз бұл апатты тоқтатуымыз керек», деді Бразилия басшысы. G20-ның барлық тұрақты мүшесі, сондай-ақ 26 халықаралық ұйымдарды қосқанда 81 ел бұл ұсынысты бірден мақұлдаған.
Бразилиялық «Folha de S.Paulo» баспасөзінің мәліметінше, саммит қарсаңында АҚШ пен оның одақтастарының өкілдері декларация жобасына Ресейдің Украинадағы әрекеттерін айыптайтын тармақтарды қосуды талап еткен, ал жаһандық Оңтүстік елдерінің кейбір қатысушылары Израильдің Газадағы әрекеттерін сынаған ережелерді қосуға шақырған. Таяу Шығыстағы қақтығысқа арналған ережеде G20 басшылары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің №2735 қарарының талаптарына сәйкес Газа секторында, сондай-ақ Ливанда атысты тоқтатуды бірауыздан қолдайтынын атап өткен. Декларация мәтінінде «палестиналықтардың өзін-өзі анықтау құқығы» және «екі мемлекет» қағидаты бойынша жанжалды шешуге деген ұмтылысы енгізілген. Топ жетекшілері Газа секторындағы гуманитарлық жағдайға және Ливандағы қақтығысқа қатты алаңдаушылық білдіріп, аймаққа гуманитарлық көмекті кеңейтуге шақырды. Сонымен қатар коммюникеде қақтығыстарға байланысты барлық мемлекет БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарына сәйкес әрекет етуі керек. Атап айтқанда, кез келген мемлекеттің егемендігін немесе саяси тәуелсіздігін бұзатын әрекеттерден аулақ болу керектігі айтылады.
Ал қорытынды коммюникеде Украинадағы қақтығысқа қатысты бір тармақ қана енгізілген. Қытай басшысы Си Цзиньпин G20 басшыларын Украинадағы қақтығысты бәсеңдетуге көмек қолын созуға шақырды.
«Үлкен жиырмалық» БҰҰ мен оның Қауіпсіздік Кеңесін, атап айтқанда, дағдарыстарды бейбіт жолмен шешуге ықпал ететін барлық күш-жігерін қолдауға тиіс», деді ҚХР төрағасы.
G20 саммиті қарсаңында «Folha de S.Paulo»-ға жарияланған мақаласында Си Цзиньпин Бразилияның Украинаны реттеу бастамасын халықаралық қауымдастық оң бағалап, қолдағанын еске салды. Украинаның өзі G20-ға кірмейді, ал Бразилия тарапы Владимир Зеленскийді саммитке шақырған жоқ.