1414-тен хабарлама: полиция қазақстандықтарға тағы да ескерту жасады
Фото: tengrinews.kz
Соңғы кездері Қазақстанда алаяқтық жағдайлары жиілеп кетті. Алаяқтар адамдардың деректері мен ақшасын иемдену үшін өздерін әртүрлі ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырады, - деп хабарлайды Massaget.kz Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.
Алаяқтар адамдардың сеніміне кіріп, жедел әрекет етуді талап ететін бірнеше түрлі схемаларды қолданады.
"Ең кең таралған алаяқтық әдістердің бірі - азаматтарға пошта қызметінің курьерлері, медициналық мекемелердің дәрігерлері немесе энергетикалық компания қызметкерлерінің атынан қоңырау шалу. Сондай-ақ басқа да түрлі мекемелердің қызметкерлері ретінде көрініп, адамдарға шұғыл шешім қабылдау қажеттілігін айту арқылы алдауды мақсат етеді. Мұндай жағдайларда алаяқтар қызмет көрсету процесін растау үшін азаматтан 1414 нөмірінен келген SMS хабарламаның кодын жазып жіберуді сұрайды. Алайда бұл код іс жүзінде жәбірленушінің банктік шотына қол жеткізу үшін қаржылық операцияларды растауға арналған", - дейді Павлодар облысы полиция департаменті киберқылмыспен күрес бөлімінің бастығы Ризабек Жанат.
Келесі кезеңде жәбірленушіге "банктің қауіпсіздік қызметкерлері" хабарласып, біреудің оның атына несие рәсімдеуге тырысып жатқанын айтады. Өз қаражатын қорғау үшін алаяқтар "қауіпсіз" әдіс ретінде жәбірленушіге несиені өзі рәсімдеуді және ақшаны арнайы "қауіпсіз" шотқа аударуды ұсынады.
"Нәтижесінде, жәбірленуші алаяқтардың алдын ала белгісіз шоттарына қаражат аударуға итермелеп, үлкен қаржылық шығынға ұшырайды. Полиция азаматтарды жеке мәліметтерді бөтендерге бермеуге, SMS арқылы келген кодтарды ешкімге хабарламауға, күмәнді адамдармен сөйлесуден аулақ болуға және кез келген күдік туындаған жағдайда дереу банкке немесе құқық қорғау органдарына хабарласуға шақырады", - дейді Ризабек Жанат.
Есіңізде болсын, банктер мен ресми мекемелердің қызметкерлері сізден ешқашан кіру кодтарын талап етпейді және шұғыл түрде әрекет етуіңізді сұрамайды.