БІРЛІК МЕРЕКЕСІ ЕРЕКШЕ СӘН-САЛТАНАТПЕН АТАЛЫП ӨТІЛДІ
Бүгін қасиетті Қазалы ауданында Қазақстан халқының бірлігі күні ерекше сән-салтанатпен аталып өтілді.
Әйтеке би кентінің «Орталық алаңына» жиналған барша жұртты аудан әкімі Мұхтар Оразбаев айтулы мерекемен құттықтап, Қазалыда мекен ететін ұлттар мен ұлыстарға бірлік пен татулық, ынтымақ тіледі.
– Бүгінгі мереке – сан ғасырлар бойы қазақтың кең байтақ даласын мекен еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағын одан әрі нығайтып, арман-тілегін бір арнаға тоғыстыратын күн. Дана халқымыз «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп бекер айтпаса керек. Расында татулықсыз, бірлік-берекесіз еткен еңбектің жемісі бекер болмақ. Бүгінгідей мерейлі мерекеде әр отбасыға мол бақыт, ашық аспан, бақ-береке тілеймін! Ішкі татулығымыз берік болып, еліміз өркендей берсін. Мерекеден мерекеге жақсылықпен, жаңа табыспен жете берейік, – деді аудан әкімі.
Салтанатты мерекелік шараның соңы аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне арналған шара Қазалы қаласында да ұйымдастырылды. Қала орталығындағы «Ардагерлер алаңында» әртүрлі ұлт өкілдерінің ұлттық тағамдарынан жасалған көрмелер ұйымдастырылып, мерекеге жиналған халықтың назарына ұсынылды.
Мерекелік шарада қазақ халқымен қатар, елімізді мекен еткен өзге ұлт өкілдерінің де әндері шырқалып, ұлттық билері биленді.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат