Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Өмірі – өнеге, еңбегі – үлгі

Өмірі – өнеге, еңбегі – үлгі

Шаңырақтың шаттығын сақтап, бірлігін бекем етуде қарттардың орны қашанда бөлек. Олардың әрбір айтқан ақылы жас ұрпақтың өсіп-өркендеуіне мол үлесін тигізеді. Қазақ «Қарттар – үйдің қазынасы» деп ерекше құрмет көрсетіп, қадір тұтқан. Елімізде қарт адамдарға деген ықылас жыл сайын артып, мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін көмектің көлемі де ұлғайып келеді. Ардагерлер мен қарттарға қамқорлық көрсету, оларды қолдау ұрпақ парызы.
Ұрпақтар сабақтастығы жарасыммен сақталса елдің берекесі де, мерекесі де таусылмасы анық. Бейбіт заманның қадірін білетін қадірлілеріміздің ақылы – дария, өмірі – өнеге. 1 қазан аузы дуалы, аталы сөз айтатын баталы қариялардың, ақ жаулықты әжелердің мерекесі. Осы орайда зейнет жасына жетсе де қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген қарттарымызға газет бетін арнауды жөн көрдік.

Әзілхан ҮМБЕТОВ, батагөй
Батада қасиет бар
Әзілхан атаны бұған дейін бірнеше мәрте батагөйлер сайысынан кезіктірдім. Тағылымды әңгімелерін айтып, тарихтан сыр шерткен көнекөз қарияның сөзшеңдігі тәнті етті. Ақ тілектің тиегін ағытқан батагөй ақсақалдың сөз саптауы бөлек екен. Тағылымды болмысымен есте қалған қариямен қарттар мерекесі қарсаңында жолықтық. Бұл жолы да батагөйлер сайысынан келе жатыр екен. Қолында «бас жүлде» иегері деген арнайы дипломы болды. Құттықтап, өзі туралы аз-кем ақпарат айтуын өтіндік.
– Айналайын, қырық жыл ұстаз болған адаммын. Арал ауданына қарасты Октябрь ауылдық кеңесінде дүниеге келдім. Сонда төрт кластық білім алдым. Сольтрестегі он жылдық мектепті тәмамдап, Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы педагогикалық институттан жоғары білім алдым. Қарапайым интернат тәрбиешісінен мұғалім, мектеп директорының орынбасары, директоры қызметтеріне көтерілдім. 1990 жылы облыстық мұғалімдердің V слетіне делегат ретінде қатыстым. 1990-1992 жылдары Арықбалық ауылдық кеңесінде депутат болдым. Уақытында талай мәрте мақтау қағаздар мен алғыс хаттар алдық. Зейнет жасына шыққаннан кейін бата жаттауға бірыңғай бет бұрдым. Оған дейін де бата беретінмін. Алайда жүйе-жүйесімен, тақырыптық мазмұнымен жаттауды соңғы жылдары қолға алдым. Бірнеше мәрте сайыстарға қатысып, жүлдегер атандым. Міне бүгінде байқаудан келе жатқан бетім осы, – деді.
Бала кезінен газет-журналды, кітапты жиі оқитын ақсақал әлі де сол әдетінен айнымаған екен. Білім алудың ерте-кеші жоқ деп санайтын Әзілхан ата ізденімпаздығымен ерекше.
– Бата берудің реті мен бірнеше түрі бар, балам, – деп ақсақал әңгімесін жалғады. Халқымыз тілек пен батаның ара-жігін ажырата білген. Бәріміз де жасымыздан бата алып өстік. Батада үлкен қасиет, үлгі-өнеге, салт-дәстүріміз бен үлкенді сыйлаудың нышаны бар. Аға буынның сөзін тыңдау, олардан бата сұрау – тәрбие мен тектіліктің көзі. «Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер» деген. Бата – дәстүр қатарындағы ұлық ұғымдардың бірі. Ақсақалдың айтуынан батаның ас, наурыз, сапар, той, тұсаукесер, балаларға, қарияларға, қыз-келіншектерге, жас жұбайларға, шаңыраққа, құдаларға, шенді-шекпенділерге арналған, тағы басқа да бірнеше түрі барын білдік. Осылардың ішіндегі сапар батасының мән-маңызына кеңірек тоқталған батагөй:
– Қазақ елі ұл-қызы алыс сапарға немесе өмірін бәске тігіп, жорыққа аттанарда халықты жинап, ішінен ең сыйлы деген азаматтан бата сұраған. Осыдан кейін оның сапары немесе жорығы сәтті болып, елге аман-есен оралады деген наным қалыптасқан. Қазақ халқы бата арқылы өзінің жан-жүрегінде жатқан ізгі тілектерін жеткізіп, бір адамның немесе халықтың тілеуін тілейтін болған. Сондай-ақ, бата беруші қариялар да халық алдында беделін түсіріп алмауға, бата беруге лайық болуға тырысқан, – дейді.
Жетпіс алты жастың желкенін тартқан қарияның кеудесінде бірнеше медаль жарқырайды. Олардың әрқайсының өзіндік орны бар. Бірі «Аудан ардагерлеріне – 35 жыл» мерекелік медалі болса, Енді бірі – Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойына арнап шығарылған. Өткен жылы ғана «Қазалы ауданының құрметті ардегері» атанған қарияның ақ батасын алып, тарқастық.

Деменбай ӘМІРАШ, ардагер-ұстаз:
Ұстаз болуды ұстазымнан үйрендім
Мұғалімдік екінің бірінің қолынан келе бермейді. «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы қиыны мен қызығы бір басқа жетерлік мамандықтың бірі. Осы жолда біз үлгі тұтатын ұлағат иесі бар. Ардагер-ұстаз Қазалы қаласындағы Қ.Нұрмаханов мектебінде 39 жылға жуық шәкірт тәрбиелеген Деменбай Әмірашұлы. Ардагер-ұстаз 1963 жылы қазіргі Аранды ауылындағы орта мектептің 1 класына қабылданып, бастауыш сыныптарда Қазалыдағы білім саласының алғашқы ағартушыларының бірі, «Халық ағарту ісінің үздігі» Дәленов Дербісәлі жәнеҰлы Отан соғысының ардагері, ұстаз Маханбетияров Әлімжан және Әбдіразақов Нұғыман ағайлардан дәріс алған.
– Әкеміз қойшы болды. Жылдың төрт мезгілінде көшіп жүргендіктен мен және бауырларым Аранды ауылындағы мектеп жанындағы интернатта жатып оқыдық. Әкемнің 9 баласы бар, Дүзубай, Жеңісбай, Оңдаш, Кеңес, Әлпеш, Үрқия атты туған аға-апаларымыз 8-класқа дейін осы мектепте оқып, ал 9-10 сыныптарды Қарағанды қаласындағы облыстық мектеп-интернаттан орта білімі туралы аттестат алды.
Аға-апаларымыз Қарағанды қаласында тұратын шешеміздің туған ағасы Сырлыбай Салжанұлын сағалап барған, ол жиендерін мектеп-интернатқа орналастырған және олардың жоғарғы білім алуына ықпал еткен. Мен және кіші інім Сексенбай, қарындасым Алтынкүл үшеуміз Қожабақы ауылындағы №25 орта мектепте оқып, орта білімі туралы аттестат алдық. Бізді ата-анамыз 8 сыныптан кейін Қарағандыдағы мектеп-интернатта жатып оқуға жібермеді.
№25 мектептегі ауданға танымал білікті мектеп басшылары Іскендір Нағашыбаев, Аманкелді Есетов, танымал ұстаздар Айнаш Байманова, Балжан Нүрпейісова, Куаныш Тықыбаев, Сақитжан Өтениязов, Тәжімбет Есназаров, Сәбит Жалғасбаев,Әбілқасым Пралиев , Кеңесбай Әлиасқаров, Айсұлу Сыдықова, Ақберген Шүленбаев, Жәниет, Ақниет Жәдиевтерден, Жәнділда Сүндетов, Жұмамұрат Ербатыров, Әбдіразақ Нұғыманов, Есіркен Әбдірниязов, Сыражан Мүсірепова, Шырынкүл Қаракөзиева, Досбол Байназаров, Мұрат Куатбаевтан дәріс алып, 1973 жылы 10 сыныпты өте жақсы бітірдім. 9-11 сыныптарда оқып жүрген кезде физика-математика пәнінен аудандық білім сайысында ұстаздарым Айнаш апайдың, Кеңес, Әбілкасым, Сәбит ағайлардың дайындағанының арқасында жеңімпазда, жүлдегер де болдым. Осы апай мен ағайларға еліктеп ұстаз болуды армандадым.
1973 жылдың күзінде Отан алдындағы әскери міндетімді өтеу үшін Украина жерінде Ленин орденді Житомир қаласындағы байланыс бөлімінде телефонист-радист қызмет атқара жүріп елден физика-математика оқулықтарын алдырып, бос уақытымда оқып ЖОО-на түсу үшін дайындалдым. 1975 жылдың күзінде қараша айында туған жерім Қожабақыға оралдым. Ол кезде бірде-бір адам жұмыссыз жүруге болмайды. Келешек ұстаздарыма еліктеп, мұғалім болуды армандап, алғашқы еңбек жолымды 1976 жылдың 3 қантарынан бастап шілде айына дейін Қожабақы ауылындағы №25 орта мектеп жанындагы мектеп-интернатта тәрбиеші болып бастадым. Мен енбек ете жүріп интернаттағы 10-11 сынып оқушыларымен бірге ЖОО-на түсуге дайындалдым. Менімен бірге оқыған 56 сыныптастарымның ішінен жетеуіміз ұстаздық мамандықты тандап, абыройлы еңбек еттік. 1976 жылдың тамыз айында Қазақстандағы №2 Қарағанды Мемлекеттік Университетінін физика факультетіне мектепте бірге оқыған досым Асанов Нұрмағанбет екеуіміз құжат өткіздік, 5 пән бойынша емтиханды «4» пен «5»-ке тапсырдық, сөйтіп 1976 жылдың қыркүйек айында ҚарМУ-нің I курс студенті атандық. 5 жыл бойы тәжірибелі, білікті басшылардан білім алдым, университеттегі қоғамдық жұмыстарға белсене араластым, – дейді ардагер-ұстаз.
Деменбай Әміраш 2009 жылдың қыркүйек айынынан бастап Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектепке оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды. Қызмет істеген жылдарда окушылары аудандық, облыстық, республикалық ғылыми жобалар байқауында спорттық жарыстар шахматтан, каратэдан, ұлттық ойын түрлерінен оқушылар жүлделі орындар алуына, мектеп бітірушілер ҰБТ-да жоғарғы балл жинауына ықпал жасады. Ұлағатты ұстаз Қазалы қаласы әкімінің, аудандық білім бөлімінің, Қазалы ауданы әкімінің, 2015 жылы мектеп директорының алғыс хатымен марапатталды. 2012 жылы «Алматы» баспасынан шыққан «Ата-ана және сынып жетекшісі» атты әдістемелік көмекші құралына «Ата-ана комитетінің құқығы» тақырыбындағы мақаласы жарияланды. Мектепте әлеуметтік педагогы, мектеп директорының бағдарлы оқыту жөніндегі орынбасары қызметтерін абыроймен атқарды. Деменбай Әміраш спортқа жақын. Шахмат пен теннистен әлі күнге дейін жарыстарға қатысып, бақ сынап жүр.

Клара ӨКСІКБАЙ, қолөнер шебері:
Тігін өнері анамнан қалған мирас
Жуырда Астана қаласында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған бай мәдени және спорттық бағдарлама Қазақстандағы этникалық туризмді дамытуға серпін беретіні сөзсіз. Сонымен қатар елімізде ұлттық спорт түрлерін дамытуға септігін тигізбек. Айтар кетер жайт, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет 2014 жылы Қырғызстанда өтіп, кейінгі екеуі де осы елде ұйымдастырылды. Ал 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өтті. Араға төрт жыл салып, Астананың төрінде әлемнің түкпір-түкпірінен сайысқа қатысушылар жиналды.
Аталған шара аясында өткен «Аламанқұрақ» қатысушыларымен рекорд орнатқан қолөнер шеберлерінің қатарында қазалылық Клара Өксікбай да болды. Бір мезгілде кілем тәріздес жайылған 450 көрпенің жалпы көлемі 11200 кв метрді құрады. Ені 16 қатар, 40 метр, ұзындығы 28 қатар, 252 метр. Бір көрпенің өлшемі 250/90 сантиметр. Көрпе тігу барысында «Гауһартас», «Аламан», «сынық мүйіз» құрақ техникалары және төртқұлақ қошқар мүйіз, өсімдік оюлары қолданылған. Жобаға 450 құрақшы қатысты. Он саусағынан өнер тамған шеберлердің есімі «КИНЭС» Қазақстан рекордтар кітабына енді.
Клара Жолдасқызы Сайғонды ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Әкесі Жолдас Өксікбаев ұзақ жылдар ауылшаруашылығында қызмет етіп, «Ауылшаруашылығының дербес зейнеткері» мәртебесін алып, зейнет демалысына шыққан. Анасы Үрзада Ермаханқызы тоғыз баланы дүниеге әкелген алтын құрсақты ана. Бала тәрбиесімен айналыса жүріп, түрлі салада еңбек еткен.
Клара Жолдасқызы бізбен әңгімесінде: «1980 жылы №74 Ақбөгет орта мектебін бітіріп, сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы институттың математика факультетінде «Математика» мамандығы меңгердім. Еңбек жолымды №90 Абай атындағы орта мектептен бастадым. 1985 жылы отбасылық жағдайыма байланысты кенттегі №226 ұзартылған күн тобы мектебіне ауыстым. 1998 жылдан бастап Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепте зейнетке шыққанша еңбек еттім. Қырық жылдық ұстаздық тәжірибем бар, – деді.
Ұстаздықпен қатар бойында ісмерлік дарыны бар кейіпкеріміз құрақ құраудың хас шебері.
– Биылғы қаңтар айында әлеуметтік желідегі замандасым, шымкенттік Шынар Тілеуімбердина деген қыз: «Клара ханым, «Аламанқұрақ» атты жоба болмақ. Менің анам өткен жылы да қатысып еді, биылда ниетті. Бірге қатысып көрейік» деді. Ойлана келе, қатысуға бел будым. Осылайша дайындықты бастап кеттік. Астана төрінде бар өнерімізді ортаға салдық. Қазақ өнеріне, киіміне тәнті болған шетелдіктер көп болды. Керемет шараның куәсі болым, – деп алған әсерімен бөлісті қолөнер шебері.
Клара Жолдасқызы тігін өнерін анамнан мирас болып қалды деп санайды. «Анам ағайын-туыстың, елдегі мұқтаж жандардың киім-кешегін тігіп беріп жүретін. Бізге оқушы кезден бастап-ақ құрақ құратып, көрпе тіккізді. «Үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің маған пайда» деп отырушы еді. Үй шаруасына қажеттінің барлығын бізге үйрете білді. Тіпті өрмек тоқытып, ою ойғызатын. Бертін келе бұның барлығының үлкен пайдасы тиді. Қызымның жасауында өзім дайындадым. Осы өнерімнің арқасында үлкен сайысқа қатысу бақыты бұйырды. Мен үшін бұл сапар рухани азық болды. 89 елден келген 100 мыңнан аса турис, қатысушылар, ертегі еліндей көріністер адамға шабыт сыйлайды. Жалпы қай жаста болсаңыз да сүйікті ісіңізбен айналысып, қоғамға пайдаңды тигізу ең үлкен жетістік, – деп ойын аяқтады Клара Өксікбай.

Мырзалы МЕҢДІБАЕВ, спортшы қарт:
Еріншектік ер азаматқа тән емес
Желаяқтығымен жұртқа танымал қазалылық Мырзалы Меңдібаев талай жарыста топ жарып, ауданның абыройын асырып жүр. Ол алпыс алты жаста. Алайда өз қатарластарынан әлдеқайда жас көрінеді. Бұның сыры спортты серік еткендігінде деп санайды.
Қожабақы ауылында туып, сол жерде өсіп-өнеген Мырзалы Меңдібаев жастайынан спортқа құштар болып өседі. Мектеп қабырғасында жүргенінде еркін күрестен жарыстарға қатысып, жүлдегер атанған. Әскер қатарында спорттың бірнеше түрімен айналысып, көзге түседі. Туған жерге оралған соң құрылыс саласында еңбек еткен кейіпкеріміз жүгіруді ешқашан ұмытқан емес. Бүгінде Әйтеке би кентіне қоныс аударған жеңіл атлетші Тараз, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе қалаларында марафоншылар сайысына қатысып, жүлделі орындармен оралған. Жуырда ғана сауықтыру жүгірісін, салауатты өмір салтын насихаттау жəне халықты дене шынықтырумен жəне спортпен белсенді айналысуға баулу және Шымкент қаласында бұқаралық спортты дамыту мақсатында өткен «SHymkent marathon 2024» республикалық тас жолда жүгіру жарысында алдыңғы үштіктің қатарында болды. «Marathon» 42 шақырым жəне 195 метр, 60 жастан 69 жас ерекшелігі бойынша Мырзалы Меңдібаев 42 шақырым жүгіріп, екінші орын иеленді.
– Таңертең бесте тұрамын. Жетіге дейін жүгіремін. Мен үшін бұл қалыпты жағдай. «Спорт – денсаулық кепілі» деп бекер айтпайды. Көңіл күйіңнің жақсы болуына да үлкен септігін тигізеді. Еріншектік ер азаматқа тән емес. Сондықтан жалқаулықтың ығына жығыла бермей, спортпен шұғылданған дұрыс-ақ. Жолдасым Маралмен ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Оларда спортқа жақын болды. Ұлым Қадірбек қазақша күрес, самбо, бокс, жеңіл атлетика барлығын меңгерді. Әлі де өзі үшін спортпен айналысады. Немере өсіріп отырған ата-әжеміз. Болашақта оларды да спортқа баулысам деген ниетім бар, – дейді ардагер спортшы.
Мырзалы ақсақал елімізде өткен түрлі жарыстарға қатысып қана қоймай, топ жарып жүр. Ауданның мақтанышына айналған қарияға тұрғындардың құрметі де шесіз. Желаяқ жанға еліктейтін жастар да жоқ емес. Мырзалы Меңдібаев спортқа бетбұрғандарды жүгірудің қыр-сырына баулуға әрқашан дайын екендігін айтып отыр.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
01 қазан 2024 ж. 120 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 73

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930