Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ақбаянның арманы

Ақбаянның арманы

Қазақ өнерінде тау суындай тазалығы, сыңғырлаған бұлақтай үнімен қосылып, жүрекке ұя салған сахна саңлағы өмірден өтіп кеткеніне ширек ғасырға жуық уақыт жуықтаса да, көрермені көңілінен көшірмеді, жүрегінен өшірмеді. Ол сәулелі ғұмырында төл өнердің төрге озуына атсалысқан айтулы тұлға, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ерәлиева еді.

Ана аманаты
Сахнаға жалт етіп шыққанда, көрермені қайғы-мұңын ұмытатын, ешкімге ұқсамайтын әсем үні шарықтағанда, кім-кімді де терең иірімге ерітететін қасиетке ие күміс көмей қыз өзі өмір сүрген аз уақытта қазағының қызына айналды.
Мәдина Есмалайқызы 1954 жылы 2 тамызда Қазалы ауданында дүниеге келген. Әкесі Есмалай Ерәлі тарих пәнінің оқытушысы болып, ұстаздық қызмет атқарады. Анасы Дариға Ыбырайқызы отбасы, ошақ қасындағы келіншек болса да, таным-түсінігі терең, парасатты адам болған деседі. Тазалықты жаны сүйетін Дариға көрші-қолаңға ұсынықтылығы, он саусағынан өнер тамған шеберлігімен сыйлы болған.
Бір-бірін ұғынысқан отбасында дүниеге келген өнер тарланы мейлінше мейіріммен, өнегеге қанығып өскенін өмірлік азық етіпті. 1972 жылы дендеген ауру денеге тарап, анасы көз жұмады. Кейбір дүниелер алдағы жағдайдан сыр беріп жататыны бар. Болашақ әншінің өмірінде мұндай жағдайлар жиі болады. Соның бірі анасына байланысты еді.
Дариға көзі тірісінде Мәдинаны Қазалы стансасындағы мектеп-интернатқа орналастырады. Тағы бірде аудан орталығына асыға жеткен анасы қос құлынын жетектеп, сол кездегі фотостудияға келіп, суретке түседі. Бұл әншінің анасын сағынғанда мауқын басатын жылы естелік, құнды жәдігерінің біріне айналған деседі. Сол жылы өзінің жағдайын білгендей, кішкентайы Сағираны әпкесіне аманаттай береді. Анасының соңғы тілегіне жұлдызды перзенті өмірінің соңына дейін адал болғанын айтады бауыры. Сіңлісі Сағира екеуі әкесі Есмалайдың туған әпкесі Ұлғара мен жездесі Сүйкенбайдың тәрбиесінде болып, олардың тел перзенттеріндей жақсылығымен сүйсіндіреді. Мәдина ауылға келгенде маңдайын тіреп келетін тағы бір үйі болыпты. Ауанберді Итеғұлов атты азаматтың үйі. Зипаш Баймаханова есімді қазалылық әйелдің есімін жерлестері алғаш кәсіпкерлік көкжиегін кеңіткен келіншек, Сыр еліне келгенде, шапан жапқан сыйлы адам ретінде таниды. Дәл осы жан Мәдинаның Қазалы қаласында тұрғандағы көршісі, кейін анасы өмірден озғанда қамқоршысы болады. Есмалайқызының ерекше құрметтейтін көршісінің қатынасы «өкіл анам» деп атайтын жақындықпен астасыпты. Итеғұловтар отбасының өкілі Ұлжан Қожаметова өзі келін болып түскен қарашаңырақта өткен қызықты сәттерде Мәдинаны мүлде басқа қырынан танығанын айтады. Ел айтқан әнші басқа да, өзі көрген адам басқадай көрінеді. Ақкөңіл, көпшіл, ашық-жарқын адам өмірінде барға болсын дейтін кеңжүректілігімен ұялайды. Қос қарияның Мәдина қыздарына құшағы қашан да ашық болады, қуанышы мен қайғысында қасынан табылады.
Алғашқы баспалдақ
Өмір балаң қызға үлкен жүк артып, қатарынан ерте есейтеді. Мектепті Мәдина өте жақсы, үлгілі оқиды. Тағдырдың небір қиындығымен бетпе-бет келсе де, ағайындылар өз мақсаттарына ұмтылады.
Қолындағы сарғыш суретке қарап, жанарына жас үйірілген академик-ұстаз Гүларша Хұсайын бала кездегі сәтті былайша еске алды.
«Мәдина қазіргі Б.К.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназия базасындағы №5 мектеп-интернатта сегізіншіде, мен №87 мектептің 7 класында оқитынбыз. В.И.Лениннің туғанына100 жыл және Қазақ КСР-нің құрылуының 50 жылдық мерекесіне орай облыста өткен оқушылар көркемөнерпаздар байқауынан қайтқан сәтіміз. Екеуіміз де жүлделіміз. Қуанышты әсерімізбен бөлісіп тұрғанымызда Мәдинаның көзі «Фотография» деген жазуға түсіп кетті. Ол кезде базардағы фотография жалғыз болатын.
«Гүларша, естелікке суретке түспейміз бе?” – деді ұсынысты алғаш өзі айтып. Мен де қуанып, қолдай кеттім. Бұл суреттің халқы әлдилеген аяулы қызбен өткен жарқын күндердің өшпес көрінісі болып қаларын білмеген едім», – деді.
Аудандағы оқушылар көркемөнерпаздар ұжымының асқан асуы туралы айтып берді куәгер. №87 мектептің музыка пәнінің мұғалімі Махамбет Әуезов, мәдениет үйінде алғаш оркестр ұйымдастырушы болған Әбен Жолтаев, аудандық саз мектебінің директоры Жеңіс Өтемісов, режиссер Жәдігер Тұрсынов, музыка мектебінің мұғалімдері Қараман Ізмаханов, Анатолий Цой, Ерпазыл Жүсіпов, Қазалы қаласындағы 8-ші кәсіптік лицейдің баяншысы Қалабай Қазыбеков сынды жандар көркемөнерпаздарды жарысқа дайындаған. Ақын Балтабай Тәжімбетов әдеби композицияның авторы болады.
Гүларша Хұсайынқызының айтуынша, талапты қыздың талантына тәнті болып, болашағына сенім артқан аудандағы өнер саласының мамандары алғашқы сахна әдебі мен музыка әліппесі туралы түсінікті қалыптастырады.
Ізденіс жолындағы із
Тәртібі, үлгерімі, жауапкершілігі жоғары шәкіртке ұстаздары табиғат берген талантын шыңдауы қажеттігін жетікізіп, облыс орталығы Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеге құжат тапсыруына бағыт сілтейді. 1974 жылы педагогикалық училищені бітірген ол, Қыздар мемлекеттік педагогикалық институтының музыка факультетінде білімін жетілдіруді мақсат тұтады.
1978 жылы жоғары оқу орнын бітірген ол 1978-1984 жылдары Әдебиет және өнер институтында қызмет істеді.
1981 жылы режиссер Болат Атабаевпен отау құрып, 1982 жылы Әрсен атты ұлын өмірге әкелген.
Бала күтіміне байланысты демалыста отырған сәті туралы Сағира Есмалайқызы былай дейді.
«Сахнаға күліп шығатын әпкемнің өмірінде қандай қиындық болғанын былайғы жұрт біле бермейді. Соның бірі – Әрсенді босанған кезі. Екеуімізде де ақша жоқ. Қатты қиналдық. Сол уақытта бір пальтоны екеуіміз кезектесіп киеміз. Қаржы табу үшін екеуіміз бірігіп үлкен сауда орнының еденін де жуған кездеріміз болған», – дейді ол.
Анасының ісмерлігі Мәдинаға беріледі. Одан қалған тігін мәшинесін қолға алып, тапсырысқа киім тікен кездері де болыпты.

«Адырнаның» ажары

Ғылыми қызметкерлік етіп жүрген жерінен сахнамен қайта қауыштырып, жалпақ жұртқа танылуына себепкер болған ұлт қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің орны әншінің өмірінде әкесіндей қастерлі. Әуелгі мамандығы тарихшы-этнограф болған ол ұлттық өнерге сусаған жұрттың көкейіндегісін дөп басып, өткенімен, өзегімен қауыштырып «Адырна» тобын құрғанда, оған халық әндерін орындауға лайықты дауыс иесін ұзақ іздепті. Мәдинаны жолықтырғанда, болашағын байыппен болжайтын азамат іздегенін тапқанына қуанған екен деседі. Талдырмаш қыз бұған дейін де сахнада қара баянымен халық әндерін орындап жүрген-ді. Бір қызығы, Қызылордадағы арнаулы оқу орнын бітірген бойда консерваторияға құжат тапсырғанда, қабылдау емтиханын алушылар «даусы вокалдық талапқа сай келмейді және өте жіңішке» деп кері қайтарыпты. Әр қиындықтың соңында жақсылығы болатыны – өмір қағидаты. Табиғи дауыс «Адырнаның» абыройын асырды, бедер бейнесі, айнымас ажарына айналды. Мәдина өзінен кейінгі мұндай дауыс иелеріне деген көзқарастың түбегейлі өзгеруіне ұйытқы болады.
1985 жылы Алматы облыстық филармониясының жетекші әншісі болып қабылданған ол өмірінің соңына дейін сол ұжымда жемісті еңбек етеді.
Нәзік те сыршыл үн, өзіндік мәнерімен халықтың сүйікті әншісіне айналған өнер саңлағына 1990 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі атағы беріледі. Цензураның өршіп тұрған сәтінде 24 әні «Тамашаға» таңдалуы тек емес. Көкейіне бұлбұл ұялаған Мәдина сахнаға ұлттық киімннің түр-түрімен тотыдай таранып шығып, дәстүрлі өнерлі дәріптегенде, көрермен ұзақ ұзақ уақыт қол шапалақтап, өз разылығын білдіретін. Осылайша қазақтың төл мұрасы музыканың жаңа бағытынан әлдеқайда биік екенін ұғындырған қыз қазақ тілінің жанашырларын да көбейтуге көп көмегін тигізген десек негізсіз емес.
Кейіннен эстрадалық бағыттағы әндерді, өзі әнсапарларында болған елдер туындыларын тамылжыта шарқағанда да ешкім жатырқамады. Кештер мен жиын тойлардың сәні болып, әндері ел арасында кеңінен тарады.
Ал талғампаздығы туралы әңгіме мүлдем бөлек.
Қазіргі дизаиннің озық үлгілері кәсіби дамыған тұста да зерттеушілер Мәдинаның сахналық киімдеріне таңданыспен қарайды. Әнші барлық дерлік киімдерін өзі тігіпті. Әріптесі әрі бауырына айналған Жеңіс Ысқақова жайма базардан аз ақшаға сатып алған киімді сахнаға адам танымастай өзгеріске түсіре алатын қабілеті барын айтса, «Адырнадағы» өнерпаздар Мәдинаға киім тіктіру үшін кезек күтетіндіктерін айтады.
Сіңлісі Сағира мектепте дәкіден көйлек тігіп, крахмалмен қатырып, бірінші орынға ие болғандарын, жағдайлары қиын болған кезде сырт киім де тіккенін, тіпті Қазқастанға белгілі әншілердің танымал костьюмдері Мәдинаның төл туындылары болғанымен бөліседі.
Батылдығы, батырлығы туралы туралы оқиғалар да жеткілікті.
Біз білетін Мәдина заманынан озып туған, талғамы жоғары талант. Оның өн бойындағы үндестік үлкен үлгі. Шеберлігі шедеврлардан бір мысқал кем емес. Кейде осындай қасиеттің барлығын бәкене ғана бойға қалай ғана сиды екен деген ойда қаласың.
Ризамын саған, тағдырым
Тамаша талант иесінің өте сезімтал, байқағыш, болашақты болжай алатын қабілеті болыпты.
Әрбір әніне ерекше талғам, биік талаппен қарайтын орындаушы бір шығарманың түрлі нұсқасын жасайды екен. Композитор Гүлнар Дәукенова сұхбатында өз жазған әнді Мәдина өңдеуінен кейін мүлде танымастай өзгергенін айтады. Сурыпсалмалық қасиет арқылы жұрттың жадында қалыптасқан түрден әрлендіре түскенде саф өнер сұлу қызша құбылып шыға келеді. Орындауындағы «Айқаракөз», «Жылқы ішінде қара жүр» сынды әндерді одан бұрын да, кейін де қаншама әнші орындаса да, дәл Мәдинаша құлпыртқан адамдар болмағанын мамандар жиі жеткізіп жүр.
Репертуарындағы әндердің сөзіне байыптасақ, өнер иесінің өз өмірімен астасып жататыны көпті әлі күнге дейін тәнті етеді.
Алғаш орындаған «Ақбаяны» өзінің қосалқы атына айналса, «Жібек жолы аруы», «Наз», «Жылқышы ішінде ала жүр» әндері әншінің өлеңмен өрілген портреті сынды.
Ақбаян дегеннен шығады, елімізде осы атпен жарық көріп, нәзікжандылардың жүгін талай жыл көтерген беделді басылым Мәдинаның құрметіне жасалған қадамның алғышарты екенін бірі білсе, бірі білмейді.
Ұлы Әрсен Ералы кезекті бағдарламалардың бірінде анасының ырымшыл, алдын ала болжай алатын қабілеті барын бірнеше рет көргенімен бөліскен.
Тоқсаныншы жылдардың соңында отбасы болып Біріккен араб әмірлігіне сапарламақ болады. Жолай полиция қызметкерлері ұстап, құжаттарын тексергенде, Мәдина жайсыз белгіге балайды. Екінші кедергі әуежайда орын алады. Ондағы бөгелістен жолдасының қарсылығына қарамай, әнші кері қайтып кетеді. Айтқандай, сол жолы ұшақтың бір двегителі істен шығып, апатты жағдай орын алады.
Сіңлісі Сағира Ерәлиева да қайтыс болар алдында Құран аяттарын үнемі оқығаны, келмес сапарға аттанғанда «Әрсенге қара» деп соңғы тілегін жеткізгенін жазады.
Күннің құбылмалылыға қарамай, бар ісін кейінге шегеріп, қасиетіне айналған Қазалысына құрақ ұшып баруы да кездейсоқтық емес. Сол жолы аруақтарға құран бағыштап, туыстарымен қоштасады.
«Өмірден өтерін білгендей, қоржынына жаңадан қосқан туындылары қимастыққа толы болады. Тіпті Мәдинадан айрылылған жұрт ұзақ уақыт бұл әндерді орындауға жүрексінеді. Композиторды кінәлап, ауыр сөздер айтқаны айтылып та, жазылып та жүр. Бұл халық берген баға, елден алған орынның көрінісі.
Мәдина Ерәлиева солбір 2000 жылы 27 қарашада қайтар жолда, өзі дүние есігін ашқан Қазалы топырағында жол апатынан қаза тапты. Тізгінде өзі болған.
Төрт рет аударылған көлік үнтаспасында сыбызғы саз сырнайдай сызылған дауыспен Мәдинаның «Ризамын саған, тағдырым» әні ойнап жатыпты. Мұны қалай кездейсоқтық дейсің?..
Құнды нәрсенің қызығы ұзақ, қолжетімділігінде болмайтыны сынды, халқына қадірменді қыз да сағым уақыттың уысында сусып кете барды. «Әттең, тонның келтесі- ай» деп өзі айтатындай, бір кем дүние... Осылай шыңдағы шынары қол жетпес мұнарға айналып, күрең күзде күңіренткен келте ғұмыр, тағдырдың салған ісіне не істерін білмей қимастықпен қала берді. Аяулы елі айналып, сағындырған сахараның аруын есіне халқы үнемі алады. Соңғы демі шыққан жер қазір Мәдина аталады. Қызылорда қаласында М.Ералиева атымен аталатын Мәдениет үйі болса, Қазалыдан жаңадан салынған көшеге сахна сандуғашының есімі беріген.
Дүниежүзілік жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі атағын алған ән еркесі өнерін қастерлейтіндер үшін «Халық әртісі» болды. Ол абыройлы атақты алуға Мәдинаның мүмкіндігі бар еді. Өзі ықыласты болмады ма, келте ғұмыры кедергі етті ме, кім білсін?
Жақындарының жазбасына зер салсақ, өнер жолына, өміріне бағыттаған жоспары мен армандары көп болыпты.
Ерекше дауыс иесі өзіне ғана тән орындау шеберлігімен, әншілік мәнерімен, нақышты бояуы­мен орнын ойып алды. Халықтың қалаулы қызы аман болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Тағдыр бұл күнді көруді бұйыртпаса да, соңында салиқалы ұрпағы, жоқтаушы жұрты, «Ақыл көпке жеткізер, Өнер көкке жеткізер» деп мызғымас мұнара тұрғызған мәңгілік мұрасы қалды. Жер бесікке мүрдесін берген ақмаңдайлысын ешкім жадынан алыстатпады. «Өнерліге өлім жоқ» деген осы шығар.

Дайындаған
Алтын МЕЙІРХАНОВА
21 қыркүйек 2024 ж. 69 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031