Балаңды қаржылық сауаттылыққа баулы
Фото: www.shutterstock.com
Жиенімнің таңертеңгілік мектепке баруы кішігірім майдан. Сабаққа алдаусыратып әрең жібереміз. Қалтасына күнделікті қалағанын алуына тиын-тебен салмайынша үйден шығып болмайды. Жұмысқа асыққан әке-шешесі баласын сабақтан қалдырмас үшін бар дегенін жасайды. Бала да соны жақсы біледі, ал ұсақ ақша болмай тұр десе, сабақтан оңай қала салады. Әнеугүні жол түсіп үйіне бардым. Әпкем мен жездем басқа қалаға бірнеше күнге сапарлап кетті. Әдеттегідей жиенімді таңертең сабаққа ояттым. Ал ол ақша бермесең, бармаймын деп қиғылық салды. Қалтамдағы ұсақ 200 теңгені қолына ұстатқан едім, бетіме лақтырып кеп жіберді. Сөйтсем оның күнделікті қалтапұлы 1000 теңгеден кем түспейді екен. Әпкем кетіп бара жатып: "Әмір сабақтан қалып қоймасын, ертең оларда бақылау жұмысы" деген соң, амалсыз сұрағанын беріп, сабағына жөнелттім. Әйтеуір кетті ғой деп қуанғаныммен, баланың әлден масылдыққа бой үйретіп жатқандығы көңілде кірбің ұялатты.
Қоғамда жоғарыдағыдай жағдай көп отбасында кездеседі. Оған кінәлі біреу бар болса, ол – өзіміз. Мұның барлығы әу бастан балаға ақшаның қайдан, қалай келетіндігін түсіндірмеуден туындап отырғаны бесенеден белгілі. Қала берді ата-аналардың қаржылық сауаттылық тұрғысындағы білімінің таяздығынан десек болар. Қызығы мұны көбі мойындамайды. Әйтсе де бұл шындық. Жалпы балаға қаржылық сауаттылықты үйрететін ең жақсы мұғалім –ата-ана. Олай дейтінім, бала күнделікті өмірде ата-ананың қаржыға деген қарым-қатынасын көріп өседі. Соған қарап өз дағдыларын да қалыптастырады.
Ағылшындарда мынадай бір мақал бар. "Балаларды тәрбиелемеңіз – олар бәрібір сізге ұқсайтын болады. Өзіңізді тәрбиелеңіз" дейді. Расында да ата-ана бала тәрбиесінің айнасы. Олар ақшаға қалай қарым-қатынас жасаса, бала дәл солай айнытпай қайталайды. Баланың қатардан қалмай, ештеңе мұқтаж болмағаны жақсы делік. Бірақ жоспарсыз, бей-берекет шығын шығарудың соңы баланың ата-ананың мойнына мініп, масыл болуына әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Бірақ баланы мұндай масылдықтан қалай арылтуға болады? Сарапшы мамандар мұның алдын алудың өзіндік аспектілері бар екенін алға тартады. Ол үшін белгілі бір дағдыларды үнемі қаперде ұстау қажет екен. Мысалға айтар болсақ, әуелі отбасылық бюджетті жоспарлау, одан кейін балаңыздың өз қаржысын үнемдеуін қамтамасыз ету үшін ақшаға деген көзқарасын дұрыс қалыптастыру, сондай-ақ, ақша туралы алған және қолданатын білімдерді олармен ұдайы бөлісіп отыру керек. Сонда ғана бала ақшаны ысырапсыз әрі бей-беркет жұмсауды үйреніп, қалтапұлын да тек қажеттілік болғанда жұмсауға ұмтылатын болады.
Шыны керек, балалардың дені ес білгенше ақша өздігімен келеді деген түсінікке алданып өмір сүреді. Өйткені оларға жалақы деген сөздің мағынасы түсіндірілмейді. Содан да болса керек, балаларды "ақша қалай, қайдан келеді?" деген сауал ойландырмайды. Қаржы мамандары мұның дұрыс еместігін айтады. Сөздерінше, ата-ана балаға ақшаның қайдан келетіндігін айту керек. Айлық, жалақы деген не екенін түсіндіруі тиіс. Тіпті болмаса, оны жұмыс орнына апарып, қайда еңбек ететіндігін көрсеткен дұрыс. Сондай-ақ өсіп қалған балаларына оқумен қатар жұмыс істеп, табыс табуға да мүмкіндік берген жөн. Сонда ғана оларды ақша мәселесінде өзіндік шешім қабылдауға үйретуге болады-мыс.
Бұл алгоритмдер ата-аналарға жақсы таныс. Бірақ бәрі бірдей мұны орындап жатқан жоқ. Оған түрлі себеп бар. Бірі балам тарығып өспесін, өскен соң өзі-ақ ұғынады десе, ал кейбірі бала кезден ақшаны жұмсап үйренсе, жаман болмайды деген пікірді ұстанады. Дұрыс та шығар. Өйткені қалтапұл – қаржылық сауаттылықты үйретудің үздік тәсілі. Тек оның балаға берілетін мөлшерін дұрыстап анықтап алған жөн. Бірде кем, ал кейде көп болып кетпегені де дұрыс. Сондай-ақ оның қай кезде қанша жұмсағанын бақылап отырған жөн.
– Балам 3-сыныпта оқиды. Мектепке барарда көбіне 500 теңге беремін. 100 теңгесі маршрутқа кетсе, қалған 400-теңгесін дүкеннен бірдеңелер алып жейді. Негізі мектепте асханадан тегін тамақ ішеді. Бірақ кейде тоймай қалатын көрінеді. Үйден таңғы асын ішпей шығатын болған соң, қарны аш боп қалмасын деп артық ақша беремін. Кейде ақшасын толық жұмсамай келеді. Ертесіне тағы беріп жатсам: "Анашым, кешегіден тиын ауысып қалды" деп жатады. Бұл баламды басынан өтірік айтпауға, ақшаны жүйелі жұмсауға үйреткенімнің нәтижесі деп білемін, – дейді ата-ана Назым Бауыржанқызы.
Барлық ата-ана баласын қаржылық сауаттылыққа осылай баулыса жақсы, әрине. Бірақ қаржыны үнемдеудің жолын білмейтін, оны жөн-жосықсыз жұмсайтындар қаншама... Бірақ бұл қателіктердің орнын толтыру бүгінде оп-оңай. Сауаттылықты арттыратын тренингтерге қатысып, бюджетті жоспарлау туралы пайдалы кітаптарды оқып, ақша жайлы фильм жиі көрсеңіз бұл мәселелермен кезікпеуге әбден болады. Бастысы өзіңіз соған құлықты болсаңыз болғаны.
Арайлым ЖҮСІПОВА