Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Аталы сөзді арзандатып алдық па?

Аталы сөзді арзандатып алдық па?

«Әуелі сөз жаралды» дейтін жолдар бар Інжілде. Сөздің өмір сүру дағдасында алар орны орасан. Абайдың «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» дейтіні оның парқының өркениет өлшемінен өріс беретінін ұқтырып тұр. Бүгінгідей жаһандану мен ақпараттандыру заманында сөздің салмағын жеңілдетіп алмадық па?

Өгей болған өгей тілдер

Тіл – ойдың айшықты бейнесі. Ал оны жеткізу құралы – сөз. Сөздің қарым-қатынастық қызметі қазір сиреді. Қарқынды әлеуметтік дүмпу тасқынында тасада қалған табиғи құнарға көңіл аудару бірте-бірте саябырсығандай.
Уақыт ағымына ілесу қажеттілік һәм талап. Алайда адам бойындағы қабілетті игермеудің де қиындыққа ұшырататынын қазір ғалымдар зерттеп-зерделеді.
Халқымызда «Айтылмаса, сөз жетім» деген нақыл бар. Пайдаланылмай, қолданылмаса істен шығу материалдық ғана емес, рухани дүниеге де тән құбылыс. Олай болмаса, қаншама дін мен ғылымның бастауы болған санскрит тілін қазір өзге тұрмақ, өз ұрпақтары түсінбейді. Қолданыстан шыққан, санаулы ескерткіш, жазбаларда қалған тілдердің «өлі тілдер» деген ғылыми атауы бар. Сорақысы сол, олардың саны 300-ден асқан. Дүниежүзі лингвистері әлем жұртының төрттен бірі 1000 сөйлеушіге, тең жартысы 10 000 қолданушыға азайғанын айтуда. Яки ана тілім деп есептейтіндер саны 1000 адамнан аспаған жағдайда, жақын арадағы 50 жылда бұл тілдердің жойылу қаупі бар.
Қолданыстағы тілдің құлдырауына басты себеп – басқыншылық. Әр елдің сөйленісіндегі кірме сөздер жауалаған не отарлаған елдер арқылы енетінінен көпшілік хабардар. Ал бүгінгідей ақпараттық шабуыл шапшыған шақта қандай тіл де жұтылу қауіпінде тұрғанын саны аз халықтардың барлығы ескеруі керек.

Мұғалімнің өзінде мін бар

«Немерем бірінші сыныпта оқиды. Ортақ чаттары бар екен. Әке-шешесі жұмысқа кететіндіктен, бала тәрбиесімен айналысып отырған мені ата-анасы ретінде сол топқа қосып қойды.
«Саламатсыздарма ата аналар балдар бугин сабакка дым дайындалмаган булай болмайды жагдайларыныз келсе репетиторга беринздер болмаса косымша сабак откизем шыгар» деген хабарлама келді. Шошып кеттім. Мен қарапайым сауда саласында жұмыс істеген адаммын. «Не тыныс белгі жоқ, не шылау жоқ... Не деген жазу мынау?» деп. Кейбір сөздерінің әріп қатесін жөндеп жаздым. Қолданыстағы сөзді қалай болса, солай жаза салады. Ал алған марапат-мақтауы жеткілікті.
Бірде болмаған соң, ызам келіп: «Айналайын, елді дұрыстау үшін, алдымен өзің дұрысталуың керек. Жоғарғы білімі жоқ менің өзім қатеңді көріп отырамын. Жас адамсың, кітап оқып, біліміңді толықтырсайшы», – деп едім, ол ұялудың орнына: «Апа, қазір уақыт жоқ, солай жаза береміз», – демесі бар ма? Сол күннен бастап баламмен өзім айналыса бастадым. Қазір сауаты жаман емес, бірақ әлі сөздік қоры тым аз. Кітап оқытуға дағдыландырып жүрмін», – дейді Гүлжамал Алдоңғарова.
Мұғалім маманның сөзінде «жан» бар. Ғаламтор қолданушылары «базар жоқ, бро», «батан», «құлақтан тебу», «чики», «зависать ету», «игнорға тығу», «подписчиктерім» сынды қойыртпақ сөздерді белсенді қолданады. Оларға тоқтау салатын да, түзететін де үлкендер жоқ. «Тәйт» дегеннен тайсалмайтын буын өздерінің тілдерін заманауи, трендттегі үрдіске ілесуге санайды. Ауызекі тіл жазба тілдің грамматикасы мен емлелеріне де өз қатерін төндіруде. Бұл қарқыннан танбасақ, болашақта жазу тілі маманы деген қызмет қажеттігі туындары хақ.

Сөзге «қонақ» берген


Қазақта «сөзге қонақ берді» деген тұрақты тіркес бар. Бұл тілім өзімдікі деп көрінген нәрсені көку емес, зерделі ойға құлақ асу, ден қою қажеттігі туралы тұжырым. Небір түйінді дауды тыйымды бір ауыз сөзбен шешкен бабаларымыз «Сөз қадірі – өз қадірің» деп құрметтеген.
Соңында «Таяқ еттен өтеді, Сөз сүйектен өтеді», «Сөздің басы бір пышақ, аяғы бір құшақ», «Ауыр істің салмағы білекке түсер, Ащы сөздің салмағы жүрекке түсер» деген тәмсіл қалдырған жұртымыз берген серттен аттауды адамдыққа жат қылық санаған.
Қазір адамдар арасында сөз тасу, қайыра сөйлеу, мұқату, бетіне басу, соңын байыптамай айта салу жағдайлары жиі кездеседі. Бетбақтырмауды батырлыққа балап, «түймедейді түйедей етіп» түйрегіштер көп.


Жақсы сөз – жарым ырыс

«Көңіл көңілден су ішеді» десе, көңілге күйді көшіретін көпір – сөз.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» дейтін халқымыз аузынан артық сөз шығармауға тырысқан. Әгәрәки шыға қалса, «тіліме шиқан шықсын», «сөзімді қайтып алдым» деп тез тәубеге келген. Ұлағатты ұл-қыз өсіріп отырған үлкендер сөзінің кесірі ұрпағына тиеді дер тіліне тоқтау сала білген. Тіпті «тұқымың жайылғыр!» деп қарғаудың өзінде үлкен үміт бар.
Тақырып туралы жазып жатып алпысты алқымдаған Мәделі апаның сөзі ойыма оралды.
«Әкем ажырасқан туысымызға қарсы шығып, абыройымызға сын, «оны ату керек» дегенді айтып отырғанында, әжем: «Астапыралла, айтпа, құрысын, айтпа», – дегені әлі есімде. Кейін менің некем сәтсіз болды. Сонда әкемнің артық сөзіне жауап пе екен деген ойда қаламын. Тағы бір жағдай, көршіміз қызына досының шешесінің міні туралы үнемі айта беретін. Сондай жай қызының басына келді. Табалағаным емес, әр сөзге абай болу керек, қарағым», – деді әңгімесінде.


Сөйлеу шеберлігі – сенімділік алғышарты

Бүгінгі таңда өмірін өзгертуге, өзін жаңа қырынан тануға ұмтылғандар көп. Олардың табан тірейтіндері психолог, коучтар әртүрлі діни наным-сенімдер орындары. Ал олардың сыйқырлы құралдары – сөз.
«Сөз материяға айналады» дейтін мұндай мамандар дүние сөзден тұратынына өзін де, өзгені де сендіреді. Осы жолда ізденеді, жетіледі, жиған ілімін санаға ұялатады. Оны төл таным да жоққа шығармайды. «Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас» деп жақсы адамдардан жағымды пікір, бәтуалы ой алуға құмар болған.
Өзін жақсы сөз айту арқылы жақсы ойға сендіріп, арманына қол жеткізгендер мысалынан көз сүрінеді. Бабаларымыздың «аманат», «үміт», «күнә», «қате» деген тыйымдары да сан жыл ойы балаларын тура жолдын тайдырмай келіп еді.
Нарықтық қоғамда сөйлеу шеберлігі – білімділік алғышартына баланады. Бойында білімі жоқ адамның сөйлеу шеберлігі де қалыптаспайды. Сондай-ақ өз-өзіне сенімді адамның да сөзі нық, қадамы қарышты болады. Бұл жағдайлар сөздің коммунакативтік, атауыштық, эстетикалық қызметі барын аңғартып, адам баласының өзгеден дәрежесін анықтататын қасиетке ие екенін ұқтырады.
Құранның бір аятында «Әй, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар да, дұрыс сөз сөйлеңдер» делінсе, Пайғамбарымыз Мұхаммед с.ғ.с «Кімде-кім Алла Тағалаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» деген хадисте сөздің дәрежесін айтқан. Сондай –ақ сөз тасу – үлкен күнә екендігі жеткізілген.
Қандай жаңалық жарық көріп, даму деңгейі жоғарыласа да, сөздің орнын, құнын, күшін ешқандай дүние алмастыра алмайды. Отбасында бір дастарқан басына жиналмайтын жағдай, бір-біріне сыр айтуға секемденетін сыралғы, кейлікпейтін көрші, жаттай сезінетін жақындардың жақындығынан сөйлесу алшақтаған. Осындайда адам баласына біткен байлықтың құнын құнттамай, алар азығымызды азайтып жүрген жоқпыз ба деген ойда қаласың.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА
13 қазан 2024 ж. 90 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 60

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930