Жолдасы жұмыс болған жігіт

Округ әкімі Ақылбек Бөлебайдан ау-жайды сұрағынымда, ауылдың абыройының артуына атсалысқан Аман сынды азаматтар барын айтты. Сұрап білдік. Қатарластарының көбі өмірден әлі өз орындарын алып үлгермесе де, біздің кейіпкеріміз құрбы-құрдастарының арасынан дараланып, ел сайлаған азаматқа айналып үлгерген.
Сол топырақтың тумасы мектеп бітірген соң өзгелер сынды бақытты басқа жақтан іздемей, туған жерінен тер төгіп, өрістетуді ұстаным етеді.
«Әрекет түбі – берекет. Жұмыс жоқ, ақша жоқ. Мемлекеттік жүйе дұрыс емес деп, үйде жатып, қам жасамай жататын толқындастарыма таңғаламын. Жұмыс істеген, іздеген адам қайдан да табады. Қимылдаған құр қалмайды. Әр адамның өзіне лайық бір іске бейімі болады. Соны дамытып, ізденісін арттырса, алынбайтын қамал болмайды», – дейді Аман Дәулетбаев.
2016 жылы Дәулетбаевтар отбасы төрт түлік өсіру мақсатында 500 гектар жайылымдық-шабындық жер алып, «Тайкеткен» шаруа қожалығын құрады. Отбасылық істің бұйдасын ұстағандар сол уақыттан бері мал басын арттырып келеді. Төрт түлікті түлету тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мәселесін түбегейлі шешпесе де, тіршілікті түгендеп, тұрмысты жандандыруға мүмкіндік береді.
«Бір істі бастауға бір іс түрткі болады. Мал баға жүріп, оларды күтіп-баптаудағы басқа қажеттілік жем-шөбін дайындау мәселесі алдымызда тұрды. Осы бағытқа көңіл бөлдік. Бұдан бөлек, отбасымыздың үрдісіне айаналған бақша егуді де доғарған жоқпыз. Қазір табиғи таза өнімді тұтыну жайы басты мәселе болып жатыр ғой. Бұл тұста жергілікті, төл өнімді тұтынып отырған біздің тауарымызды сұраушылар қашан да болды», – дейді. Ұсыныс бар жерде сұраныс бар. Қажеттілікті қанағаттандырамыз деп жүрген кәсіпкер 2001 жылы оңтайлы ұсынысқа ұшырасады.
Аудан көлемінде жергілікті табиғи құрылыс материалын шетелдерге экспорттаумен айналысатын «Азия камыш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Венера Тайлақбаева Аман Қайруллаұлын бірігіп жұмыс істеуге шақырды. Жастайынан жерден несібесін терген жігіт ұзақ ойланбай, келісім береді.
Сол күннен бастап Аман бастаған ауылдағы бригада жігіттері тыңнан түрен салып, қамыс шабумен айналысады.
«Пішен ору, қамыс шабу – ауыл баласы үшін таңсық көрініс емес. Бірақ халықаралық талапқа сай болу үшін оны дайындаудың өз қиындығы бар. Қамыс, әдетте қыста шабылады. Біздің жақтың ауа райының салқындығын өзіңіз білесіз. Қақаған мезгілде техникаларды жұмыс қалпына келтіру аз күшті қажет етпейді. Шетелдік шабу құрылғысының қыр-сырына қанығып, оның бұзылған ақауын анықтау, дер кезеңде қалыпқа келтіруде асқан қырағылық керек. Жауапты жұмысты өз орайына қарай уақытымен, межесімен орындасаң, үйден ұзамай-ақ діттеген нәтижеге жете аласың», – дейді ол.
Аманға артылар жүк тек қамысты дайындау, барысын бақылау ғана емес, тұрақты 2 маусымдық кездегі 10 адамға дейінгі бригада ісін ұйымдастыру, ұйыстыру, жұмылдыру.
Маусымына 5-6 камаз қамысты шекарадан асырып, тапсырыс берушілер талабынан көрініп жүрген жігіттер туралы В.Тайлақбаева былай дейді.
– Бозкөлде біздің еңбекқор бригадамыз бар. Оларға басшылық жасап отырған Аман Дәулетбаев жауапкершілігі зор, өз ісінің нағыз маманы. Қандай іс тапсырсаң да, меже мен үдеден шығуға бар мүмкіндігін салады. Сөзіне ісі сай мұндай жастар қатары көбейсе, барлық салада да жетістікке жетуге болады, – дейді пікірімен бөлісіп. Ауылдастары жолдасы жұмыс болған жігітті үлгі етіп, жерлестеріне әрдайым көмек қолын созуға дайын тұратынын айтты.
Алдағы жоспары туралы сұрағанымызда кәсіпкер:
– Болашаққа жоспар көп. Осы берекелі кәсіптің көлемін ұлғайтып, елді қолжетімді, жергілікті өніммен қамтамасыз етіп, жаңа жұмыс көзін ашу, отандық мал шаруашылығы дамуына, ет өнімдері кластерінің көбейтумен бірге, импорттық көрсеткішті азайтып, экспортқа шығаруға қор дайындау, – дейді бізбен қоштасарда.
Өзіміз әңгімелескен аз уақытта жігерлі жаның жүрген жолын көріп, ерінбегенге еңбек басын иетінін ұғындық.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА