Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тірлігі – түзу, бірлігі – бекем

Тірлігі – түзу, бірлігі – бекем

Табиғаты – тұмса, тіршілігі – қызу Бозкөл ауылының тұрғындары да берекелі тірлік кешіп отыр. Округтегі мыңға жуық тұрғынның басым бөлігі мал шаруашылығымен айналысады. Бау-бақша баптағандардың жөні тіптен бөлек.
Өткен жылы округ бойынша барлығы 49 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Есепті кезеңде жаңадан 15 кәсіпкер тіркелген. «Бастау бизнес» жобасы бойынша 5 адам оқып сертификатталды. Оның екеуі көп балалы ана. Ауыл тұрғындары Ф.Сауқымова, Б.Сейтова 1 млн 380000 мың тенге грант алса, жастарға арналған «Агро Бизнес» жобасынан 2,5 пайыздық несие 4 млн 900 мың теңгеге қол жеткізді. «Адал»ЖШС арқылы несие алған Руслан Толыбаев пен Мырзагүл Тілеунияз жылқы сатып алды.
– Округте 2113 бас МІҚ, 2079 бас қой, 1147 бас ешкі, 1932 бас жылқы, 71 бас түйе, 100 бас құс тіркелген. Барлық мал басы бірдейлендіріліп базаға енгізіліп сырғаланды. Базаға енгізу «Жасыл дәліз-3» жобасы бойынша жүргізілді. Құжатталған 5 артезиан бұлақтарын жөндеуге немесе қайта қазуға қаржы бөлдіру үшін бюджеттік өтінім берілді. Шаруа қожалығын ашу мақсатында конкурс арқылы «Нұртай» учаскесінен 500, Тайкеткен учаскесінен 500, 90 учаскесінен 200, Соқырөзен учаскесінен 500 гектар жер пайдалануға берілді.
Мал жайылымдық және бақшалық жерлерді суландыратын «Дөненбай» каналының қазылмай қалған 1,5 км жерін қайта қазуға, шлюзін қайта жөндеуге, «Білім», «Қарарық» арықтарын тазалауға ақаулық акті және сметалық құжаттары жасалынып облыстық «Табиғат» мекемесіне ұсынылды. Су тапшылығын болдырмау үшін тұрғындардың бір каналдың бойына топтасуға келісіліп, 30 гектардай бақша егілді. Тұрғындар су тапшылығын сезінген жоқ. Алынған өнімдерін аудан орталығымен Төретам, Байқоңыр қалаларына сатуды іске асырды, – дейді ауыл әкімі Ақылбек Бөлебай.
Бозкөл елді мекенін көркейту–көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарына бюджеттен қажетті қаражат қаралып, толық игерілген. Оған ауыл паспорты сырланып, көлемі 1,5 гектар болатын, «Жасыл белдеу» жасалынған. Президент тапсырмасымен көгалдандыруға 5 миллион қаралып, оған орталық көшенің ашық жерлері қоршалған. Аудандық ЖКХ бөлімімен бірлесіп, «Дөненбай» каналының бойындағы көпір қоршауы жаңаланған. Бозкөл – Қожабақы тасжолы асфальтталған. Санитарлық тазалық жұмыстарына бюджеттен 445,0 мың қаржы қаралып, ауылдың 4 бағытындағы және ауылішілік қоқыстардан тазартылған. Қоқыстар көміліп, ішінара арнайы белгіленген орынға тасталған.
– Ауылдағы мекеме аулалары үнемі тазаланып, көше арықтары қоқыстан аршылады. Орталық саябақ ауласы тазаланып, 200 түп қара тал көшеті егіліп, балалар ойнайтын ойын аппараттарымен урналар, скамейкалар сырланды. Көшелердегі қоршау бар жерлерге тал егу үшін 1000 қаламша дайындалып егілді. Көше жарығын күтіп ұстауға қаржыға «Дәулет энергия» мекемесімен келісімге отырылып, 3 рет жөндеу, шамдарды түгендеу жұмыстары жүргізілді. Аудандық бюджеттен өрт сөндіру құрылғысына 3 млн 500 мың теңге қаржы бөлініп өрт сөндіру құрылғысы прицеп алынды. Үнемделген қаржы есебінен 3дана қоқыс жәшігі алынды. Қ.Өтепбергенов көшесінің бойындағы ойық жерлер қайта қалпына келтіріліп жамалды. Көшелерді күтіп ұстау көлік жүруіне жағдай жасау үшін 930 мың теңге бөлініп, тегістеу жұмыстары жүргізілді, – дейді ауыл әкімі.
Ауылдағы №18 Ақкөгершін бөбекжай-балабақшасында 50 бала тәрбиеленуде. Қызметкерлер жеткілікті. Балабақша ғимараты апаттық жағдай болып танылған. Қазіргі таңда балабақша уақытша мектеп ғимаратының бір бөлігіне көшірілді. Жаңадан балабақша салуға күн тәртібінен түскен жоқ. Алдағы уақытта шешімін табады деген үміттеміз. Ел қалаулылары, аудан әкімі арқылы тиісті жұмыстар жасалынуда. Ауылдағы №96 Қ.Ерімбет атындағы мектеп 11 сынып комплектісі бар. 42 мұғалім және 28 техникалық қызметкер жұмыс істейді. Мектеп жанынан Қарасақал Ерімбет атындағы мұражай ашылып, облыстық, аудандық сайыстар өткізіліп тұрады. Ауыл халқына жаңа дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетіп тұр. Мәдениет үйінде мәдени іс-шара тұрақты өткізіліп, көрерменге керемет көңіл-күй сыйлауда ауыл өнерпаздарының еңбегі зор. Облыстық, аудандық байқауларға өнерпаздар қатысып, ауыл абыройын асқақтатып жүр.
Ауылдың көркейгені – мемлекеттің гүлденуі. Сондықтан еліміздегі әр өңірдегі ауылдар алға басса, тұрмыс жақсарып, экономика алға ілгерілейді. Бұл ретте ауыл әкімі әлі талай іс атқарамыз деген сенімде.
– Ауыл орталығын абаттандыру, санитарлық тазалық, көркейту және көгалдандыру жұмыстарын тұрақты жүргізу күн тәртібінен түскен емес. Тұрғындарды «Бастау – Бизнес» жобасы бойынша оқытып, олардың грант иегері атанып, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуына ықпал етуді ұйымдастыруға күш саламыз. Тұрғындардың әлеуметтік тұрмыс деңгейін көтеру мақсатында бақша егуіне жағдай жасауды да жыл сайын қолға алып отырмыз», – дейді ауыл әкімі.
Д.Қуандықов, А.Жолжанов, А.Мамытов көшелеріне асьфалт жасау үшін смета жасауға аудандық бюджеттен 4,4 миллион бөлініп құжаттары жасалынып, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Биыл облыстық бюджетке сметаны қаржы қарауға ұсынамыз. Каналдар Табиғат мекемесінің теңгерімінде болатын. Қазіргі таңда ол мекеме жабылып су бөлімі мекемесіне алыс-беріс жасалуда. Келешек кезең кезеңімен тазаланатын болады.
Сонымен қатар А.Жолжанов, Д.Қуандықов көшелерін жарықтандыру, ауылішілік электр желілері мен трансформаторларын жаңалау, кең көлемде дәстүрлі «Ауыл күнін» өткізу де жоспарлы жұмыстар қатарында. Басты тілек – балаларымыздың болашағы үшін жаңа балабақша бой көтерсе дейді бозкөлдіктер.

Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА
30 шілде 2024 ж. 153 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30