Болашақ бүгіннен басталады
Бала – адам өмірінің жалғасы. Ал бала мен бақша егіз ұғым. Себебі бақша ерен еңбексіз өнім бермейді. Ең алдымен жерді құнарлы етіп даярлайсың. Оған жеміс-жидектің дәнін егесің. Таза сумен суарасың. Тамыры тереңге кеткен жеміс ағашы жауын-шашынға, дауылды желге селт етпейді. Біршама жылдар өткен соң, еңбек сіңіріп өсірген жеміс ағашы өнімін бере бастайды. Не ексең, соны орасың. Жемісі бағалы, көлеңкесі саялы болады. Жанына отырсаң, патша көңіліңе қуаныш сыйлайды.
Ұрпағың – көз қуанышың, балалар да бақшадағы ағаштардың жемісі секілді. Бала да, бақша да ерекше күтімді қажет етеді.
Сананы тұрмыс билейтіні белгілі. Сонан келе кейбір ата-аналар жұмыс атқарамыз деп бала тәрбиесін бақылаусыз қалдырып жататыны жасырын емес. Айтылған жағдай түбі жақсылыққа апармайды. Сондықтан әл-Фараби бабаның «Тәрбиесіз берген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзін естен шығармаған мақұл.
Балабақша – барлық мектеп жасына дейінгі баланың бас қосатын, көпшілік ортаға үйренетін тәлім-тәрбие ордасы, бүлдіршіндер мекені.
Мұғалімдердің республикалық ІІ съездінің делегаты, ұлағатты ұстаз балабақша меңгерушісі Айгүл Ерішова: «Әр бала – ата-ананың көзінің ағы мен қарасы, болашаққа қадам басқан жеке тұлға», – деп үнемі ескертіп отырады. Балалардың ортасында жүрген тәрбиешілерді «бала жанының бағбаны» десек қателеспейміз.
Осы орайда, Әйтеке би кентінде 2012 жылы «Балапан» бағдарламасы аясында ашылған 280 орындық №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасының жеткен жетістіктері аз емес. Республикалық «Үркер» зияткерлік марафонына қатысып, топ тәрбиешілері мен бүлдіршіндері Алғыс хатпен марапатталып, бүлдіршіндер ордасына «Үркер» кубогы мен сертификат табысталды. 2015 жылдың желтоқсан айында Тәуелсіздік күніне орай мектепке дейінгі мекемелер арасында өткізілген «Тәуелсіздікке тәу етер ұрпақпыз» тақырыбындағы аудандық мәнерлеп оқу байқауында балабақша тәрбиеленушілері бас жүлде иеленді. 2016 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында өткізілген VІІ «Ботақан» өнер байқауында балабақша бүлдіршіні Кәусар Қаржаубай жеңімпаз атанды.
Балабақшада Елбасы Жолдауына сәйкес «Үштұғырлы тілді дамыту» бағыты қолға алынған «Хатха йога», «Асық ату» үйірмесі жұмыс істейді. Күннің екінші жартысында «Funny English – Ғажайып Ағылшын тілі» вариативтік компоненті тұрақты жүргізіледі.
Қызылорда облыстық білім беру басқармасының облыстық оқу орталығының ұйымдастыруымен өткізілген облыстық семинарда бүлдіршіндер ашық оқу қызметіне қатысып, ағылшын және орыс тілінде ертегілер сахналады. Өзге тілдерде жатқа айтқан тақпақтары келген қонақтардың көңілінен шықты.
Ел тізгінін қолға ұстайтын болашақтың білімді де білікті азаматтарын тәрбиелеу жолындағы үлкен іске лайықты үлесімізді қоса береміз.
Өркен АЙТҚАЛИЕВ,
№11 «Балапан» балабақшасының ағылшын тілі мұғалімі