Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаржылық сауаттылық: үнемдеуді қалай үйренеміз?

Қаржылық сауаттылық: үнемдеуді қалай үйренеміз?

Айман мен Жаннұр бір мекемеде жұмыс жасайды. Лауазымдары да бір. Тіпті ай сайынғы алатын жалақыларының да мөлшері тең. Бірақ, Айманның айлығы шайлығынан ауыспайды. Ал Жаннұр жалақысының жартысын жинайды. Жақында баспаналы болу бақытын сезінбек. Бұдан шығатын қорытынды қандай? Әлде бұл соңғы уақытта барлығымыз жабыла айтып, жарыса жазып кеткен қаржылық сауаттылықтың жемісі ме? Жалпы қаржылық сауаттылық дегеніміздің өзі не? Үнемдеуді үйрену ме?

Баланы бастан...
– Балаларды кішкентай күнінен қаржылық сауаттылыққа тәрбиелеу керек. Мына қызықты қараңыз, кішкентай балалар 4 жас­тан бастап дүкеннен өздері қалаған затты алуға ұмтылады екен. Яғни ата-ана баланы қаржылық сауаттылыққа осы кезеңнен бас­тап үйрете алады. Ол үшін әртүрлі әдістерді қолданамыз. Ең алдымен үнемдеу, орнымен жұмсау, қажеттіге ғана жарату сынды қарапайым дағдыларды басшылыққа алып, балаға сіңіруге әбден болады. Мысалы, бала жазда жұмыс істеп, азын-аулақ ақша тапса, ата-анасы жинауды, бір мақсатқа жұмсауды көрсетіп, түсіндіреді. Үйдегі тәрбиеден бөлек, қазіргі таңда қаржылық сауаттылық мектеп бағдарламасына да кіргізіліп жатыр. Мұндай бастама көп уақыттан бері айтылып келді, ұзақ талқыланды. Өйткені жеткіншектердің қаржылық сауатының қалыптасуы мектептен басталатыны анық. Бұл бір қырынан қарасақ кезек күттірмейтін қажеттілік. Себебі адам қарызға батып, несиесін төлей алмай, банкроттық жағдайға жеткен кезде оған қаржыны сауатты пайдалануды үйретуге өте кеш болады, – дейді бір сұхбатында экономист Құралай Сакибаева.
Өткен 2022-2023 оқу жылынан бас­тап мектеп бағдарламасына «Жаһандық құзыреттілік» факультативтік пәні енгізілді. Ондағы 36 сағаттың үштен бірге жуығы немесе толыққанды бір модулі қаржылық сауаттылыққа арналған. Ондағы мақсат – оқушыларға экономикалық және қаржылық мазмұндағы базалық білімді беріп, ақпаратты жан-жақты түсіндіріп, жаттығулар, жағдаяттық тапсырмалар, әртүрлі есептер жүйесін орындату арқылы сауатты ұрпақ тәрбиелеу.
Ал қазір оқушылар «Жаһандық құзыреттілік» факультативтік пәнінен не үйренеді? Қазалы қаласындағы №17 мектептің «Жаһандық құзыреттілік» факультативтік пән мұғалімі, Гүлбану Латипова былай дейді: «Жаһандық құзыреттілік» курсы факультатив форматында өтеді. Мақсаты – жаһандық азаматтық құзіреттілікке ие бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру. Курс 5-8 сыныптарда мынадай бес бірлікті қамтиды. Олар «Парасаттылық және этика», «Азаматтық және патриотизм», «Медиасауаттылық және қаржылық сауатттылық», «Тіршілік қауіпсіздігі», «Экологиялық мәдениет», 9-сыныпта «Зайырлылық және дінтану» юниті қосымша енгізіледі. Бұл ерекше пән оқушылардың жан-жақты дамуына оң әсерін тигізеді деп есептеймін.
Ал 11-сыныпта оқушыларға Кәсіпкерлік және бизнес осы тақырып төңіргегінде сабақ өтіледі. Кәсіпкерліктің қыр-сыры толық оқытылады. Балалардың мектеп қабырғасында-ақ қаржылық сауаттылығын арттырып, ақшаны қалай жарату керектігін үйрететін курстың берері мол».

Қарыздан қалай құтыламыз?
Ақпарат көздеріндегі мәліметтерге сүйенсек, алты жарым миллионға жуық қазақстандықтың банктік несиелері өтелмеген. Бір жарым миллионға жуығы микроқаржы ұйымдарынан несие алған көрінеді. Бұл азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына айтарлықтай әсер етеді. Қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайыздық мөлшерлемелері, ең бастысы, қаржылық сауаттылықтың төмендігі – жыл сайын халықтың мойнындағы қарыз қамытының қалыңдауына әкеліп соғады.
Сананы тұрмыс билеген заманда қаржылық сауаты жоқ адамның тығырыққа тірелуі әбден мүмкін. Көпшілігіміз онлайн несиенің опа бермесін білсек те оның көмегіне жүгінеміз. «жалақыдан жауып тастаймын» деген желеу­мен «құрығына» қалай ілікенімізді білмей де қаламыз. Әні төлеймін, міне төлеймін деп жүргенде қарызымыз еселеніп, қайтаруға әліміз келмей, әлек боламыз. Уақыт өте береді, банк шоттарымызға микроқаржы ұйымдары бұғау салғанда барып, қателікке бой алдырғанымызға анық көзіміз жетеді. Жалақы түсетін шот жабылып, ай сайынғы кіріс көзінің мөлшері елу пайызға кемігенде күнделікті азық-түлік алу мен жүріп-тұру қиындайды. «Былай тартса, өгіз өледі, былай тартса, арба сынады». «Бірдеңесі болар» деген дәмемен бір кредитті алып, екіншісін жабады. Берешекке белшеден батқан адам, енді оңай табыс табудың жолын іздейді. «қайдан қаржы тапсам екен?» деп шақшадай басы шарадай болған жанға «Салған қаржыңды еселеп аласың» деген аты компания, заты пирамида жолығады. Айта берсең әңгіме көп. Былықтан көз ашпаған күйі адам көлігін, тіпті жалғыз баспанасын сатуға мәжбүр болады. Болмаса, өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады. Мұның барлығы түптен келгенде қаржылық сауаттылықтың болмауынан орын алуда деген Парламент депутаттары Үкіметке сауал жолдап, мәселені ретке келтіруді сұраған болатын.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, жалпы орта есеппен әр қазақстандықтың басында 1 миллионға жуық кредиті бар екен. Соңғы кезде тіпті несиені несиемен жауып отырғандардың қатары артқан. Қарызын уақытынан кешіктіріп төлейтіндер мен өтеуді мүлдем естен шығарғандарға несие берілмейтіндігі де айтылып жүр. Сондай-ақ, жалақыға дейін қарыз беретін микроқаржы ұйымдарының да жұмысы шектелмек. Бұл шектеулердің барлығы қара халықты несиеден құтқару мақсатында жасалып отыр. Осыған орай тиісті заң жобасы депутаттардың бастамасымен әзірленуде. Енді елімізде ресми кірісі расталмаған жағдайда тұрғынға несие беруге тыйым салу жоспарлануда. Ресми кірісті пайдалану қарыз алушыларға қарыздық жүктемені азайтуға мүмкіндік бермек.
Қаржылық сауаттылық ең алдымен өз бюджетіңді, кірістер мен шығыстарды басқара алу қабілеті. Яғни күнделікті қаржылық процестерді жоспарлау мен бақылай алу. Жеке қаржылық есеп жүргізу дағдысы да сауаттылықтың белгісі. Одан бөлек, қазіргі таңда есептесудің басым бөлігі банктегі аударымдар мен мобильді қосымшалар арқылы жүргізілетіндіктен, техникалық сауаттылық қажет. Несие, депозит, ипотека, мүлікті кепілге қою, үлкен сомаға келісімдер жасау барысында өз құқығыңды білу және оны құжаттар арқылы дұрыс, қатесіз рәсімдей алу өте маңызды.
Жатық тілмен жеткізгенде қарапайым логика, білім мен дағдылардың жиынтығы. Мәселен, табысы жақсы азаматтар бар, жоғары жалақы алады. Бірақ айдың аяғында қалтасында ештеңе қалмай, қайда кеткенін білмей отырады. Табысы тәуір болса да не жинағы. Бұл қаржылық сауаттылықтың болмауынан. Сондықтан табыс табуды, оны арттыруды ғана емес, дұрыс жұмсап, үнемдеп, басқаруды да үйрену керек. Ол үшін кіріс шығыстан көп болуын қамтамасыз ету қажет. Яғни адам өзі жарататын ақшадан көбірек табыс тапса, қаржылық мәселелер оңтайлы шешілетін болады. Қатқан қағида ғой, сенде ақша бар немесе жоқ. Ақша жоқ болса оны жарата да, қолдана да алмайсың. Ал бар болса, орнымен жұмсап, артылғанын жинайсың. Негізгі базалық түсініктерді білу, сәттілікті немесе бір ғажайыпты күтпей, қолда бар қаржыны тиімді басқара алу қабілеті әрбір адамға керек. Ал ол үшін ең алдымен қаржылық дисциплина мен жүйелілік қажет. Мысалы, апталық, айлық немесе жылдық есеп жүргізіп, кіріс пен шығысты тіркеп, есептеп жазу жүйелі реттеудің алғышарты. Сол кезде адам белгілі бір уақыт шеңберінде қанша жинай алатынын, қанша үнемдеп, қанша жаратуға болатынын біледі. Әсіресе шынайы қажеттіліктерге кеткен қаржы мен импульсивті сатып алуларға жұмсалған ақшаны сараптап, реттеу жақсы нәтиже береді.

Алаяқтар аяласын асырып тұр
Ұялы телефон арқылы ғаламтордағы алдап-арбау көп. Оның ішінде қаржы пирамидалары мен желілердегі күмәнді маркетингтің құрбаны аз емес.
Қазақстанда қаржы пирамидасын құру және жарнамалау заңмен шектелген. Қылмыстық кодекстің 217-бабы «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша үш жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айырады. Ал оны жарнамалау бұрындары әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қаралатын, айыппұл салынатын. Қазір қаржылық пирамиданы жарнамалауға қатысты жаңа заң жобасы мақұлданып, ол қылмыстық кодекспен қаралады. Дегенмен ең бастысы әр адам өзінің құқықтық, қаржылық сауаттылықты да арттырғаы жөн дейді құқық қорғау саласының мамандары.
– Cоңғы кездері интернет желісін пайдалана отырып, жасалатын алаяқтық құқық бұзушылық фактілері көбеюде. Адамдарды алдау үшін алаяқтар «Instagram», «Facebook», «Telegram», «Вконтакте» әлеуметтік желілерін, «OLX.KZ», «MARKET.KZ», «KOLESA.KZ», «KRISHA.KZ» сайттарын және «What’s App» мессенджерін пайдалануда. Олар жалған интернет-дүкендер, «фейк» парақшалар, сайттар ашып, түрлі тәсілдермен адамдарды алдап, сенімдеріне кіреді. Мысалы, өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, есепшоттағы ақшаларды бөгде адам түсіріп алайын деп жатқанын айтып, есепшоттағы ақшаларды резерв шотқа сапуға сендіріп, әр түрлі халықаралық банк карталарына аударту арқылы иемденіп алуда. Одан басқа, азаматтардың жеке мәліметтерін пайдалана отырып, әр түрлі микрокредиттік мекемелердің сайттары арқылы онлайн несиелерді рәсімдесе, «Instagram», «Вконтакте», «What’s App» әлеуметтік желілері арқылы және «OLX.KZ», «KRISHA.KZ», «KOLESO.KZ» сайттары арқылы парақша ашып, әр-түрлі (пәтер, автокөлік, оның бөлшектері, киім-кешек, аяқ-киім сату, пәтер жалға беру, жұмысқа орналастыру, несие алып беру, банктегі қара тізімнен шығарып беру қызметтері және т.б.) жарнамалар шығарып, интернет желісінен жүктелген тауарлардың фотосуреттерін жүктеп, арзан бағаға сатылатыны туралы жарнамалаған. Жарнамаға қызығушылық танытып, хабарласқан адамдардан алдынала төлем талап етіп, «QIWI» әмияны немесе абоненттік нөмірге бірлік ретінде, сондай-ақ, банкоматтық карточкаларға ақша аударту арқылы немесе шығарылған шынайы жарнамаларға жалған қызығушылық танытып, сатып аламын және сол үшін ақша аударамын деп сендіріп, адамдардың банкоматтық карточка нөмірлерін және ұялы телефонына келген смс-кодтарды біліп алып, интернет-банкинг жүйесін бұзу арқылы есепшоттағы ақшаларды басқа есепшотқа аударып, иемдену де көрініс табуда.
Осындай жайттарға байланысты тұрғын­дарға қауіпсіздік шараларын, атап айтқанда, банкоматтық картаныздың нөмірін және CVV-кодын, ұялы телефонға банктен келген смс-кодтарды ешкімге айтпауды, жеке куәлігіңіз бен банкоматтық карточкаларыңыздың фотосуреттерін, ЖСН және банктердегі есепшот нөмірлеріңізді ешкімге жолдамауды ескертеміз. Егер Сіздің банкоматтық картаңызға ақша түссе, ол ақшаның нақты қайдан түскенін банк арқылы білуді, Күдікті сайттарға, «What’s Аpp» мессенджеріндегі «ақша көбейтетін» топтарға кірмеуді, «AnyDesk» бағдарламасын ұялы телефонға қондырған кезде және «MetaTrader 4» платформасымен жұмыс жасағанда ерекше сақ болуды ескертеміз, – дейді Қазалы ауданының полиция бөлімі криминалды полиция бөлімшесінің жедел уәкілі полиция капитаны Нұрбек Алмағамбетов.

Мемлекет мән берген мәселе
Елімізде көрсетілетін қаржылық қыз­меттерді пайдалана білу және қаржы жүйесі туралы жалпы хабардар болу көрсеткіштері төмен деңгейде екені анықталған. Мәселені шешу үшін ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі үкіметтің 2020 жылғы 30 мамырдағы қаулысымен бекітілген «Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасының» шеңберінде жұмыс істеуде. Тұжырымдама негізгі төрт бөлімнен тұрады: «Ағымдағы ахуалды талдау және үрдістер», «Мақсаттар, міндеттер, және негізгі қағидаттар», «Басым бағыттар, тақырыптар және нысаналы топтар», «Күтілетін нәтижелер және тұжырымдаманы іске асыру кезеңдері». Осының негізінде іске асырылған нәтижелі жобалардың бірі – FinGramota.kz сайты. Сайт қаржылық сауаттылық деңгейі мен қаржылық мүмкіндіктері әртүрлі аудиторияға, барлық әлеуметтік топтарға арналған. Ол Facebook, Instagram, Telegram, YouTube, Aitube, TikTok сынды танымал әлеуметтік желілерде де ақпарат таратуда. Сайттан бөлек, Fingramota Online мобильдік қосымшасы да бар. Ол тұтынушылардың құқықтарын, мүдделерін қорғаумен және қаржы реттеушілерінің халықпен, бизнеспен өзара байланысын қамтамасыз етумен айналысады. Қосымшаны App Store, Play Market-тен жүктеп алуға болады. Сонымен бірге мұндай цифрлық ресурстардан бөлек, несие алудағы, инвестициялық сауаттылық, онлайн-алаяқтық пен қаржы пирамидаларынан сақтану тақырыптарында тренингтер, дәрістер, вебинарлар, басқа да оқыту шаралары тұрақты өткізілуде. Жоғары атап өткен мектеп бағдарламасына енгізіліп жатқан пәндерді де атап өткен дұрыс. Ресми деректерде тұжырымдама шеңберінде жүргізілетін іс-шаралардың тиімділігін бағалау үшін жыл сайын әлеуметтанушылар зерттеулер жүргізіп, соның негізінде мониторинг жасайтындығы жазылған. Осы есепке сүйенсек, Қазақстанда соңғы үш жылда қаржылық сауаттылық деңгейі 39 пайыздан 40,2 пайызға дейін өскен.

Үнемдеуді үйрену үшін...
Қаржылық сауаты жоғары адам өз кірістері мен шығыстарының есебін жүргізеді. Ол қысқа және ұзақ мерзімді қаржылық жоспар құрады. Сондай-ақ банктерден және микроқаржы ұйымдарынан несие алмайды. Тапқан ақшасымен өмір сүреді және жинақ жасайды. Әрбір жалақыдан кем дегенде 10% қалдырады және оларды түрлі сылтаумен жұмсап тастамайды. Қаржы әлемін қадағалап отырады және соны басшылыққа алады, яғни. Оның жеке резервтік қоры бар. Бұл дегеніңіз күтпеген жағдайлар үшін сақтаулы тұрған ақша. Сіз жұмыстан айырылып, ауырып қалуыңыз мүмкін, сізге шұғыл түрде көлікті жөндеу немесе пәтерде жөндеу қажет болуы мүмкін. Өмірде орын алатын түрлі проблемаларды шешуге дайын болуыңыз үшін резервтік қор қажет. Осы секілді қарапайым қағидаттарды ұстану арқылы қаржылық жағдайыңызды қалыпты, тіпті жоғары етуге болады.
Мамандар айтқан нақты қадамдарды атар болсақ, алғашқы қадамы – дұрыс талдау, отбасылық бюджетті құру. Қарапайым қағазға жазсаң да, ұялы телефонға тіркесең де, әйтеуір жүйелі есеп жасау қажет. Келесі, қаржылық мақсат қойып, ұмтылу. Яғни жинақты жоспарлы, мақсатты түрде жүргізудің тиімділігі туралы сөз болып отыр. Мысалы, саяхатқа шығам деп несие алып, жолға шығып кеткеннен гөрі алдын ала жоспарлап, қанша керек, қолда қаншасы бар, бағасы қазір алсам қандай, үш айдан кейін алсам ше, алты айдан кейін ше деп талдау жасау керек. Ойланып, шешім қабылдап, осы соманы жинау үшін қанша уақыт, неше теңгеден қалдырып отыратыныңызды анықтап аласыз. Кез келген ауқымды сатып алулар үшін осы әдісті қолданған жөн. Одан соң, әрине, қауіпсіздік қоры. Рас, барлық күнделікті шығындардан бөлек қор жинау көпшілігімізге қиындау. Соған қарамастан, артық шығындарды қысқартып, алғашқыда 5 пайыз, кейіннен 10, 20 пайыздан қауіпсіздік қорына салып отырудың көмегі көп.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
17 қыркүйек 2024 ж. 113 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 57

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 66

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031