Қазақстанда 542 шақырым жылу желілері жөнделді
Фото: t.me/KZgovernmentЭнергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов Үкімет отырысында республикада электр стансалары мен жылу желілерін жөндеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ол электр стансаларында кестеге сәйкес 8 энергия блогында, 51 қазандықта және 38 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталғанын хабарлады. 2 энергия блогында, 4 қазандықта және 7 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталу кезеңінде.
Электр желілерінде 20,7 мың шақырым электр беру желілері, 384 қосалқы станса және 4 054 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы стансалар жөнделді. 542 шақырым жылу желілері жөнделді.
Жылыту кезеңіне дайындық және алдағы жылыту маусымында тұтынушыларды энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру үшін Энергетика министрлігі бірқатар шаралар қабылдады: электр энергиясына шекті тарифтер түзетілді, электр қуаты нарығында шекті тариф ұлғайтылды, сондай-ақ қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті ұлғайтылды.
2024 жылы қабылданған шаралар жөндеу жұмыстарын қаржыландыруды өткен жылдың деңгейінен 44%-ға арттырып, 327 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді, — деді Ерлан Ақкенженов.
Сондай-ақ вице-министр энергия көздерінің отын қоймаларында 5,6 млн тонна көмір және 97 мың тонна мазут жинақталғанын хабарлады, бұл нормативке сәйкес келеді.