Қорқордан да қорқу керек
Қандай да бір мейрамханаға бас сұға қалсаңыз кальян шегіп, «кәйп» боп отқандардан көз сүрінеді. Аттың құлағында ойнайтын жігіттеріміз түтінмен алысса, биязы қорлан қыздарымыз қор болып отырғанынан бейхабар. Тек «понт» болса болғаны. Оны қойшы, вейп дегенді естуіңіз бар ма? Мектеп жасындағы оқушылардың осы қорқор түріне құмартқанына не дерсіз? Алайда сол арзан дүниенің денсаулыққа берер зардабын білеміз бе?
Ең алғаш қорқор Үндістанда пайда болып, содан кейін бүкіл мұсылман еліне тараған деседі. Ол XIX ғасырда Еуропаға танымал болып, сәнге айналды. Әр халықтың қалауы бойынша оны әр түрлі атайды екен. Мәселен, Албанияда – «лула», Румынияда – «трубка», Өзбекстанда – «чиллим». Бірақ оның баршаға мәлім ортақ атауы – «кальян». Қорқорды көбіне, шетелден сувинир ретінде алып келеді. Бірақ оны көрген адам өз-өзін ұстай алмай қалады. Міне, олар осылай алданып оған тәуелді болады-мыс. Ал біздің елге оның қашан келгенін айту қиын. Десе де Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романында «Бұл қалада бәрі әдеттегідей, анау бөдене соғыстарған топ та, әне анау қорқор тартып, геджак тыңдап отырған мырзалар да… Бәрі де күндегі салтында» делінген.
Темекі шегудің экзотикалық түрі кальянның атауы бүгінде танымал. Себеп қандай? Көбі кальянның темекіден гөрі зияны аз деп ойлайды. Оның түтіні қалың, әдемі болып шыққаны соншалықты ерекше романтикалық, шығыс атмосферасын қалыптастырады. Бәзбіреулер қорқордың сыртындағы «никотині жоқ» деген жазуына сенеді. Бұл қате тұжырым. Шынында, мұның маркетингтік айла екенін білмейді. Ғалымдар мен дәрігерлер кальянның зияны жайлы айтып, дабыл қағуда. Тек көретін көз, еститін құлақтың жоқтығы.
Мамандардың пайымынша, бір сағат қорқор тарту – жүз тал темекі шегумен тең екен. Ал «қорқоршылардың» күніне қанша сағат тартатынын кім білсін? Олардың басым бөлігі қорқордың адам денсаулығына келтірер зияны жоқ деп ойлайды. Білгендерінің өзі де біле тұра шегетінін қайтерсің? Шындығында, табактың қандай түрі болмасын, олардың барлығында жүйкені улайтын никотин болады. Никотин шегетін ағзаның қалауын толық қанағаттандыру үшін адамға 20-60 минут қорқор тартуға тура келеді екен. Оны тарту кезінде көп күш жұмсалады. Соның салдарынан, түтін өкпенің терең тұстарына кіріп кетеді. Әрі мүштек (мундштук) деген бар ғой. Сол сору түтігін бірнеше адам пайдаланады. Ол гигиеналық тұрғыдан зиян болғандықтан, сілекей бездері арқылы таралатын гепатит, туберкулез, герпес сияқты аурулардың жұғуына алып келеді.
Кальянды орташа есеппен бірнеше сағат тартқандықтан, өкпеден 150 темекіден болатын түтін өтеді екен. Оның түтіні сұйық сүзгіден өтсе де толығымен түрлі қоспалар мен никотиннен тазармайды. Оның құрамында тұншықтырғыш газдың үлкен мөлшері, ауыр металл тұзы мен канцерогенді қосылыстар сақталып қалады. Никотиннің қалған мөлшері бір сағатта бес қорап темекідегідей болады. Егер кальянды жабық бөлмелерде шексе, оның түтіні гипоксияны тудырады. Бұл дегеніңіз ауа жеткіліксіздігі дегеніміз. Қорқоршыларға жүргізілген зерттеулер нәтижесінде өкпе қатерлі ісігіне шалдығатындардың саны әлдеқайда көп екені де айтылуда.
Қазір жастардың дені вейп деген қорқор тартып жүр. Хош иісіне мәз болып, будақталған түтінімен түрлі видеолар салып әуестенді. Үйінде, көшеде, тіпті мектепте тығылып шегіп, дүкендерден ашық сатып алып жүрді. Қазір бұған да шектеу қойылды.
Қазақстанда денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң күшіне енді. 20 маусымнан бастап шегуге келмейтін темекі өнімдерін, вейптерді, оларға арналған хош иістендіргіштерді және сұйық заттарды сатуға, таратуға және жарнамалауға тыйым салынды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл құжатқа 19 сәуірде қол қойған. Өзгертулер толықтырулар “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” заңға енгізілді.
Оларға сәйкес, Қылмыстық кодекске “Шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйық заттар айналымы” (301-1-бап) бабы енгізілді.
Вейп сатқан және таратқан адамға 200 АЕК айыппұл (738 400 теңге) немесе 200 сағат қоғамдық жұмысқа міндеттеу не 50 күнге қамау жазасы тағайындалады.
Ал елге вейп әкелгендерге және оны өндіргендерге заңға сәйкес, 2000 АЕК көлемінде (7,3 миллион теңге) айыппұл, иә 600 сағат қоғамдық жұмыс міндеттеу немесе 2 жылға дейін бостандығын шектеу, бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Егер мұны қылмыстық топ бірнеше рет қайталаса, аса ірі мөлшерде табыс алумен байланысты болса 5000 АЕК (18,4 миллион теңге) айыппұл немесе 1200 сағат қоғамдық жұмысқа салу немесе 5 жылға бостандығын шектеу, бас еркіндігінен айыру жазасы белгіленеді.
2023 жылы шілдеде үкімет вейптерді, оларға арналған сұйық заттар мен хош иістендіргіштерді сатуға тыйым салу жоспарын жариялаған. Билік бұл шара балаларды базарларда және тұрғын аудандардағы шағын азық-түлік дүкендерінде ашық түрде сатылатын вейптерді қолданудан сақтау үшін қажет деп түсіндірді.
Темекі нарығы жөніндегі жергілікті қауымдастық толық тыйым салудың орнына күмәнді өнімдер мен таңбаланбаған тауар сатуды анықтауды, кәмелетке толмағандарға вейп сатуға тыйым салуды ұсынған. Жаңа заңды сынағандар вейп сатуға тыйым салу көлеңкелі нарықтың ұлғаюына және темекіге тәуелді адам санын көбейтуге әкелуі мүмкін деп айтқан.
1 шілдеден бастап Қазақстанда ішінде 20 данасы бар бір темекі қорабы үшін ең төменгі баға 6,5 пайыз, қазіргі 770 теңгеден 820 теңгеге дейін өседі, ал 2025 жылдан бастап тағы алты пайыз көтеріліп, 870 теңге болмақ.
Қош. Вейп те осы кальяннан басталды. Кейбір мейрамханада шотың жеткілікті болса кальянды сыйға тарта салатыны тағы бар. Студенттер, жастар, тіпті оқушылар қыдырыстарына кальян араластыруды сәнге айналдырған. Ол кез келген қыдырыстың, демалыстың сәніне айналды десек артық айтқандық емес. Кезекті қызығушылық, қоғамның кері әсері. 2000 теңгелік арзан дүниенің басты байлыққа әкелер қаупін біле тұра бас тартпайтынын қайтерсіз? Сән сәнімен, алайда денсаулық керек, денсаулық.
Айнұр ӘЛИ