Жоғалған бала қайда кетеді?
Қазақ «Бала – бауыр етім» дейді. Әуелі тоғыз ай, он күн құрсағында, кейін тал бесікте тербеткен бөбегінің тағдырына атүсті қараған қазақты естімеуші едік. Дегенмен бала шалт. Көз ілеспес жылдамдықпен ыстық шайды тартып қалады, құлап қалады, кейде тіпті ашық тұрған есіктен шығып кетеді. Ал ауладан шығып кеткен баланы әупірімдеп жабыла тапқан жағдайлар кездессе де, қайта оралмаған балалар да бар. Олар қайда жоғалады?
Бірде бір танысым мына оқиғаны баяндап еді. Осы ауыл маңдарында орын алса керек. Суық күні 3 жасар бүлдіршін үйінен шығып кетеді. Далада жүргенін көрген әлдекімдер оны көлігіне мінгізіп әкете барған. Осы ауылға сырттан келген қонақтар екен. Жолай баланы өздерімен бірге алысқа алып кетеді. Тек арада бірнеше жыл өткенде жоғалған бала ауылына келіп, ата-анасымен қауышады. Бұл – шынайы өмірде болған оқиға. Әлгі шетелдік түрлі жанрдағы кинолар өмірден алынады екен-ау. Расымен, бұл тақырып бізді де ойландырмай қоймады. Ендеше жоғалған баланың қайда кететінін, не жағдай түрткі болатынын сараптап көрейік.
БАЛАЛАР НЕГЕ ҚОРҒАНСЫЗ?
Бұрын баққан әжемізді ұйықтатып, тапа-тал түсте ойын қуалап кететінбіз. Сол кеткеннен түн бата бір-ақ ораламыз. Бізді іздеп сенделген үйдегілер бір рет қалпағымызды қайырып алады. Бірақ ертеңі сол тірлікті тағы жасаймыз. Бақшада өскен қызанақ-қиярды теріп алып, шелектеп сатамыз. Тіпті темір, алюминий өткізіп көрші үйдің қораз кәмпитін аламыз. Үлкендер тек «танымайтын адам кәмпит беріп шақырса барма» деп құлағымызға құятын. Интернет болмаған соң ба, сұмдық жайттар жайында білмейтінбіз. Алаңсыз ойнап, алаңсыз көше кезген шақ еді. Қазір ше?
Ол кезде жарық уақытпен жанады. Білте шамның жарығына сабақ оқып, көз майымызды тауыстық. Теледидар дегенің бір көшеде бір үйде болатын. Ауыл арасында «пәленшенің баласы қайнаған суға күйіп қалыпты» не «түгеншенің баласы құдыққа түсіп кетіпті» дегенді естуші едік. Одан бертін келе өз-өзіне қол жұмсау дегенің шықты. Әсіресе мектеп оқушыларының арасында белгісіз себептермен өлуі жайында ауылдың өзі шулай бастады. Ғаламтор деген пайда болды. Е, Н+ ұстаса да агент деген дүниенің тұңғиығына баттық. Таныстық, байланыс, әңгіме көбейді. Бәленің бастауы да агенттен болды. Танымайтын адаммен кездескен қыз сол адамнан зәбір көрді. Жоғалу, қашып кету секілді нәрселер көбейе бастады. Бертін келе интернет қолжетімділікке ие болдық. Осы сәттен бастап «зорлап кетті, тонап кетті, өлтіріп кетті» деген жаңалықтың ортасына топ ете қалдық. Педофиль дегенді сол кезде көріп, сол кезде жағамызды ұстай бастадық. Кейде балалық шағымызда қалай алаңсыз, қорықпай ойын қуып жүрдік екен деген ой мазалайды. Әйтпесе мұндай қорқынышты жайттар сол кезде де болды емес пе? Тек біздің құлаққа жете бермеді. Анамыздың «өзгеден кәмпит алма» дегенін осы кездері ұға бастағандаймыз. Қазір баланы ойнауға жібермек түгілі мектептен жалғыз қайтуының өзі қорқынышты секілді. Апарып тастаймыз, алып келеміз. Тіпті дүкенге жұмсауға да жүрексінеміз. Неге? Өйткені айнала қорғансыз. Қай жерден қандай қауіп келетінінен хабарымыз жоқ. Қорқыныш көп бізде. Оның үстіне соңғы уақыттағы келеңсіз жайттар мен орын алған оқиғалар ата-анаға үрей туғызуда.
Әр күні бір қайғылы жағдай орын алуда. Үш балақай әкесінің көлігінің ашық тұрған багажына қызығып мініп, есік сарт жабылып, тұншығып қайтыс болды. Екеуі сол жерде, біреуі ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімінде жан тәсілім етті. Жақында ғана анасы қолға ұстап тұрған жерден 9 қабаттағы терезеден құлап кеткен 1 жарым жасар сәби қайтыс болды. Дәрігерлер нәрестенің өмірі үшін 3 тәулік бойы күрескенімен қайран болмады. Ал Сарқандағы қоқыс жәшігінен 5 жасар қыздың мәйіті табылды. Бала сал ауруымен ауырады әрі ақыл-есі кем екен. Астана маңындағы ауылда 6-7 жасар балалар ойнап жүріп пешке тығылып, тұншығып өлді. Алматыда қазылып ашық қалған котлаванға түсіп кеткен бала шыға алмай көз жұмды. Шымкентте газ балоны жарылып, өмірге келгеніне 2 апта болған нәресте қайтыс болды. Кейбір аналар балаларын жоғары қабаттан лақтырып, өзі де секірді. Қызылорда облысында да кәрізге құлап мерт болған балақайлар тіркелді. Ал екі баласын жалдамалы пәтерде тұншықтырып өлтірген ана ше? 3 жасар балақайдың көршінің үйіндегі әжетханадан табылғаны тағы бар. Әйтеуір күніне бір өлім. Интернетте жариялана бермейтін жайттарды қосыңыз. Қайнап тұрған сорпаға отырып қалған, ат теуіп кеткен, ит тістеп алған, «Доместос» ішіп қойған, уксус жұтып алған секілді оқиғалар азаймай тұр. Оны қойшы, педофилдердің ісі ше? Жақында ғана 3 жасар егіз қыздың тағдыры бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндіріп еді. Үй шатырынан табылған, азаптап өлтірілген, зорланған қаршадай қыздың оқиғасы ше? Айтуға ауыз бармас бұл сұмдық жайттардың қарасы артуда. Тосқауылды кім қояды?
ӨЗГЕРГЕН КІМ?
Қазір қоғам өзгерді ме, әлде ата-ананың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі төмендеді ме, әйтеуір, соңғы кезде балаларын қараусыз қалдыратындар жиі кездеседі. Балаға қиянат жасап, зәбір көрсететін ата-ана да бар арамызда. Баланың табанына шөңге кірсе, жүрегі сыздап қоя беретін қазақ емес пе едік? «Қателесті, сан соқты, пенде ғой» деп ақтап аламыз кейде. Қазір жаһандану үрдісінің бел ортасына топ еткен заман емес пе? Қазіргі қоғамда баласын далаға тастайтын безбүйректің табылып жатқаны өзекті өртейді. Келтіруге мысал көп. Жүректі ауыртатыны болмаса, мұндай тасжүректі әке-шешенің болғанынан болмағаны жақсы деп іштей ашынасың.
Анаубір жылдары ғой. Қыстыгүні елдегі аймақтардың бірінде «көкек» ана бейкүнә сәбиін жылу құбырының үстіне тастап кеткен еді. Жарық дүниеге іңгәлап келген сәбидің татар дәмі бар екен. Қаңтардың суығынан қалтыраған сәбидің құлын даусын алакеуімде оянған тұрғынның бірі естіп, үйіне құшақтап әкеліпті. Дереу жедел жәрдем шақырып, дәрігерлердің қарауына тапсырады. Кіндігі кесілмей, тірі тастандыға айналған сәбидің көрер жарығы бар. Жүрек соғысы төмендесе де дәрігерлер нәрестені аман алып қалды. Ал полицейлер «көкек» ананы үш күн іздеп, ақыры тапқан еді. Жергілікті сотта безбүйрек ананың ісі қаралып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Осыған ұқсас оқиға былтыр тағы да қайталанды. Төрт балалы әйелдің жаңа туған сәбиін қоқыс жәшігіне тастағаны жайында естіген жан жағасын ұстады. Мамандардың айтуынша, төрт баланың анасы жүктілігін дәрігерлерден жасырып келген екен.
Ал биыл өзіміздің Қызылордада көшеден жаңа туған нәресте тауып алған әйел полицияға арызданған еді. Тәртіп сақшылары арызданушының «табылған» баланың анасы екенін анықтады. «Полицейлер баланы тауып алған ауыл тұрғыны оның анасы екенін анықтады. Оны өзі босанған, ал полицейлерге «нәрестені көшеден тауып алдым» деп жалған ақпарат берген» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
ЖОҒАЛҒАН БАЛА ҚАЙДА ЖҮР?
Қазақстанда із-түссіз жоғалып, 20 жылдан аса әлі табылмаған балалар бар. Сондай 9 бала әлі де іздеуде. Бұл ақпаратты Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің порталында жариялаған. Жоғалған балалардың ең үлкені – 1987 жылғы. Ең кішісі – 1992 жылғы. 1996 жылы Семейде 5 жасар Ержан Сүйінжанов жоғалады. Оны кезінде күллі Семей болып іздеген. Сол күйі табылмады. Оның әке-шешесі қайтыс болып кеткен, қазір оны туған ағасы Даниал Сүйінжанов іздеуде. Ол 2009 жылы істі қайта көтеріп, балаға тағы іздеу салғызды. Одан еш нәтиже болмай, іс қайтадан архивке кетті.
2020 жылғы жарияланған материал бойынша, комитеттің базасында 46 бала туралы дерек тұр. Оның ішінде көзімізге оттай басылғаны өзіміздің өңірдегі оқиға. Аталған сайтта жақын уақытта жоғалған балалар туралы да мәліметтер бар екен. 2012 жылғы ер бала 2015 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында жоғалып кеткен. Сол кездердегі баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 тамызда баланың әкесі үш ұлымен бірге аудандағы Калинин жеріне шөп оруға шығады. Бала сол жерде жоғалып кеткен. Баланы іздестіруге Қармақшы аудандық ІІБ, ІІД, ТЖ қызметкерлері, кинологтар, әкімдік қызметкерлері, жергілікті тұрғындар мен еріктілер жұмылдырылды. Сегіз күн ішінде олар ауданның оңтүстік, солтүстік, Калинин бағытындағы батыс бөлігін, шығыс бағытындағы Сарыөзек жерін қарап шықты. Іздестіру жұмыстары жалғастырылып жатыр деп жазылған еді сол уақытта ведомство хабарламасында.
Баланың үстінде қара кеудеше, қара шолақ шалбар, көк аяқ киім және басында көк түсті бас киімі болған. Содан бері табылмады. Биыл 12 жаста болуы керек. Дегенмен оның табылғаны, не қай бағытқа кеткені, қайда жүргені жайында мүлдем дерек жоқ. Бұл тіркелген балалардың жайы, мүмкін тіркелмеген деректер де бар шығар, кім білсін?!
Түйін: Жыл сайын елде мыңға жуық адам із-түзсіз жоғалып кетеді екен. Қазақстанда соңғы бес жылда 17 мыңнан астам адамға іздеу жарияланса, соның 6 мыңнан астамының тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Айдың-күннің аманында адамдар неге жоғалады? Балалар ше? Оны да «Қайда жүрсің, құлыным?» деп еңірегенде етегі жасқа толған әкесі мен анасы күтіп отыр ғой...
Айнұр ӘЛИ