Классикалық шахматтан Қызылорда облысы әкімінің I ашық кубогы басталды

Қызылорда облысынан 70-ке жуық шахматшы сынға түспек. Үш кезеңдік жарыстың А секциясы халықаралық норма бойынша өтеді.
Ал, В секциясына Швейцария жүйесі бойынша эло рейтингінен жоғары емес шахматшылар қатысады. С секциясы мемлекеттік және бюджет саласы қызметкерлері үшін блиц-турнир түрінде ұйымдастырылады.Кубоктың ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов арнайы қатысып, аймақ басшысының құттықтауын жеткізді. Саланың даму қарқыны мен әлемдік ареналарда ел намысын қорғаған спортшылардың жетістігіне тоқталды.
– Өздеріңіз білетіндей, облыс әкімінің тікелей бастамасымен дене шынықтыру және спорт саласын дамыту мақсатында Сыр өңірінде биыл 15 спорт кешенінің құрылысы жүргізілсе, оның 9-ы спортсүйер қауымның игілігіне табысталды. Өңірде заманауи үлгіде жасақталған тағы бірнеше спорт кешені ашылатын болады. Шахмат – ойлау қабілетін дамытатын спорт түрі. Осыған орай, бүгін классикалық шахматтан Қызылорда облысы әкімінің І ашық кубогы ұйымдастырылуда. Нағыз үздіктер анықталатын сайыстың жоғары деңгейде өтетініне сенімдімін. Жеңісті күндеріміз көп болсын!, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Іс-шарада Қазақстан Шахмат федерациясының вице-президенті Алексей Бобенко сөз сөйлеп, спортшыларға сәттілік тіледі.Айта кетейік, бүгінде облыста 16 314, оның ішінде ауылдарда 7 189 адам шахматпен тұрақты айналысады, 365 жаттықтырушы жас шахматшыларға ойынның қыр-сырын үйретуде.
Фото:freepik.com