Кемел тәрбие – келісті келешек кепілі
Адамзат жаратылғалы қанша кезең өтіп, уақыт алмасса да, өркениет өлшемін өрістетер жалғыз жол – білім екендігі өміршеңдігін жоймаған өзектілігін көрсетіп келеді. Балапанды күзе санайды. Өткен жылда жеткен жетістіктер сараланып, кеткен кемшін тұстар санамалатын ұстаздардың жаңа оқу жылы қарсаңындағы дәстүрлі басқосуы биыл да өтті.
Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында ұймдастырылған «Адал ұрпақ. Саналы жасөспірім. Кемел келешек» атты кеңейтілген алқа отырысын аудан әкімі М.Шермағанбет ашып, жүргізіп отырды.
Жиынға Қазалы ауданының мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, Қазалы ауданының прокуроры Дарын Әбіш, білім саласының ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Қуанышбаев, дербес бөлім басшылары, ата-аналар комитетінің төрағалары, білім беру ұйымдарының басшылары және ұстаздар қауымы қатысты.
«Білім берудің барлық деңгейінде балалардың лайықты, сапалы білім алуы мен тәрбиеленуіне қолайлы жағдай жасау, олардың мүдделерін қорғау – аса маңызды басымдыққа ие. Оның ішінде, балабақшадағы тәрбие мен білім беру – балалардың келешекте тұлғалық қалыптасуының негізі болып табылады.
Біздің оқу-ағарту саласын дамытуға, білім сапасын көтеруге бағытталған бар жұмысымыз осындай алтын өзекке негізделген. Сондықтан барша ұстаздарға артылатын жүк ауыр болары анық», – деп сөз бастаған аудан басшысы келелі кеңестегі тақырыптық талқылаулардың нәтижесінде көтерілген мәселелер мен қабылданған ұсынымдар алдағы уақытта білім саласының ең өткір, өзекті мәселелерін шешуге ықпал ететінін айтып, білім мен тәрбие берудің ұлт мұраты алдындағы маңызды міндетіне тоқталды.
Атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов хабарлама жасады.
Әділхан Оңдасынұлының мәлімдеуінше, «Баршаға қолжетімді сапалы білім» ұлттық баяндамасынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру жөніндегі өңірлік Жол картасы аясында 4 бөлім 17 міндет, 57 бағытта 140 іс-шара жүзеге асырылған. Аудандағы 49 мектепке дейінгі ұйымда 4790 бала қамтылған.
Президент пәрменімен соңғы 4 жылда мұғалімдердің жалақысы 100 пайызға артқан. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының білім беру ұйымдарына енгізілуі мүмкіндіктерге жол ашқан.
Әйтеке би кентінен 250 орындық мектеп алғашқы шәкірттерін қабылдамақ. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында құрылысы қарқынды жүргізілген Жанқожа батыр ауылынан 300 орындық мектеп жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығынан жоспарланған 600 орындық мектептің құрылысы басталған. Одан бөлек, Әйтеке би кентінен жеке кәсіпкерлердің қаражаты есебінен 1 жеке мектеп құрылысының жұмысы жүргізілуде 2 жеке балабақша құрылысы аяқталуға жақын.
2023 жылдың шілде айынан бастап меншік нысанына қарамастан барлық мектепке дейінгі ұйымдарға цифрландыру саласындағы енгізілген Face ID мобильді қосымшасы арқылы, балабақшалардағы нақты келген тәрбиеленушілерге ғана мемлекеттік тапсырыс орналастырылып, нәтижесінде биыл 40 миллион теңгеге жуық қаржы үнемдеуге мүмкіндік алған.
Мектепке дейінгі ұйымдарда «ІТ балабақша», «Жасыл балабақша», «Балабақша театры», «Ұлттық құндылықтар бағытындағы білім беру», «Оқуға құштар балабақша», «Қазақстанның киелі жерлерінің герографиясы», «Еңбек – елдің мұраты» кәсіпкерлік мектеп жобалары «Тірек балабақшалар» желісі қалыптастырылып, сәтті жүзеге асырылған жобалардың іс-тәжірибесі аудан көлемінде таратылған.
Балабақша қызметінің басым бағытын айқындау, әрбір ұйымның жеке Даму бағдарламасын әзірлеу, тәрбиеленушілердің білім алудағы жетістіктері негізінде педагогтің қызметін бағалау, «Ұстаз Ұлттық платформасы» арқылы «Педагог бейіні» цифрлық модулінде кәсіби қызметтің нәтижелерін жинақтау жүргізілген.
Мектепке дейінгі ұйым педагогтерінің тәрбиелеу – білім беру процесінде қол жеткізген озық тәжірибелерінің электрондық банкін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйеленген. Оқыту мен бағалауда жасанды интеллектіні қолдану аясы кеңейтілген. «Жер елшілері» креативті жастардың Бүкілқазақстандық экологиялық қозғалысы» жобасы шеңберінде білім алушыларға экологиялық білім беру жүзеге асырылған.
Мектептердің даму бағдарламалары әзірленген.
«Тірек білім беру ұйымдары» ретінде 10 мектеп, 5 балабақша бекітілген.
Шалғайдағы шәкірттер де оң өзгеріс, жаңашыл бастамалардан шет қалмауы тиіс. Осы бағытта ауылдық елді мекендерде білім сапасын, ұйымдар арасындағы байланысты арттыру мақсатында білім округі құрылған.
Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесімен, мемлекеттік грант конкурсына қатысқан – 693 түлектің 579-ы, яғни 83,5 проценті мемлекеттік грант иегері атанған.
Дәстүрлі жалпы білім беретін пәндік олимпиаданың облыстық кезеңіне қатысқан 32 оқушының 24-і жүлдемен оралған. Ауыл мектебі оқушыларының республикалық олимпиадасына білімін сынаған 6 шәкірттің 4-еуі топ жарған. №266 мектеп-лицей Республикадағы «14 үздік ауыл мектебі» санатына еніп, «Ең үздік ауыл мектебі» атағын алған.
Балалар қауіпсіздігін, асхана мен кітапхана жұмысын цифрландыруға бағытталған сәйкестендіру карточкалары жүйесімен 10 мектеп қамтылып, оларға аппараттық бағдарламалық кешен орнатылған.
6 жаңа пәндік кабинет сатып алуға 86 млн 187, 8 мың теңге қаржы бөлінген.
Осы жылы 4 мектеп 39 миллион 200 мың теңгеге СТЕМ кабинеттерімен қамтамасыз ету жоспарланған. Аудандағы 6 мектепті StarLink желісіне қосылу үшін 8 миллион 987 мың теңге бөлініп, жоғары жылдамдықтағы интернет желісі орнатылған.
«Астана хаб» халықаралық «Айти-стартаптар технопаркі» корпоративтік қорымен бірлесіп, мектеп оқушыларына бағдарламалау негіздерін оқыту онлайн - білім беру платформасына пилоттық режимде 2 мектеп қатысса, «Жасанды интеллект» және «Гейм Девелопмент» бағыттарында 6 айлық курстан өткен. Жасанды интеллект бағытымен – 2 педагог білімін жетілдірген.
Бала қауіпсіздігі – басты міндет.
Ауданда террористік тұрғыдан осал объектілер белгіленіп, барлық мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар хабардар ету жүйесімен, дабыл түймесімен, бейнекамерамен, домофонмен қамтылған. 2024 жылы 9 мектепке 5700,0 мың теңге бөлініп, стандартқа сай бейнекамералар орнатылған. Сондай-ақ, үнемделген қаржы есебінен тағы да 4 мектепке бейнекамера орнату жұмыстары жүзеге аспақ.
Әлеуметтік осал топтағы оқушыларды қолдау мақсатында - 4166 оқушыға «Жалпыға міндетті оқу қоры» есебінен 43407 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген. Ыстық тамақта іркіліс жоқ. Жыл барысында 8527 оқушының бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылуна 961,0 миллион теңге қаралған.
Оқулықпен қамтамасыз етуде баспалармен жұмыс істелген.
Жылу маусымына мектептер мен балабақшалар дайындығы пысықталған.
Тәртіп – табыс тұтқасы. 2024 жыл басында облыс әкімі, облыс прокуроры, полиция департаментімен «Білім беру ұйымдарының заңдылықты сақтауы және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі» үш жақты «Жол картасы» бекітілген.
«2024-2025 жылдарға арналған құқық бұзушылық, буллинг, есірткі, лудомания, вейб темекі, интернетке тәуелділіктің алдын алуға бағытталған профилактикалық бірлескен іс-шаралардың қадамдық жұмыс жоспары» әзірленген.
Аудандағы жасөспірімдер мен мектеп оқушылары арасындағы тәртіптік жағдай туралы Қазалы ауданының полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Асылбай Аңсатов мәлімдеді.
2024 жылдың 7 айында ұйымдастырылған «Түнгі қаладағы балалар», «Абайлаңыз, балалар», «Мен және менің полицейім», «Түнгі қала», «Жасөспірім» рейдтік шаралары өз нәтижесін берген.
Құқық бұзушылыққа бейім балалар анықталып, тиісті шаралар көрінген.
Электрскутерлер мен мопедтер тізгіндеген кәмелетке толмаған балалар анықталып, олардың көліктері айыппұл автотұрағына қойылып, ата-аналарына шара көрілген.
Кәмелетке толмағандар арасында бұзақылық қылмыс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерілу жұмыстары жүргізілуде.
Бас полицей жасөспірімдер арасында топтық төбелес, әлімжеттік жасауға бейім балаларды неғұрлым ерте анықтау қауіптілікті азайтуға алып келетінін ескертті.
Қазалы ауданының прокуроры Дарын Әбіш «Қылмыссыз өмір – кемел келешек кепілі» тақырыбында баяндама дайындап, қылмыстың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Прокурор балалардың бір жасаған тәртіпсіздігін қайта қайталауы идеологияның жеткіліксіздігінің көрінісі деді.
Кеңесте қозғалған тақырыптарға қатысты ұсыныс-пікір білдірушілер де болды.
Ашық пікір алаңына шыққан ардагер ұстаз Өтеген Жәниет еліміздегі балалар тәрбиесіне көңіл бөлетін әкелер үлес-салмағының бар болғаны 7 процент деген деректі келтірсе, №266 мектеп-лицейдің қамқоршылық комитетінің төрайымы Райхан Жұмағамбет отбасылық тәрбиенің осалдығы салдарынан орын алатын жағдайларды жеткізді.
Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейдің ата-аналар комитетінің төрағасы Кемал Көпжасар мектеп маңындағы автотұрақ жайын айтып, сол орынға бағдаршам қойылса деген ұсынысын жеткізді.
Жиын жақсыны асырып, жаманды жасыруды мақсат тұтпады.
Аудан әкімі білім көрсеткішін көшке сүйреген ұлағат иелеріне алғысын жеткізді. Алайда сала ешқашан тоқмейілсу, тоқтап қалуды көтермейтінін назарда ұстауды жеткізді.
Санаулы мектептер ғана емес, ортақ талапқа бар мектеп мүдде тоғыстыруы шарт.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, қаржылардың мақсатты жағдайға жұмсалуы кадр мәселесіне келгенде, азаматтық ұстаным мен адалдық принципін ұстануы қажеттігін қаперге салды.
Облыс бойынша жыл ішінде 4 баланың қайғылы жағдайда қаза тапқан жайының бізде қаталанбауы үшін қадағалау мен көңіл бөлуді күшейту айтылды. Балалардың бос уақытын тиімді пайдалауды ұйымдастыру, сондай-ақ жаңа оқу жылына бала сыр, басқа да құрылыс заттарының иісі аңқыған жағдайға тап болмауын, №266 мектеп-лицей маңындағы жолдар 31 тамызға дейін жөндеу қажеттігі қаперде тұратынын, сондай-ақ өзге де орын алған олқылықтар білім күніне дейін қалыпқа келуі тиістілігін қадағалап айып, тегеурінді талап қойды.
Шара соңында мақтаулы мамандар марапатталды.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА