Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Табиғи шатыр – табылған ақыл

Табиғи шатыр – табылған ақыл

Әлеуметтік желіде жарқ ете қалған көріністі алғашында шет елдегі көрініс деп ұғындық. Ал ол өзге мемлекетте емес, өз жерімізде жасалғанын білгенімізде, таң қалдық. Ұзамай тауып алдық. Мектепбай учаскесіндегі «Азия Камыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қамыс базасы болып шықты. Жабынды уақытша ық-пана үшін немесе қолда бар дүниеден жасай салған уақытша дүние емес, тәжірибелерге сүйеніп жүзеге асқан жұмыс нәтижесі екенін білдік.
Сыр қамысын ел табысына айналдырған қазалы­лық кәсіпкер келіншек Венера Тайлақбаева табиғи өнімді Еуропа елдеріне экспорт­тай жүріп, саласының қыр-сырын жетік меңгеріп үлгерген.
«Сіз қамыс шатырын көрдіңіз бе?» болды оның алғашқы сұрағы. Күмілжіп бірлі-екілі жағажай мен тамақтану орындарында маусымдық орындарда болмаса, шатырды тұтасымен жапқан үй көрмегенімді айттым.
«Қазалыдан шыққан қамыс дамыған елдердің өзінде ғимараттың сыртқы бөлігіне қапталғанда, олардың қаншалықты ерекше және қызықты, көрінісімен көз тартатынын көрсеңіз, бұлай таңданыс тудырмас едіңіз», – деді қызықтыра түсіп.
Қамыс шатырлар адам жасаған алғашқы шатырдың бірі. Бүгінгі күні шатырдың бұл түрі қайтадан танымалдылыққа ие. Айтуынша, қамысты кезкелген ғимаратқа жабуға болады. Қазіргі таңда еуропалық технология бойынша шатырдың бұл түрі зерттелгендей, ең мықты, берік, таза экологиялық тазалығымен сұранысқа ие. Әдеттегі шатырлар 5-10 жылда өз беріктігін бұзып, бастапқы қалпынан алшақтаса, қамысты шатырдың қызмет ету мерзімі жарты ғасырдан бастап, күтіміне қарай ұзара түсетін көрінеді. Олардың кептірілген, өте икемді сабақтары ең батыл дизайнды жүзеге асыруға мүмкіндік береді екен.
«Азия Камыштың» тұтынушылары біздің жергілікті өнімді көбіне осы мақсатқа пайдаланады. Байқағанымыз, бүгінгі таңда шатырдың бұл түрі Еуропа елдерінде элиталық сапаға саналады. Қамысты оның жоғары құнына байланысты сатып алуға әркім қол жеткізе алмайды.
Қамыспен шатырлағанды көрмесек те, қазалылықтар күні кешеге дейін үй төбесі төсеміне осы өнімді қолданып келгені ойға оралды.
Ал «қамыстың қандай түрін пайдаланған дұрыс?» деген сұрақты қойдық.
«Өз ғимаратын шынымен әдемі және сапалы шатырмен безендіргісі келетіндердің барлығына Кәукейдің қамысын ұсынамыз. Ол батпақты шалғынды жерлерде, өзен мен көл жағалауларында өседі. Сынуға бейім емес және механикалық әсерге төзімділігі жоғары. Сонымен қатар жылу оқшаулау сипаттамаларына ие. Қамыс суда өсетіндіктен, оның ыдырау процестеріне және температураның күрт өзгеруіне төзімділігі табиғатпен алдын ала анықталған. Кез келген шатыр жабыны қайта пайдалануға болатын мұздату және еріту кезінде бұзылу процестеріне ұшырайды. Бірақ бұл ереже қамысқа қолданылмайды. Суық кезде оның сабақтары кеңейіп, қар еріген кезде тарылады. Табиғат-ананың еңбегі!», – дейді Венера.
Қамыс – үнемді материал. Дұрыс төсел­ген материал ағып кетпейді немесе шіріп бұзылмайды, сондықтан оны ауыстыру қажеттілігі жоқ. Сонымен қатар, қамыстың төбесі шу мен гидрооқшаулаудың жоғары деңгейін қамтамасыз етеді. Сарапшылар бұл материалдың жылу өткізгіштігін 15 метрлік шыны жүн қабатының жылу өткізгіштігімен салыстырады. Сондықтан қамыс солтүстік және оңтүстік аймақтар үшін керемет нұсқа. Жазда салқын, қыста жылы. Керемет дыбыс өткізбейтін қасиеттері бар. Қамыс шатыры материалының басты артықшылығының бірі, оның ең қатал климаттық жағдайларға төзімділігі. Қазіргі таңда адамдар арасындағы денсаулықтың нашарлауының бірден-бір себебі сапасыз, зиянды құрылыс материалдарынан туындайтынын айтады ғалымдар. Бұл орайда экологиялық таза табиғи материал қамыс аллергиялық реакция тудырмайды және бактериялардың көзі болып табылмайды.
Тағы бәр тәнті еткені, мұндай шатырды орнату арқылы оның иелері гидро, бу және жылу оқшаулауын үнемдей алады.
Бұл сол жерде ойға түйген пікіріміз.
Біз көрген нысанға құрылысшылар қалың­дығы 30 сантиметр болатындай қылып төбеге салған. Бір шаршы метрге келетін құрғақ материалдың салмағы 40 келі болса, ал ылғалдай қамыс салмағы шамамен 50 келіні құрайды екен. Шатырдың пішініне қатысты кейбір шектеулер барын білдік. Қамыс төбеде 30 градус көлбеу бұрышта жатуы керек. Бұл судың тиімді ағынын қамтамасыз ету үшін қажетті. «Өртеніп кетпей ме?» деген көкейге келген сауалды да іркіп қалмадық. Ұсталар қамысты тығыздап, том кітап сияқты етіп жапқанда, арасында оттегі болмағандықтан, өртенбейді екен.
Көптеген ғасыр бұрын адамзат бірнеше қабатқа салынған қамыс сабақтарының ылғалды ұстап тұру қабілетін бағалаған. Бамбуг та қамыстың бір түрі. Оның қасиеті мен қадерін қытайлықтар қаншама жылдық, қаншама томдық зерттеулерге арқау қылып, төл брендіне айналдырған. Табиғи шатыр – табылған ақыл. Ендеше, ата-бабаларымыз осы қасиетін ертеден білген табиғи, қолжетімді шикізатты неге тұтынбасқа?..

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

21 қыркүйек 2024 ж. 197 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031