Қазақ күресінен республикалық турнир басталды
№19 Арал ОРМБЖМ-нің спорт залында қазақ әдебиетінің алыбы, Қазақстанның Еңбек ері, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойына орай облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен, «Аралтұз» АҚ-ның демеушілігімен қазақ күресінен республикалық турнир өтіп жатыр. Тартысты доданың ашылу салатанатында облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов сөз алып, сыр спортының жарқын жетістіктеріне тоқталып өтті:Мұнан соң «Аралтұз» АҚ зауыт директоры Д.Рахымбаев пен Ә.Нұрпейісовтің немере інісі Ә.Сламбаевтар қатысушыларға сәттілік тілеп, Әбенің 100 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Турнир барысында палуандар 6 салмақ дәрежесі бойынша белдесетін болады. Бұдан бөлек түй палуан сайысы бойынша да еліміздің әр аймағынан келген апайтөс алыптар өзара бақ сынасатын болады. Боз кілемде Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда қаласы, Жаңақорған ауданы,
Шиелі ауданы, Сырдария ауданы, Жалағаш ауданы, Байқоңыр қаласы, Қармақшы ауданы, Қазалы ауданы, Арал ауданы командаларының палуандары өзара белдесетін болады.Жазушының әдеби мұрасы мен қазақ күресінің арасындағы үйлесім де кездейсоқ емес. Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақ халқының рухы мен батырлығын, отансүйгіштігін өз шығармаларында терең бейнелеген, ал қазақ күресі — халқымыздың күш-жігерін, еркіндігін және ерлік дәстүрін көрсететін ұлы спорт түрі.Бұл турнирде жастар арасынан шыққан талантты палуандар өз күштерін сынап, қазақ күресінің асыл мұрасын сақтап қалуға үлес қосуда. Олардың арасынан болашақ чемпиондар мен еліміздің намысын халықаралық аренада қорғайтын мықты спортшылар шығарына сенім мол.













