Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Вандализм: тентекті қайтсек тезге саламыз?

Вандализм: тентекті қайтсек тезге саламыз?

Өзге қалада жүргенде әлеуметтік желіні шарлаған бір бейнежазбаға көзім түсті. Қазалы қаласының көшелерін түсірген видео авторы көрікті жерлерді кадрына алыпты. Орталық саябақ алдында орнатылған «Қазалы» деген көрнекілік жазуға кімнің де болсын тамсана қарағаны рас. Анаубір жылдары осы жазуды 20 жылдық түлектер орнатып, қала тұрғындарына тарту еткенін естіп едік. Үлкен, биік, қараңғыда жарық беріп тұрған сол жерге барып суретке түсуді мен де ойладым...

Үлкен қаладағы қым-қуыт тіршілік пен у-шудан әбден қажып, ауылдағы демалысты мен де аңсап ауылға қайттым. Демалыс күндерінің бірі. Кешкі серуенге шығып, саябаққа бет алдым. Әлгінде айтқан «әдемі жазуға» асыға келіп қарасам... Тіпті сұмдық. Жазу әріптері шытынап кеткен. Таспен ұрып сындырғаны көрініп тұр. Қала келбетін құртқан жазу ақыр соңында алынып тасталды. Қай саябаққа кірсең көретін көрініс сол, орынтақты (скамейка) былай да былай ауыстырып, ыңғайына жаратып қояды. Қанша рет жаңартылса да шамын сындырады да тұрады. Бұл әрекетті «вандализм» десек, орындаушысы – жастар. Ал оларға қашан тоқтау қоямыз?
Вандализм кеше ғана пайда болған жоқ. Тарихы сонау ертеде жатыр. Рим империясында пайда болған. Түп мағынасы «қиратушы», «сындырушы» дегенді білдіреді. Римнің империя болып тұрған шағы екен. Мәдениеті осал тайпалар Римнің архитектуралық құрылысын қиратса керек. Содан осы термин соларға телінген.
Одан бері талай ғасыр өтті, дәуір көшті. Алайда бас бұзарлардың әлі де бар екені қынжылтады. Алыстан арбаламай, жақыннан дорбалап көрейікші. Аудандағы ардагерлер аллеясы нағыз гүлзарға айналған. Мұнтаздай таза. Гүлмен көмкерілген аллея демалыс орнының біріне айналып келеді. Десе де жақында ғана жаңартылған шамын әлгінде біреу сындырып кетіпті. Оны қарапайым жұмысшы жинайды, реттейді. Ал сандалған ойыншықпен ойнағандай күлін көкке ұшырады. Демек вандалдардың дәуірі әлі өткен жоқ деген сөз.
«Лихие 90-е» дегенді естіп пе едіңіз? Бұл жылдары көшеге құрылыс жасау мүмкін емес болған. Олай емес пе? Жарық салса сындырады, орындық қойса қиратадының кері. Бірақ араға біршама уақыт салып, бұл мәселенің беті бері қарағандай еді. Халықтың жағдайы жасалды, тұрмысы түзелді. Демек сана да көтерілді деген сөз. Бірақ... Мәселенің қайсысы болсын осы бірақтан туындайды. Қандай да бір жарық түссе көлеңкеңіз қатар жүретіні анық қой? Сол секілді мәдениет дамыған сайын оның көлеңкесі де үлкейе түседі.
– Бұл адамның ішкі мәдениетінің төмендігін көрсетеді. Ауданда осындай жағдайлар болып жатыр. Демалыс орындарымыздағы тарихи ескерткіштер мен орындықтарды, жарық шамдарды сындырып-қирату «сәнге» айналған секілді. Басты мәселеміз де осы. Халыққа пайда тигізудің орнына тым жақсы дүниелерді қиратамыз. Оның барлығы жастардан шығады. Әрине көпке топырақ шашпаймын. Дегенмен анығы осы. Кейінгіні тәрбиелеу үшін алдымен өзіңді жөнге салған дұрыс. Бұл әлімсақтан қалған қазақы қағида, – дейді кент тұрғыны Назира Төлегенова.
Қай ата-ана ұрпағын жаман болсын дейді? Қоғам да оны құптамайды. Сонда қайдан шығып жатқан тентектік? Осы күнге дейін «дым да болмайды» деп жүрген «жүгермектер» бұзақылығы үшін енді қатал заң күтіп тұрғанын біле ме екен?
Осы жылдың 5 шілдесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам саудасына, вандализмге және мүліктік залалға қарсы күрес шараларын күшейтуге бағытталған маңызды заңнамалық актілерге қол қойды. Оның ішінде мемлекет қорғауына алынған тарихи, мәдени және басқа да нысанды қасақана жою немесе зақымдағандарға қатысты қылмыстық іс қозғалып, жауапкершілік біршама қатаятыны көрсетілген. Қол қойылған құжатта ауыр вандализм үшін қылмыстық жауапкершілік арқалайтындардың жасы 16 жастан 14 жасқа дейін қысқартылды. Бұл еліміздің тарихи мәдени және қоғамдық орындардағы тәртіпсіздікті жою мен адамдардың өзіне және айналасына деген мәдениетін жоғарылату мақсатында қолға алынған заң жобасы болып отыр. Президент қол қойған заң жобасында көрсетілген жаза бұрынғыдан бірнеше есеге ұлғайтылған. Бұл – әлемдік тәжірибеге сүйене отырып жасалған қадам. Себебі қоршаған ортаға залал келтіру ісіне өркениетті қоғам төзбейді. Сонымен Қылмыстық кодекстегі вандализм үшін жазада айыппұлдың көлемі де өсті. Мысалы, вандализм әрекеті анықталса тұлғаға 200 АЕК-ке дейін айыппұл тағайындалады. Бұл дегеніміз – шамамен 740 мың теңге көлеміндегі қаражат. Сонымен қатар 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу көзделген. Бұл ретте, ірі құқықбұзушылықтардан басқа, заң жобасында ұсақ бұзақылыққа да қатысты жазаны күшейту көзделген.
Түйін: Қазақ елі табиғаты бай, ерекше мекендерден кенде емес. Тарихқа көз тастасақ, бүгінгі бізге жеткен қазақ сахарасының қай түкпіріне барсаң да көнеден сыр шертер көп дүниеге қанық боларың сөзсіз. Өкініштісі – сол жауһарлардың кейбір жағдайда адам колымен бүлінуі, беткі бөліктерінің боя­лып, әртүрлі есімдер мен ру аттары жазылып, айғыздалып жататыны. Табиғаттың талай ғасыр өз қойнауында сақтап келген дүниесін бүгінгі ұрпақ өз қолымен бүлдіруі қандай өкінішті. Ал вандализммен күресудің кешенді шаралары тек табиғи қорықтар мен киелі орындарда ғана емес, жаппай ел аумағында жүргізілуі керек. Тіпті кез келген азаматтың бойына табиғатты аялау қасиетін дарытудан бас­таса істің оңалары анық. Алайда бүлдіру мен қиратуды жаны сүйетін вандалдарды біз де түсіне алмадық. Қандай мақсат? Қандай ләззат?
Айнұр ӘЛИ

07 қыркүйек 2024 ж. 106 0

Баба рухы ардақталды

10 қазан 2024 ж. 55

Талғардағы трагедия

10 қазан 2024 ж. 65

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031