Білім саласының жай-күйі талқыланды
Бүгін Әйтеке би кентіндегі Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейде аудандағы білім беру ұйымдарының жай-күйі туралы кеңейтілген мәжіліс өтті.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев төрағалық еткен басқосуға аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов, аудандық мәслихаттың депутаттары, дербес бөлім басшылары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері, аудандық қоғамдық кеңес, ардагерлер мен әйелдер кеңесінің төрағалары, ата-аналар комитетінің өкілдері және аудандағы білім беру ұйымдарының басшылары мен ұстаздары қатысты.
Жиын барысында аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов аудандағы білім беру саласының жай-күйі туралы баяндама жасап, білім саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады.
Мұнан соң аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылбай Аңсатов балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жүргізіліп жатқан шараларға тоқталды.
Сонымен қатар аудандық прокуратураның прокуроры Алмат Алдабергенов білім беру ұйымдарындағы заңдылықтардың сақталуы және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар жөнінде айтып өтті.
Баяндамашылардан кейін аудан прокуроры Дарын Әбіш сөз алып, жасөспірімдер арасындағы, оның ішінде мектеп оқушылары арасындағы түрлі қылмыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды бірлесіп атқаруға шақырды.
Жиын барысында Қазалы қаласындағы №16 мектеп-лицейдің ата-аналар комитетінің төрағасы Ертай Қабылшаұлы бала тәрбиесіндегі ата-ана рөлі жайында сөз қозғаса, білім саласының ардагері Өмірзақ Түктібаев көп жылдан бері білім саласындағы жағдайларға қанық болып келе жатқанын, соған сәйкес атқарылып жатқан шараларды қолдайтындығын жеткізді. Сондай-ақ білім саласындағы жұмыстарға қатысты ата-аналарда өз сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерінде жеткізді.
Мәжіліс соңында аудан әкімі Мұхтар Әуесұлы елдің ертеңі – бүгінгі жас пен білімді ұрпақ екенін айтып, өңірдің білім сапасын арттыру, бала тәрбиесін әрдайым назардан тыс қалдырмау, әрбір бала үшін жайлы және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырды.
#Қазалы