Жаңа жеңілдіктер: борышкерлер мен коллекторларға қатысты не өзгерді?
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов
Қазақстанда 2024 жылғы 1 қазаннан бастап коллекторлық агенттіктердің жұмысына қатысты жаңа ереже күшіне енді. Бұл өзгеріс қарыз алушылардың құқығын қорғауға бағытталған. Борышкерлерге берілетін жаңа жеңілдіктер туралы Massaget.kz адвокат Альбина Бахтиярқызы түсіндіріп берді.
Енді қарызды өтеу шарттарын өзгертуге болады
"Бұрын коллекторлар борышкерлерге тек қарызын қайтаруды талап ететін. Енді олар міндетті түрде қарызды реттеу жолдарын ұсынуы керек", - дейді заңгер Альбина Бахтиярқызы.
Біріншіден, коллекторлар борышкерге қарызды өтеу шарттарын өзгертуге болатынын хабарлауға міндетті. Бұған ескі қарыздар үшін - 20 күн, жаңа қарыздар үшін - 30 күн беріледі.
"Ең бастысы - борышкерлер енді кез келген уақытта өтініш бере алады. Бұрын мұндай мүмкіндік тек 30 күнмен шектелетін", - деп түсіндірді заңгер.
Жаңа шарттар борышкерлерге қандай мүмкіндік береді?
Жаңа ереже бойынша коллекторлар борышкерлерге бірнеше жеңілдік жасай алады:
Айыппұлдарды азайту немесе толық жою;
Қарызды ішінара немесе толық кешіру;
Төлем мерзімін ұзарту.
Өтініште борышкер қарыз бойынша өз міндеттемелерін орындай алмауының себебін көрсетуге әрі сөзін растайтын құжаттарды тіркеуге міндетті.
"Оған қоса, егер коллекторлар ұсынылған мәліметтер мен құжаттарды толық емес деп тапса, борышкердің қосымша мәлімет жинауға уақыты болады. Бұған 5 жұмыс күні беріледі, ал коллекторлық агенттіктің өзі 10 жұмыс күні ішінде қосымша ақпаратты талап етуге құқылы. Осы мерзімнен кейін коллекторлар ештеңе сұрауға құқылы емес. Бірақ талап бойынша құжаттарды белгіленген мерзімде ұсынбау борышкердің өтініші қараусыз қалуына негіз болуы мүмкін", - деп түсіндірді адвокат.
Өтініш берген борышкер 15 күн ішінде жауап алады. Коллекторлар үш түрлі шешімнің бірін қабылдайды: не борышкердің ұсынысымен келіседі, не өз ұсыныстарын жасайды немесе бас тартады.
Коллектор борышкерге тиімді шарттарды ұсынуы тиіс
Жаңа ережелерге сәйкес коллекторлық агенттік міндеттемелердің шарттарын біржақты түрде борышкер үшін тиімді болатындай өзгертуге құқылы. Мәселен:
айыппұлдарды, өсімпұлдарды және комиссияларды азайту немесе жою;
қарызды немесе пайыздарды толық немесе ішінара кешіру;
негізгі қарыз бен пайыздар бойынша кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу.
Егер коллекторлар жақсартылған шарттарды қолдану туралы шешім қабылдаса, бұл туралы борышкерге хабарлауға міндетті. Өз кезегінде борышкер хабарлама алғаннан кейін 14 күн ішінде коллекторлық агенттікке тиісті өтініш жазып, шарттарды өзгертуден бас тартуға құқылы. Егер коллекторлар жеңілдік ұсынса, борышкер 14 күн ішінде бұдан бас тарта алады. Сондай-ақ қосымша құжат тапсыру қажет болса, оған 5 жұмыс күні беріледі.
Коллекторлық агенттіктер әртүрлі борышкерлер санаттары үшін қажетті құжаттар тізімін және қарызды жеңілдету шараларын өздерінің ресми веб-сайттарында жариялауға міндетті. Бұл әсіресе ресми жұмыссыздар мен әлеуметтік осал топтарға қатысты маңызды. Әрбір санат үшін құжаттардың нақты тізімі мен қарыз жүктемесін азайту шаралары көрсетілуі тиіс. Бұл коллекторлардың борышкерлермен жұмысын жүйелеу және ашық болуын қамтамасыз ету үшін қажетті шара.
Коллекторлардың құқығы
Көп адам коллекторларды сот орындаушыларымен шатастырады. Маман олардың айырмашылығын анықтап алған жөн деп есептейді.
"Осы тұста коллектордың банктік шотты бұғаттауға, борышкердің мүлкін тізімдеуді және тыйым салуды жүргізуге, атқарушылық іс жүргізу шеңберінде осы мүлікті сатуға құқығы жоқ. Бұл жеке сот орындаушыларының құзыреті", - деп түсіндірді Альбина Бахтиярқызы.
Айта кетейік, бұған дейін коллекторлардың құқығы қандай екені хабарланған болатын.