ІІМ көлік жүргізушілеріне үндеу жолдады
Фото: gov.kz
Ішкі істер министрлігі ауа райының нашарлауына байланысты жолаушыларға үндеу жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ішкі істер министрлігі ауа райының нашарлауына байланысты жолаушыларға үндеу жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ІІМ МӘЛІМДЕМЕСІ
Құрметті жол жүрісіне қатысушылар! Күздің басталуымен ұсақ жол-көлік оқиғаларының болу қаупі артады. Ауа райының өзгеруі жол жүрісіне қатысушылар үшін қолайсыздық тудырады. Жаңбыр көрінуді азайтып, дөңгелектердің сырғанауына әкелуі мүмкін. Жиналған судың кесірінен асфальттағы кедір-бұдырлар мен шұңқырлар көрінбей, жол қауіпсіздігіне кері әсерін тигізеді. Осыған байланысты жүргізушілерді мұқият болуға шақырамыз. Қараңғы уақытта жарық құрылғыларының дұрыстығын қадағалап, жарықтандырылған жолдарды таңдаңыз. Кенеттен кедергілер пайда болған кезде тоқтауға мүмкіндік беретін жылдамдықты таңдаңыз. Күзде температураның өзгеруіне байланысты жолда, әсіресе көпірлер мен өткелдерде мұз пайда болуы мүмкін. Жолға баса назар аударыңыз, көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланбаңыз және көлік басқарудан алаңдататын әрекеттерден аулақ болыңыз.
ПОЛИЦЕЙЛЕР КӨМЕКТЕСЕДІ
ІІМ жол жүрісі қағидаларын, жылдамдық режимін және қашықтықты сақтауды, жылдам жүріс пен басып озудан аулақ болуды, жаяу жүргіншілерді назардан тыс қалдырмай, айналадағы жол жағдайын бақылауда ұстауды еске салды.
Автокөлік иелеріне ауа-райының өзгеруін мұқият қадағалап, нашарлаған жағдайда елді мекендерден тыс жерлерге шығуды шектеу ұсынылады. Жаяу жүргіншілер ауа-райының қолайсыздығымен автокөліктің тез тоқтай алмайтынын есте ұстауы керек. Көшеден өтпес бұрын сізге жол бергеніне көз жеткізіңіз, содан кейін ғана жүрісті жалғастырыңыз. Ішкі істер органдарының жеке құрамына қиын жағдайға тап болғандардың барлығына көмек көрсету тапсырылды. Баршаңызға қауіпсіз жол тілейміз! – деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.
Еске сала кетейік, Жетісу облысы Текелі қаласында жол-көлік апаты болып, салдарынан үш адам қаза тауып, тағы үш адам түрлі жарақат алған болатын.