Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әділдіктің алдаспаны – Әйтеке

Әділдіктің алдаспаны – Әйтеке

Тарихшылар ұзақ уақыт Әйтеке бабамызды «үш жүздің биінің кішісі» деген қате пікір қалыптастырды. Тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш мәселеге маңыз беріп, алғаш пікір білдірген Әбіш Кекілбаев болды. Жазушы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында мынандай жайды жеткізді.
Қазақ тарихында ойып орын алатын Төле би Ташкент қаласында, Қазыбек би Түркістанда жерленген, ал айыр тілді Әйтеке би бабамыздың осы уақытқа дейін нақты туған жылы белгісіз, дүниеден өткен жылы белгісіз, мәңгілік орын тапқан жері белгісіз. Соған қарағанда, ол қазақ халқы душар болған алапат қасірет Ақтабан-Шұбырынды, Алакөл-Сұламаға дейін о дүниелік болса керек деген тұжырымын айтқан ол дәйектемеге нәубеттен кейін қазақ халқы жан жаққа үдере көшіп, басымен қайғы болып жүрген кезде баба есімі, жерленген жері ел жадынан шыға бастауы мүмкін дегенді келтіреді.
Алайда Әйтеке бабамыздың асыл сүйегін бабасы Сейітқұл жерленген Нұратадағы қазақ, өзбек, қарақалпақ қорымынан іздеген дұрыс деп пікір білдірді. Осы тұжырым арқасында Өзбекстан Республикасы, Новаи облысы, Нұрата ауданындағы құлауға келген Сейітқұл баба кесенесі анықталды. Сейітқұл бабасының айналасынан Әйтеке би мүрдесін іздеу бойынша Қазақстанның белгілі Карл Байпахов бастаған археологтары мен тарихшы ғалымдардың қатысуыменен жедел жұмыс қолға алынды. Қазба жұмыстары жүргізілу нәтижесінде Әйтеке би мүрдесі табылып, бас сүйегі қазып алынып, Герасимов атындағы зерханаға зерттеу үшін жіберілді. Тексеріс қорытындысымен тарихи тұлғаның 1644 жылы туылып, 1700 жылы 56 жасында қайтыс болғаны ғылыми түрде дәлелденді. Баба туралы алғашқы жаңалық үлкен сенсацияға айналды.
Сонымен бірге бұл тұжырымды Қожа­берген жыраудың Ақтабан-Шұбы­рынды, Алакөл-Сұлама қасіретіне арналып жазылған «Елім-ай» дастанындағы наубетке дейін сұмдықтың боларын болжап, 56 жасында Әйтеке дүниеден өткен деген жолдарына сәйкес келгені де нақтылай түсті. Осылайша Әйтекенің Қазыбек биден де, Төле биден де жасының үлкен екендігі айқын болды.
Бабамыздың бас сүйегі негізінде алғаш рет 56 жасындағы Әйтекенің нағыз бейнесін беретін суреті салынды. Бұл сурет «Ана тілі» газетінде жарияланды. Сурет негізінде Қазақстанда алғаш рет Арал қаласында Әйтеке бидің ескерткіші салынды. Бұған дейін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, Астана қаласындағы жоғарғы сот ғимаратының жанында қазақтың үш биіне ескерткіш орнатылған-ды. Сол ескерткіште Төле бидің сақалы ұзын, Қазыбек бидің сақалы орташа, ең қысқа сақал Әйтекенікі. Осыған байланысты түрлі жиындарда, бұқаралық ақпарат құралдарында айтып та, жазып та жүрген болатынмын. Соңғы жылдары Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентіндегі аудандық әкімшілік ғимаратының алаңына баба жасына сәйкес келетін алып ескерткіш тұғырына қонды.
Республикалық «Жалаңтөс Баһадүр» қоры Қазақстан тарихына өзгеріс енгізіп, бабамыз туралы шынайы тарихи ақпараттарды мектеп оқулықтарына қайта жариялап өзгертуге ұсыныс жасап жүрміз. Болашақта Әйтеке би бабамыздың ескерткіштері Қазақстанның кез келген жерінде салынаса, бабамыздың бас сүйегі, қазақ әдебиетінде жарияланған суреті басшылыққа алыну керек.
Әділдік алдаспанының туғанына 309 жыл толғаннан кейін қазақ кәсіпкерлерінің, зиялы азаматтарының қолдауыменен Әйтеке би мен бабалары жерленген Нұратада Сейітқұл әулие-Әйтеке би мемориалдық кешені, мұражай, мешіт, тілеухана салынып, ол жерленген қорым түгел қоршалып, абаттандырылып ұрпақтарының зиярат етуіне мүмкіндік жасалды.
Нұратадағы баба кешеніне жыл сайын ұрпақтары барып, дұға оқып, тәу етуі дәстүрге айналып келеді. Өткен жылы 5-9 мамыр аралығында Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Өзбекстан мен Қарақалпақстанда тұратын баба ұрпақтары Әйтеке би Байбекұлының 379 жылдығын атап өтіп, ғылыми конференция ұйымдастырылып, ас берді. Бабамыздың 380 жылдығын жоғары деңгейде жұмыла атқаруға уағдаластық.
Биыл мамыр айында, Өзбекстан Республикасы Новаи облысы әкімдігінің ұйымдастыруыменен, қос мемлекеттің елшілік қызметкерлерінің қатысуыменен, 380 жылдық айтулы датаның бірнеше күнге созылған мерекелік шарасы халықаралық дәрежеде, кең көлемде аталып өтті.
Жалаңтөс Баһадүр, Әйтеке би бабаларымыз Өзбекстан жерінде мәңгілік мекенін тапқан. Осыған орай өзімнің саналы ғұмырымда өзім атсалысқан елдің есінде қалатын екі жағдайды еске салғым келеді.
Алғашқысы, Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазалы ауданы әкімі қызметінде жүргенімде, жергілікті жұртпен бірлесіп, ауданын орталығына Әйтеке би кенті атын беру мәселесін көтердік. Халық қалауы орындалып, бастамааммыз нәтижелі болды. Бұрын Жаңа Қазалы поселькесі аталатын мекен республикалық ономастикалық комиссиямен мақұлдамасымен жаңа, тарихи атауға ие болды.
Бұл мәселеге сол кездегі премьер министрдің орынбасары, Республикалық ономастикалық комиссияның төрағасы Иманғали Тасмағамбетовке арнайы кірге­німізде, ол кісі Ақтөбе облысынан ұсыныс келіп, бұрынғы Қарабұтақ ауданы Әйтеке би ауданы болып аталғалы жатқанын, екі ауданның атын өзгерту қиындау болатынын айтты. Содан соң, аудан орталығында қанша адам тұратынын сұрады. Біз ауданда 90 мыңдай, орталығында 50 мыңдай халық тұратынын, өзге де дәйектерді жеткіздік. Иманғали Нұрғалиұлы Әйтеке бидің атын аудан орталығына берген оңтайлы болатынын мақұлдады.
Қазалы ауданы орталығындағы бұрынғы темір жол вокзалынан басталатын, аудан орталығын екіге бөліп жатқан ең ұзын көше Ленин көшесі еді. Соны Әйтеке би көшесі деп өзгертуге күш салдық. Вокзал маңындағы Ленин ескерткішінің орнына, Қазақстандағы ең алғашқылардың бірі болып, Әйтеке би бабамыздың ескерткіші орнатылды.
Мұнан кейін Арал ауданында да ұлт мақтанышының есімін халықтың жадында қалдыру мақсатында біршама жұмыстар қолға алынды. Арал қаласының орталығынан Тәуелсіздік алаңы салынып, алаңның орталығынан Әйтеке би бастаған 11 бидің, Сартай батыр бастаған 11 батырдың, Нұртуған жырау бастаған Сыр елінен шыққан 11 шайырдың, есімі жазылған ескерткіш орнатылды. Әйтеке, Нұртуған, Сартай бабаларымыз жерленген киелі жерлерден топырақ әкелініп, ескерткіштер тұғырына қойылды.
Мұхтар Құл-Мұхаммед облыс әкімі болып тұрған кезде, Арал қаласында Сейітқұл әулие-Әйтеке би мемориалдық кешенін салу туралы ұсыныс көтерілді. Оның жобасын жасау Домалақ Ана, Абай-Шәкәрім, Бәйдібек Би кешендерін салған Республикаға белгілі сәулетші Сайын Мұратбековке тапсырылған. Алайда түрлі жағдайларға байланысты жоба аяқсыз қалды. Арада біраз уақыт өткеннен кейін бабалар ұрпақтары қолдауының нәтижесінде, бұл кешен Сейітқұл Әулие мен Әйтеке бидің мәңгілік орын тепкен жерінде Нұр Атада бой көтерді.
Қазақ халқының абыройы мен айбарына айналған Жалаңтөс Баһадүр мен Әйтеке биді халыққа насихаттау жұмыстары кеңінен жүргізіліп келеді. Әйтеке би кентіндегі Қазақстанның аудан орталықтарының ешбірінде жоқ сәулетті Әйтеке би мен Жалаңтөс Баһадүрдің ескерткіші қазақ халқының бірлігі мен тұтастығының символындай болып, ұрпақтарына тыныштық пен бейбітшілік тілеп тұрғандай сезіледі.

Нажмадин МҰСАБЕВ,
Республикалық Жалаңтөс қорының президенті, мемлекет, қоғам қайраткері, Қызылорда қаласының,
Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандарының құрметті азаматы
15 қазан 2024 ж. 64 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 52

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930