«Біздің орталықта 12 мың ұстаз білім алуда»
Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін абзал жан. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі елдің иесі. Олардың білімді, жан-жақты, жаңашыл болуы үшін ұстаздар аянбай тер төгуде. Қазіргі жаһандану заманында қандай да болсын білімді игеруге мүмкіндік мол. Әсіресе жас мамандардың оқу, білім-ғылымға құмартып, жаңашыл бастамаларын көргенде қуанасың. Сондай жастардың бірі – №276 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі, республика бойынша ұстаздарды оқытатын «Максимум» онлайн орталығының негізін қалаушы Құдайберген Төлепбергенмен сұқбаттастық.
– Жаңа оқу жылымен құттықтаймыз. Алдымен әңгімемізді жеке өміріңізге ойыстырсақ. Бала Құдайберген қандай болды?
– Рақмет! Барша әріптестерімді, ата-аналар мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтаймын! 1 сыныптан бастап логикаға, ойлауға жақын болдым. Әкем есепке мықты болған жан. Көрші, жора-жолдастар үй салады ғой. Соның диагоналін шығарып беруі үшін әкемді шақыртатын. Ал әкем болса жанынан мені тастамайтын. Солай жанында ертіп жүріп есептеуге бейімдеп өсірді. Кішкентайымыздан еңбекке баулыды. Әкем қасапшы еді. Мал сойып, етін сататын. Бізге сол етті келілеп береді. Ал мен оны көше жағалап сататынмын. Ол кезде калькулятор жоқ. Саудаласқанда ойша есептейтінмін. Содан-ақ бала күнімнен осы математикаға жақын болғанымды біле беріңіз.
– Алғашқы еңбек жолыңызды қайдан бастадыңыз? Жас маман ретінде сізге қандай да бір қолдау көрсетілді ме?
– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық угиверситетінде білім алып, магистратураны тәмамдадым. Негізі «күн энергиясымен тоқ өндіру» деген мамандықпен бітірген болатынмын. Алайда сол студенттік уақытта қосымша математика, физика пәндерінен репетитор болдым. Алғашқы еңбек жолымды Алматыда жүргенде мамандығым бойынша университеттің физика факультетінде бастадым. Лаборант, одан кейін инженер болып жұмыс атқардым. Екінші жоғары білімді математика пәні бойынша бітірдім. Одан соң 2015 жылы Алматы облысы бойынша дарынды балаларға арналған Шалтай Смағұлов атындағы мамандандырылған мектепте математика пәнінің мұғалімі болып 3 жыл жұмыс істедім. Алғашқы еңбек жолым жас маман болып Алматыда басталған соң сол жақта тәлімгерлеріміз, үлкендеріміз жол сілтеп, бағытымызды айқындатты. Мен үшін қолдау осы деп білемін.
– Не үшін математика пәні?
– Мен үшін математиканың орны бөлек. Есептерді калькуляторсыз ойша шығару қабілетім бала күнімнен бар еді. Бұл – қанмен келген қасиет. Өйткені менің атам да, әкем де математик болған. Жоғары сыныпқа көшкен кезде ауданның мықты ұстазы, мен үшін нөмірі бірінші тәлімгер Серік Байменов математикадан сабақ берді. Сол ағайдың сабақ беруі, тәсілі маған қатты ұнады. Математикаға деген қызығушылығым одан әрі арта түсті. Оның маған берген білімі әлі күнге дейін миымда құдды бір «папка» секілді сақталып тұрғандай. Қысқасы, математика – менің өмірім.
– Ұстаздарды ұлықтау – ең асыл іс. Қазіргі таңдағы ұстаз бен оқушының арасындағы сыйластыққа көңіліңіз тола ма?
– Шәкірт жүрегіне енген ұстаз – ең аяулы, ең қадірлі жан. Өз басым өмірде ұстаздан жолы болған адаммын. Шәкірт ұстазын ұлықтамайды деп айтудан аулақпын. Дегенмен қазір әлеуметтік желілерде тарап жатқан түрлі видеолар көңілімізді құлазытатыны рас. Мұғалімді келемеждеп Тик Ток-қа шығарып жатқан оқушылар да жоқ емес. Сол үшін қоғамдағы өзекті мәселенің бірі болып отыр. Сырттай қарапайым болғанымен, тарихтағы ұлы істі атқарып жүрген жұмыс – ұстаздыкі. Біліммен баулып, биікке ұшыратын, оқушыларының оқуда озат, өмірде патриот болуы ұстаздың ұстанымына байланысты. Мамандық көп. Бірақ мамандықтың түрлі болғаны маңызды емес. Қанша мамандық болса да сізді маман қылатын тағы да ұстаз. Мейлі сіз ғалым болыңыз, жұлдыз, тіпті беделді азамат, президент болып кетсеңіз де сізді осы өмірге жетелеген, осы шыңға жетуге себепші болған ұстазды ұмытуға қақыңыз жоқ. Оның еңбегін сыйлау, оған құрмет көрсету – сол адамға деген сый-сияпат емес, сіздің тәрбиелі, тәлімді тұлға болғаныңыз. «Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан» деп Абай айтпақшы, әрбір ісіңіз жеңіске жетіп жатса, оның артында ұстаздың бір тамшы болса да еңбегі барын есте сақтаған жөн ғой.
– Шәкірттерді жеңіс тұғырына шығару үшін ұстаз талмай еңбек ететіні хақ. Оқушы бойындағы қызығушылықты ояту үшін қандай шараларды қолға алу қажет? Жеткен жетістіктеріңіз жайында тоқталсаңыз.
– Барлық ұстаз шәкіртінің оза шауып, биік белестерді бағыдырғанын қалайды. Бәйгеде бақ сынаса тақымын қысып, жанын шүберекке түйіп отыратыны да жасырын емес. Ал шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі. Алматыдағы қызметімде оқушыларым республика көлемінде біршама жетістіктерге жетті. №276 мектепте білім беріп жүргеніме 7 жылға жуықтапты. Осы аралықта ешқандай дайындық толастаған емес. Шәкірттеріміз де талай додада топ жарып, білімінің жемісін көрсетіп жүр. Қазалы ауданы бойынша 2023 жылдың қорытындысымен аудан әкімінің атынан «Жыл ұстазы» номинациясының иегері атандым. Сонымен қатар, білім қызметкерлері арасынан «Үздік жыл мұғалімі – 2023» аталымын иелендім. Айтады ғой, тышқанның өзі тау қопарады дейді. Неге? Өйткені оны үздіксіз кеміреді. Тамшының өзі тас жарады дейді. Неге? Себебі тамшы алпауыт толқын жара алмаған тасқа үздіксіз тамып тұрып оны жара алады екен. Сол сияқты еңбек жолымыздағы ұстанымымыз – оқушыны үздіксіз дайындау, оқыту. Өз тәжірибемде кітаппен шектелу дегенге толықтай қарсымын. Одан өзге жан-жақты зерделеп, миды жан-жақты қозғау керек. Оған пайдалы ақпарат сіңіре алуымыз керек. Баланы төпелеуге болмайды. Керісінше оған мотиватор болуымыз қажет. Сонда ғана оның ғылым мен білімге деген қызығушылығы артатыны сөзсіз. Әрбір ұстаздың өзіндік ұстанар бағыты бар. Ойы шашыраңқы, өзіндік жолы жоқ маманнан қандай шәкірт шығар еді?
– Оқушылардың білім сапасын арттыру үшін не істеу қажет?
– Бұл сұрақ өте маңызды, өзекті және проблемалық сұрақ. Білім саласындағы атқарылып жатқын барлық мәселе – осы білім сапасын арттыру үшін жасалып жатқан дүние. Дәл осы сауал қойылғанда, бір ауыз сөзбен «осылай жасау керек» деген жауап ешқандай шешім бермейді. Қарапайым мысал, балаға аяушылық сезімін көрсетпеу керек. Оны көтермелеу, біреудің өзі жақсы, біреудің көзі жақсы деген ұғымды мүлдем ойдан шығарып тастау қажет. Бала нақты өзінің бағасын алуы керек. Егер оқу үлгерімі төмен болса, неге оған білмеген жерін көрсетіп, сол жақсы деңгейге дейін білімін шыңдамасқа? Әр баланың қызығушылығы әртүрлі. Бірі – математикаға бейім болса, енді бірі – әдебиетке, жазуға жақын. Ал оларға қинап үйрету қате. Тек қызығушылығын арттырып, білімін көтеруге жұмыс істеу керек. Сонда ғана оқушының талаптанатыны хақ. Қысқасы, білім сапасын арттыру үшін жұмыла жұмыс атқару керек, барлық жердегі бағалау бірдей болуы қажет.
– Сіздің бастамаңызбен математиканың қыр-сырын меңгертетін онлайн оқу орталығын ашқаныңызды білеміз. Сол жайында толығырақ тоқталсаңыз.
– Мұндай үлкен білім орталықтары бір адамның бастамасымен ашылады дегені қиындау. Мен негізін қалаушылардың бірімін және менің қасымда осының негізін қалаған әріптестерім бар. Ақнұр Нұрланова, Инағали Кеңесов, Балерке Мырзахмедова төртеуіміз осы орталықтың негізін қаладық. Бізден бөлек өзіміздің күндіз-түні талмай-тынбай жұмыс істеп жүрген командамыз бар. 15-20 адам жұмыспен қамтылып отыр. Республикалық онлайн оқу орталығымыздың атауы – «Мaximum» деп аталады. Мұғалімдерге арналып ашылды. Осындайда мұғалім не үшін оқиды деген сұрақ туындауы мүмкін. Ол қате ұғым. Адам әрдайым ізденіс, оқу үстінде болуы қажет. Математика – қиын пән. Ұстаздарды оқыту карантин кезінен басталды. Демек орталықтың ашылғанына 4 жыл уақыт болыпты. Қазіргі таңда біздің онлайн орталықта республика бойынша 12 мың мұғалім білім алуда. Біздің мақсат – олардың білімін одан әрі шыңдау, түрлі тәжірибемен бөлісу. Арамызда жас мамандар да бар. Олар біздің курсты сатып алып, керегін алуда. Жалпы осындай қосымша оқу орталықтары өте көп. Дегенмен ол жерде біз секілді арнайы бір пәнді тереңдетіп оқытпайды. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі математика пәнінің мұғалімдерін шыңдап, дайындап жатқан жайымыз бар. Алдағы уақытта жобамызға Оқу-ағарту министрлігінен, елдегі облыстық, аудандық білім бөлімдерінен қолдау күтеміз. Қуанышты жаңалығымызбен бөлісе кетейін. Сайтымыз үлкейеді. Мұғалімдерге, студенттерге, оқушыларға деп 3 бөлімді қойып отырмыз. Жаңа оқу жылынан бастап оқушыларға ҰБТ жобасы ашылғалы отыр. Елде 34 мың математика пәнінің мұғалімі бар екен. Соның 12 мыңы біздің платформаның қолданушысы. Бұл үлкен жетістік емес пе?
Шығармашыл мұғалім ретінде, бастамама, қоғамға қосып жатқан үлесіме әрқашан қолдау көрсетіп жүрген аудандық білім бөлімі мен басшысы Әділхан Оңдасынұлына, №276 мектептің директоры Мейрамбек Мырзағалиұлына алғыс айтамын!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Айнұр ӘЛИ