Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанға оралған қандастың тең жартысы Қытайдан келді

Қазақстанға оралған қандастың тең жартысы Қытайдан келді

Фото: gov4c.kz

2024 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша 10 134 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 138,5 мың этникалық қазақ оралды.

Биыл оралған қандастардың жартысы (47,5%) Қытайдан, 37% – Өзбекстаннан, 5,8% – Түрікменстаннан, 5,2%  – Моңғолиядан, 3,2% – Рессейден және 1,3% басқа елдерден.

Осы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,3%-ды және зейнеткерлер 9,7%-ды құрайды.

Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

    «Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1937 қандас қоныс аударды», - деп жазды министрлік.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдан бастап пилоттық режимде Қазақстан елшіліктері арқылы «бір терезе» қағидаты бойынша қандас мәртебесін беру тетігі іске асырылады. Пилоттық жоба шеңберінде елімізге бару, жұмыс орны, тұрғын үй беру мүмкіндіктері туралы мәселені шешуге және республика аумағына кірмей-ақ қандас мәртебесін алуға болады.
21 тамыз 2024 ж. 102 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30