Айыппұл арқалауыңыз мүмкін: министрлік жүргізушілерге үн қатты
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов
Қазақстанда жүргізушілердің еңбек және демалыс режимін сақтауын қадағалау күшейтілді, - деп хабарлайды Massaget.kz.
- Жүргізуші не білуі керек
Көлік жүргізудің күнделікті ұзақтығы қолданыстағы қағидаға сәйкес 9 сағаттан аспауы керек. Төрт жарым сағат бойы үздіксіз көлік жүргізгеннен кейін жүргізуші кемінде 45 минут үзіліс жасауға тиіс.
- Министрлік қандай тексеріс жүргізіп жатыр?
Көлік министрлігі автобустар мен жүк көлігі жүргізушілерінің жолаушыларды, багажды немесе жүкті тасымалдау кезінде еңбек және демалыс режимін сақтауын бақылау бойынша ауқымды акция өткізіп жатыр.
Акция басталғалы жалпы сомасы 4 миллион теңгеден аса әкімшілік құқықбұзушылық туралы 218 хаттама толтырды.
"Тахограф - жүргізушінің еңбек және демалыс режимін, қозғалыс жылдамдығын, жүріп өткен жолын үздіксіз тіркейтін сандық құрылғы. Бұл құрылғы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қалааралық және халықаралық тасымал барысында болуы мүмкін жол көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі - жүргізушінің режимді сақтамай, шаршауы немесе рұқсат етілген қозғалыс жылдамдығын асыруы", - деді Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің бас сарапшысы Күнайым Кәмиева.
Айта кетейік, жыл басынан бері 2 700-ден аса ауыр жүк көлігі мен автобус жүргізушісі еңбек және демалыс режимін бұзған. Айыппұлдың жалпы сомасы 48 миллион теңгеден асты.
- Қандай көліктерге тахографтар керек?
- қауіпті жүктерді тасымалдайтын;
- жолаушыларды, багажды және жүктерді автомобильмен халықаралық деңгейде тасымалдайтын;
- жолаушыларды және багажды автомобильмен облысаралық, қалааралық деңгейде тұрақты тасымалдайтын;
- жолаушыларды және багажды автомобильмен облысаралық, қалааралық, ауданаралық деңгейде тұрақты емес тасымалдайтын көліктер жатады.
Қағида талаптары сақталмаған жағдайда Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 572-бабымен тасымалдаушыларға 10 АЕК-тен 50 АЕК (36 920 – 184 600 тг) аралығында, жүргізушілерге 10 АЕК (36 920 тг) көлемінде әкімшілік айыппұл салу көзделген.