Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа игіліктерге иек артқан мекен

Жаңа игіліктерге иек артқан мекен

Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінен 35 шақырым қашықтықта орын тепкен осы бір ауыл талайға атақоныс болған құтты мекен. «Кемені қалай атаса, сол бағытқа жүзеді» дегендей атауы ауызбіршілік пен адамгершілікке шақыратын ұядай ауылдың аты да ерекше. Бірлік. Бір кездері ұжымдастыру саясатымен ұйымдасқан ұжымшарды үлкендер солай атауды шешіпті. Қазыналы қарттар түзу ниет етіпті. Сол кезеңнен бастап бірлігі мен берекесі арылмаған ауыл көптің көшіне ілесіп, жаңа игіліктерге иек артуда.

Тоқсан жылдық тарихы бар құт мекен

1928 жылдың маусым айында Бірлік ауылында «Қосшылар Одағын» ұйымдастырылады. 1931 жылы аудан бойынша 29 колхоз құрылғанда, «Бірлік» колхоздар қатарына кіре алмайды. Оған Республикада болған қолдан жасалған ашаршылық себепкер болады. Бұл кезеңде жергілікті жұрттың көбі күнкөріс қамы үшін Өзбекстан, Қарақалпақстан жеріне және Арал теңізі жағасына көшеді. Жағдайды байыптаған басшы Жармахан Бекетаев тұрғындарды қолдан ау тоқытып, дариядан балық аулау, базардан мылтық алып беріп, құс ату, жер жыртып, егін егу және мал басын көбейтуге атсалысып, аштықтан аман алып қалудың амалын жасайды. 1934 жылдың көктемінде жер-жерге кеткен азаматтар туған жеріне қайта оралуы, бастама нәтижесіз болмағанын байқатады. Сол жылы ауылдағы ахуал сараланып, «Бірлік» колхоз атанады.
Колхоз басшысы ауылдың бас көтерер азаматтарын жинап, басқарма мүшелерін сайлайды. Бұл Мыса Елкеев, Қаржаубай Азанәлиев, Жәли Досетов, Мұратбай Ахметов, Сердалы Құлжанов және Жамаш Баймұратовқа әр саланың жауапкершілігі жұмыла көтереді. Келісіп пішкен тон келте болмайды. Жақсы жоспарланған жұмыстың арқасында үкімет пен партияның берген тапсырмалары мүлтіксіз орындалады. Осы жылы №10 шы «Қарлаң» ауылдық кеңесі ашылады.
Сырдария өзенінің сол жағалауындағы колхоздардың егінін жинау және шөбін шауып, тасуы үшін Бірлік ауылы орталығынан 1935 жылы машина трактор стансасы ашылды. 1935 жылдың қысында МТС-ке бірінші ХТЗ тракторының 2 данасы келеді. Кейіннен құрам қажеттілікке орай көбейіп, жаңаланып отырады. Маусымдық жұмыстар басталар тұста және аяқталған соң техникаларды мамандар осы жердегі үлкен шеберханаға әкеліп, жөндеп отырады.
Ұлы Отан соғысы жылдары МТС жанында аумақтық «Политотдел» мекемесі жұмысын бастайды. Саяси идеологиялық жұмыстармен айналысатын мекемеге артылар жүк те аз болмаған. Сол жылдары колхоздағы «Промкомбинат» малшыларға қараша үй, соғыстағы жауынгерлерге арнап байпақ басып, киім тігеді. Сондай-ақ ет дайындап, наубайхана ашылады. Ауылда күйдірілген кірпіш басылатын қуатты цехтың жұмысын жүргізген тұсы да сол кез.
Тағы бір қызығы, «Бірлік» атауын қалай тауып қойған деген таңданыс тудырады. Соғыс жылдары депортация арқылы көшіріліп келген неміс, шешен, кәріс, қалмақ тағы басқа ұлттар өкілдері жергілікті тұрғындармен тату-тәтті тірлік етіп, МТС-тің әр саласында аянбай жұмыс істейді.
Техника саны артқан тұста, оны игеретін мамандар сұранысқа ие болады. Осы қажеттілікті өтеу мақсатында МТС жанынан курс ашылады. Онда ауылдың және көрші елді мекендердің жастары тракторшы мамандығын игертеді.
1957 жылы МТС РТС болып ауқымын кеңейтеді. Екі жылдан кейін бұл орыннан «Откорм» совхозы құрылады. Ол 15 жылдан кейін тарап, мал дайындайтын орын болады. 1977 жылы жұмысшылары «Бірлік» ауылы тұрғындарынан құралған бұл мекеме Қазалы аудандық мамандандырылған мал өсіру, бордақылау және дайындау бірлестігіне айналады. Бұл кезеңде ауыл көлемінде 4000 бастық мал бордақылау алаңы, «Сайман» учаскесінен 500 басқа арналған қоражай, ауыл орталығынан монша және жұмысшы қызметкерлерге тұрғын үйлер құрылысы қаланып, пайдалануға беріледі.
1980-ші жылдары бордақылау алаңындағы ірі қара 5000 басқа жеткізіледі. Күндік қосымша салмақ әрбір бас ірі қараға 400-500 грамм, мал басының тірілей салмағы 350 килограмды құрайды.
Ауылды ажарландырған қос қабатты кеңсе үйі, сауда орталығы, 90 орындық балабақша, материалдық қоймалар және кең әрі жарық тұрғын үйлер, 5 гектар алма бағы, көшелерге жол салынып, тас төселетін тұс сексенінші жылдардың соңы еді. Сол тұста бағымдағы малға арналып, 500 гектарға дейін сүрлемдік және дәндік жүгері, 1000 гектар жоңышқа, арпа, бидай дақылдары егіліп, күтіледі. 531 гектар ауыспалы егіс танабы пайдалануға беріледі. 20 гектар көлемінде бақша, көкөніс егіледі.
2005 жылдан кейін «Аранды» ауылдық округінен бөлінген ауыл өз алдына «Бірлік ауылдық округі болады.

Бүгінгі беталыс

Бір кезде ауылдар жастардың барлығы сыртқа кетіп, тұрғындар өзге жерге қоныс аударған жағдай қазір саябырсыған. Оған себеп Тәуелсіздік алғаннан бері орын алған оң өзгерістер екенін топшылау қиын емес. Сырттан көшіп келіп, жұмыс істеп жатқандар бар. Қазіргі таңда 755 адам, 172 отбасы тұратын мекеннен жаңашылдықтың жарқын көріністерін көруге болады. Ауылдағы тұрғындар орналасқан төрт көшенің жағдайы жақсы. Ауызсу, аяқсумен қамтылған. Жарық тартылған. Байланыс сапасы да көңіл көншітерлік. Әкімшілік ғимараты, мектеп, амбулатория, имандылық үйі сынды әлеуметтік нысандардың барлығы жаңа.
Қуаныш Көмекбай басқаратын мектеп мұғалімдері оқушыларға саналы тәрбие мен сапалы білім беруде. Жыл сайын түлектері мемлекеттік грант және өзге де бағдарламаларға қол жеткізіп жүр. Пәндік, салалық жарыстар жеңімпаздары қатары жыл санап артуда. Оқу орнында білім-тәрбие бағытында қосымша үйірмелер мен топтық жұмыстар жүргізу жолға қойылған.
Жаңа, талапқа сай емдеу мекемесі де жанына шипа іздеген жандарға көмек қолын созып, тұрғандар денсаулығын тұрақты бақылауға күш салады.
Ауыл әкімі Өміртай Өтеп-Әлі ауылдық округ әкімшілігі ауыл көлеміндегі мекемелердің жұмыстарын үйлестірумен қатар халықтың әл-ауқатын арттыру және саяси ахуалын жақсарту мақсатында жұмыстар жүргізетінін жеткізді. Ауылдағы барлық саяси-әлеуметтік жағдайға әкімдік жанындағы қоғамдық ұйымдар да белсене атсалысатынын байқадық.
Ордабай Төлегенов төрағалық ететін ардагерлер кеңесі, төрайымы Гүлжаһан Шәкірова болған әйелдер кеңесі, жетекшісі Мәди Қали бастаған жастар ұйымының өздеріне жүктелген міндеттері бар. Еңбек ардагерлері мен алтын құрсақты аналар өнегесі үнемі жастарға насихатталады. Олар халық ұлттық өнерін насихаттап, қолөнер бұйымдарын жасауда, табиғи азықтарды дайындауда шеберлік сағаттарын ұйымдастырады.
Әр аулаға ағаш отырғызу, бау-бақша егу үлгісі ауылда үрдіске айналған.
Діни тұрақтылық пен тура жолға бағыттайтын имандылық үйі «Рамберді ишан мешітінде» имам Сәбит Әлімжанұлы барлық діни шараларды ұйымдастырып, ауыл жастарының Құран сүрелерін меңгеруге баулып келеді.
Бірлікте кедергілер де жоқ емес. Жайылымдық, бақшалық жері жоқ округте ауылшаруашылығын өрістетудің де өз қиындығы бар. Тұрғындар сыр маржанын егіп, күтетін шаруашылық та уақытша жұмысын тоқтатқан.
Халықтан қажеттілігі туралы сұрағанда, мәдениет саласының ардагері Бектұрған Ізтілеуов: «2010 жылы клуб апаттық жағдайға түскенде, көптің күшімен асарлатып салған шағын ғимарат бар. Бірнеше үйірме жұмыс істейтін, ауылдағы барлық іс-шаралар өтетін мәдениет ошағы талапқа сай емес. Салқындығы өз алдына. Кезек күтіп тұрған мәселе шешімін тапса, жалдамалы жерде жүрген, 10491 кітап қоры бар кітапхана да лайықты орынға көшер еді», – дейді. Пошта ғимараты да жеке нысанға орналасыпты.
Қаржаубай Бақбергенов: ««Сақалды құрылысқа» айналған «Қарлаң» көпірінің жұмыстары қолға алынса, көктемгі, күзгі қиындық титықтатпас еді», – дейді. Сондай-ақ ақсақал жыл санап әлеуметтік жағдай жақсарып келе жатқан округке көгілдір отын кірсе, күнкөріске де кәсіпкерлікке де кең жол ашылады деген алғаусыз пікірін де жасырмады.
Мұнда «Ауыл қалаға алыс. Қалқымалы көпірдің қаупі тағы бар» деп жан баға алмай отырған жан жоқ. Ертеден кешке дейін «ептеген ұқсатады» деп, қолдарынан келген шаруаны ширатып, отбасын асырап-бағуда.
395 адам жұмыспен қамтылса, 179 адам өз бетінше жұмыс тапқан.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2023 жылы жеке кәсіпкер Алтынбек Тілеуқабыл 3 миллион теңге несие алып, көпшілікке арналған қызмет түрлерін ұсыну ісін қолға алған. Сол жылы 4 миллион теңгеге қол жеткізген Бекмырза Жанбыршиев жылқы шаруашылығын өрістетсе, Аманжол Рамазанов Шопан ата төлінің басын көбейтуде.
Жанымсұлу Қанидың «Ай-Жан», Сара Жұбатқанованың «Дастан» аралас заттар дүкені жергілікті жұрттың қажеттігін өтеуге күш салуда. Бөкенбай Құтжанов, Жахангер Байкөбеков жолау­шылар тасымалдаумен айналысады.Бұдан өзге өз қабілет-қарымдарын түрлі бағытта сынап жүрген мемлекеттік грант алуға ниетті ауыл жастары бары көңілге қуаныш ұялатты.
Жақында тоқсан жылдық тойын жоғары жеңгейде атап өткен ауыл ахуалын аңғару қиынға соқпады. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды», «Жол мұратқа жеткізеді» деген халық нақылын мұндағылар өмір сүру кредосына айналдырғандай көрінді. Бір тарапы Сырдария өзені, келесі тарапы өзінен өзге Кәукей, Бозкөл және Қожабақы ауылдарын аудан орталығымен байланыс­тыратын күре жол бойында орналасқан жергілікті жұрт үкілі үмітін артып, туған жерінің болашағына сенеді.

Алтын ӘДІЛХАНҚЫЗЫ
21 қыркүйек 2024 ж. 33 0