Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәби-саттық немесе қорғансыз баланы қоғам қорғай ма?

Сәби-саттық немесе қорғансыз баланы қоғам қорғай ма?

Қазір не көп? Атауы жер жаратын жаңалық көп. Бүгінгідей ақпарат алмасуы дамыған заманда түрлі дүниені естіп, көріп жағамызды ұстаудамыз. Әсіресе құндақтаулы құлыннан бастап кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдердің жайы кімді де болмасын алаңдатып тұр. Шешімін іздеп шарқ ұрғанмен қылмыстың ізі суымай тағы бір оқиға бірінен соң бірі тіркелуде. Балалар неге қорғансыз? Мұндай атынан ат үркитін сұмдық оқиғаларға қашан тосқауыл боламыз? Саралап көрейік.

Құй сеніңіз, құй сенбеңіз. Қазір сәбиді сатып алуға болады. Қызылшақаның құнын нарыққа бейімдеп қояды екен. Тіпті көк тиындық құны жоқ деген көкек аналар нәрестесін қоқысқа тастап кетіп жүр. «Оның орнына жай-күйімді реттейін» дейді ма, әйтеуір мұндай іске қаржыдан қысылғаннан барады екен. Сәбиді саудаға салғандар кім? Адамның құны соншалықты арзандап кетті ме?
Бірде «Баланың қара нарықтағы бағасы – 500 мың теңге. Бұл ақшаны бөліп төлеуге де болады. Басына іс түскенде жас аналарға пана болар дағдарыс орталықтары мен перзентханалар бала базарына айналған» деген сарындағы мәтінмен бейнебаян көрсетілді. Кәнігі ақпарат құралдарының бірінен. Көптің көңілін аударып, жағасын ұстатқан ақпарат шындыққа жанаса ма?
Есеңгіреткен оқиға
Жоғарыда айтылған ақпарат алдыңғы жылы орын алған. Сол кезде оның рас-өтірігі туралы мамандар «БАҚ-та айтылған бұл мәліметтердің барлығы шындыққа жанаспайды. Себебі жыл басталғалы бері еліміз бойынша бала саудасына қатысты 3 дерек тіркелді. Қазіргі таңда бұл үш оқиғаға қатысты жан-жақты тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқандықтан, мән-жайды толық ашып айта алмаймын. Бірақ бір нәрсе анық, ол – тіркелген істер бойынша бірде-бір дағдарыс орталығы немесе перзентхана қызметкері күдікке ілініп отырған жоқ. Сәби сату мен сатып алуға қатыстылар – жеке адамдар, яғни баланың анасы мен заңсыз жолмен балалы болғысы келгендер» деп жауап беріп еді. Департамент өкілі бала саудасымен айналысамын деп басы бәлеге қалған медицина қызметкерлеріне қатысты оқиғалар осыдан 6-7 жыл бұрын тіркелгенін айтты.
«Көбіне жас қыз-келіншектер қалаусыз баласын саудалайды. Ал тірі тауарды «сатып алушылардың» дені – ана болу бақытынан айырылғандар» дейді олар. Ол қандай жағдай болсын, дүние есігін енді ашқан сәбилерді саудаға салғандардың кінәлары толығымен дәлелденсе, екі жақ та жазасыз қалмайтынын ескертеді. Мамандар айтқан әлгі оқиға Алматы қаласында әшкереленген. Ол кезде расымен жаңа туған шақалақтарды саудаға салғандар – «ақ халатты азбал жандар» болған.
Өткенге көз тастап көрейік. Алматы қаласындағы көпбейінді клиникалық ауруханасының қызметкерлері, оның ішінде акушер-гинеколог пен медбикесі бар дүние есігін жаңа ашқан сәбилерді бес жыл бойы саудалап келген. Құқық қорғау органдары естіген елді елең еткізген осы бала сату «бизнесіне» қатысы бар қылмыстық топтың белгілі бір схема бойынша «сәтті сауда» жасап келгенін анықтаған. Аурухана қызметкерлері жаңа туған нәрестелерді 10 мың АҚШ долларынан бастап, 150 мың теңгеге дейін «сатылымға шығарған». Сондай-ақ олар тірі тауарларының болашақ ата-аналарын табу, жас босанған анамен келісу секілді делдалдық қызметтер де атқарған екен.
Бес жыл ішінде 28 шақалақты сатып, қара нарықтағы бала сату «бизнесімен» қалталарын қалыңдатып келген барлығы 30-дан астам адам 2016 жылы заң алдында жауап берді. Дегенмен бұл сәби саудасына қатысты елдегі ал¬ғашқы да соңғы дерек емес. Бертін келе де мұндай оқиғалар көбеймесе, азайған жоқ. Жаңалықтардан, әлеуметтік желілерден баласын саудаға салған аналарды көрсетіп, сауда қызбай тұрып ұсталған болатын.
Ана неге баладан бас тартады?
Бірде әлеуметтік желіде біршама хабарландыруға көзіміз түсті. Онда «үшінші баламды көтеріп ем, асырай алмаймын. Күйеуім жоқ. Балалар үйіне өткізгеннен, далаға тастағаннан бір мейірімді жан асырап алса деймін. Екі балама нан болуы үшін қаржылай көмек болса» депті. Астына түсіп, пікірлерді оқыдым. Байқалғаны, жартысынан көбі ана бақытын сезінбегендер. «Мен алайыншы», «Бала асырай алмай жүрміз, маған беріңізші», «ЭКО-дан жол болмады, мен алайын, қаражатпен көмектесемін» деген сарында түрлі адам, түрлі пікір қалдырыпты. Сауда өтсе керек, ертеңі бұл жазба желіден өшірілді. Тағы бірде Инстаграм әлеуметтік желісінен «өмірлік мәні бар» парақшада сәби саудалау «тақтасы» ілініпті. Бұ жолы бала сатар ана емес, көмек қолын созған құрбысы. «Құрбым әлі жас. Жүкті болып қалған. Жігіті тастап кетіп еді. Асырап алатын адам қажет. Баланы босанамын дегенше қаржылай қолдау көрсетсе, туа сала қолыңызға табыстайды» делінген жазбада. Онда да сол, «мен аламын», «мен бағамын». Әйтеуір жамырай кетіп, құдды затқа таласқандай бірін-бірі жұлып барады. Оның да соңы не болғаны белгісіз. Жазба парақшадан өшірілді. Аналар неліктен әлеуметтік желілер арқылы бауыр еті баласынан бас тартуға дайын? Осындай айуандыққа баруға оларды не итермелейді? Қазақстанда құндақтаулы сәбидің құны қанша тұрады? Сауал көп. Жауаптың өзі күдік тудырады.
Білетініміз, осындай қылмысқа баратындар, негізінен, асырап алушылардың көптігін және олардың тезірек балалы болғысы келетіндігін пайдаланады. Қазір жыл сайын бала асырап алуға, қамқоршы және патронат болуға ниетті отбасылардың саны артып отыр. Олар құжат тапсыруға келген кезде бала жоқтығын, рәсімдердің күрделілігін, кезектің көптігін айтып, «күту керек» деп шығарып салады. Осылайша, алдарына келген отбасының бала асырап алу үшін бәріне де дайын екенін анықтап, мәселені шешудің басқа жолын ұсынады. Сол жерде делдалдар да пайда бола кетеді. Ең өкініштісі, кейбір азаматтар мұндай қадамның қылмыс екенін біле тұра, соған көнеді. Бүгінде елде бала асырап алу үшін кезекке тұрғандардың саны 8 мыңнан асып жығылады екен.
Ұтатын кім, жеңілетіні бар ма?
Шет елде мұндай оқиға күн санап тіркеледі. Тіпті қылмыстылық көп мекендерде сәби саудасын шемішкедей шағады. Дегенмен біз шет ел емеспіз ғой. Өз бақытыңызды біреудің қайғысынан құра алмайсыз. Иә, қылмыстың бұл сорақы түрі балалардың қауіпсіздігіне қатер төндіріп тұр. Өйткені болашағы бұлыңғыр, алдағы мақсаты белгісіз күмәнді адамдарға бірде-бір баланың тағдырын сеніп тапсыруға болмайды. Олардың ойында не тұрғанын ешкім білмейді. Мүмкін, сәбиді адам ағзасын сату үшін, құлдыққа салу үшін, педофилдікке пайдалану үшін асырап алып жатқан болар. Біз сол себепті де БҰҰ-ның балалар саудасының жолын кесу бағдарламалары аясында үнемі осы мәселелерді жіті назарда ұстап, талқылаудан түскен емес. Қолға дүскен деректер бойынша, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам белсенділігінің арқасында соңғы 15 жылда елде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны 5 есеге азайған. 2006 жылы 19800 бала мемлекеттің қамқорлығында болса, бұл сан 2020 жылы 3700-ге дейін азайған. Қазіргі таңда Қазақстанда ерлі-зайыптылардың 15 пайызы бала сүю бақытынан айырылған болса, сәби сүйе алмағандықтан 20 пайыз отбасының некесі бұзылады екен.
Қазақстанда баланы саудалағандарға 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Әлеуметтік желіде сауда қызып тұр. Баланы қара нарықтан қиналмай табуға болады. Әлеуметтік желіде адамдар ашықтан-ашық «бала асырап аламын, рақметім болады» деп жазса, енді бірі жаңа туған сәбиге нақты баға қойған. «Жазыңдар, бере саламын» дейтін тас бауыр әйелдер мен делдалдар да кездеседі. ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті өкілінің айтуынша, көбіне бұл қылмыс түрі жасырын істеледі. Көрген, не естіген адамдардың, куәгерлердің ақпараттандыруы арқылы жедел іздестіру шараларымен анықталады. Айтуынша, соңғы 5 жылда бала сатудың 44 дерегі анықталып, 44 тұлға жазаланған. Былтыр 9 қылмыстық іс тіркелген. Дүниежүзінде қару-жарақ пен есірткіден кейін адам саудасының көлеңкелі бизнеске айналғаны рас. «Walk Free» халықаралық тәуелсіз құқық қорғау ұйымының мәліметінше, әлем бойынша 40 млн-нан астам адам құлдық қамытын киген. Жақында БҰҰ «тірі тауарды» саудалайтын трансұлттық қылмыстық топтардың жылдық орташа табысы 150 млрд долларды құрайтынын хабарлады. Қынжылтатыны, елімізде де адам саудасына қатысты қылмыс бір жылда екі есеге артқан. Қазақстан «қара тізімде» және 165 мемлекеттің арасында 83-орында тұр.
Анонимді кейіпкер
Иә, бұлай дейтініміз сәби саудасына барғысы келген жан аты-жөнін жасырып еді. Кім де болса дүйім жұртқа хабарлауға намысы не батылы жетпес. Айтпағымыз бұл емес, Айгүл (жасырын есім) 28 жаста. Өзіміздің аймақтан. Оқиғасын естіп, біраз уақытқа дейін өзіме келе алмадым. Ол 20 жасында жүкті болып қалады. Студенттік шақтың қызығымен, үйінен жыраққа шыққан қыз осылайша жас жігітке алданады. Бірнеше аптадан соң жүкті екенін біліп өмірден түңіледі. Үйдегі қатал әке, беймаза ана мұны ауылға жолатпасы анық. Бірер күн жеке клиникалардың алдын торуылдап, баланы алдырып тастауға оқталады. Солай жүріп уақыты да өтеді. Қаражат жинап, енді түсік жасатуға барғанда дәрігерлерден «баланың срогы үлкен, алдыру қауіпті» дейді. Амалы таусылған бойжеткен баланы босануға бел буады. Дегенмен оны қалай асырайды, қайда тұрады, не істерін білмейді. Солай 9 ай құрсағында көтерген сәбиі дүние есігін ашады. Дегенмен мейірлене алмаған ол сәбиді өзгеге бергісі келеді, тіпті балаға мұқтаждарға сатуға бел буады. Әлеуметтік желілерден хабарландыруларды көріп, бір әйелмен сөйлеседі. Солай екі жақ мұндай әңгімені көрісіп, талқыламақшы болады. Алайда Айгүл сол түні түс көреді. Түсінде ұлы үлкен азамат болыпты. Анасының қолынан сүйіп, ақ мамыққа жайғастырып жатыр екен. Ұйқыдан тұра сала жас ана «Мүмкін осы балам мені асырар, қиындық болса да тастамаймын» деп шешеді. Солай құндақтаулы құлынын бауырына басып, мейірімін төге бастайды. Қазір Ержаны 7 жаста. Мектепке барады. Алғыр.
– Неге екенін білмеймін, бала болған шығармын. Қалай сатпақшы болдым деген ой әлі күнге дейін мені мазалайды. Түлен түртті ма, кім білсін. Қазір шүкір етемін. Балам – өмірімнің мәні. Оны ешқашан тастамаймын, – дейді анонимді ана.
Қырық апта құрсағында көтеріп, жүрек тұсында тоғыз ай бойы сезініп келген сәбиін ана қалай саудаға салады? Сол баяғы «тұрмыстың төмендігін», «күнкөрістің қиындығын» алға тартып ақталатындар әлі бар. Ең сорақысы – бала сатып баюды кәнігі кәсіпке айналдырып алған қаскөйлердің қылығы. Жаза қатаңдатылғанымен, заңнан аяқ тартып жатқандары аса байқалмайды. Аяқ тартса, сәби сатқандардың саны да азаяр еді. Жарайды делік. Сәби саудаға түсті, анасы «байыды». Десе де баласын сатып байымақ болған ананың, өзгеден аналық бақытты сатып алмақ болған «ананың» ар алдындағы жазасы қандай?
Жоғалған бала қайда кетеді?
Қазақ «Бала – бауыр етім» дейді. Әуелі тоғыз ай, он күн құрсағында, кейін тал бесікте тербеткен бөбегінің тағдырына атүсті қараған қазақты естімеуші едік. Дегенмен бала шалт. Көз ілеспес жылдамдықпен ыстық шайды тартып қалады, құлап қалады, кейде тіпті ашық тұрған есіктен шығып кетеді. Ал ауладан шығып кеткен баланы әупірімдеп жабыла тапқан жағдайлар кездессе де, қайта оралмаған балалар да бар ортамызда. Олар қайда жоғалады?
Бірде бір танысым мына оқиғаны баяндап еді. Осы ауыл маңдарында орын алса керек. Суық күні 3 жасар бүлдіршін үйінен шығып кетеді. Далада жүргенін көрген әлдекімдер оны көлігіне мінгізіп әкете барған. Осы ауылға сырттан келген қонақтар екен. Жолай баланы өздерімен бірге алысқа алып кетеді. Тек арада бірнеше жылдар өткенде жоғалған бала ауылына келіп, ата-анасымен қауышады. Бұл шынайы өмірде болған оқиға. Әлгі шетелдік түрлі жанрдағы кинолар өмірден алынады екен-ау. Расымен, бұл тақырып бізді де ойландырмай қоймады. Ендеше жоғалған баланың қайда кететінін, не жағдай түрткі болатынын сараптап көрейік.
Қазір қоғам өзгерді ме, әлде ата-ананың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі төмендеді ме, әйтеуір, соңғы кезде балаларын қараусыз қалдыратындар жиі кездеседі. Балаға қиянат жасап, зәбір көрсететін ата-ана да бар арамызда. Баланың табанына шөңге кірсе, жүрегі сыздап қоя беретін қазақ емес пе едік? «Қателесті, сан соқты, пенде ғой» деп ақтап аламыз кейде. Қазір жаһандану үрдісінің бел ортасына топ еткен заман емес пе? Қазіргі қоғамда баласын далаға тастайтын безбүйректің табылып жатқаны өзекті өртейді. Келтіруге мысал көп. Жүректі ауыртатыны болмаса, мұндай тасжүректі әке-шешенің болғанынан болмағаны жақсы деп іштей ашынасың.
Анаубір жылдары ғой. Қыстыгүні елдегі аймақтардың бірінде «көкек» ана бейкүнә сәбиін жылу құбырының үстіне тастап кеткен еді. Жарық дүниеге іңгәлап келген сәбидің татар дәмі бар екен. Қаңтардың суығынан қалтыраған сәбидің құлын даусын алакеуімде оянған тұрғынның бірі естіп, үйіне құшақтап әкеліпті. Дереу жедел жәрдем шақырып, дәрігерлердің қарауына тапсырады. Кіндігі кесілмей, тірі тастандыға айналған сәбидің көрер жарығы бар. Жүрек соғысы төмендесе де дәрігерлер нәрестені аман алып қалды. Ал полицейлер «көкек» ананы үш күн іздеп, ақыры тапқан еді. Жергілікті сотта безбүйрек ананың ісі қаралып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.
Осыған ұқсас оқиға былтыр тағы да қайталанды. Төрт балалы әйелдің жаңа туған сәбиін қоқыс жәшігіне тастағаны жайында естіген жан жағасын ұстады. Мамандардың айтуынша, төрт баланың анасы жүктілігін дәрігерлерден жасырып келген екен.
Ал биыл өзіміздің Қызылордада көшеден жаңа туған нәресте тауып алған әйел полицияға арызданған еді. Тәртіп сақшылары арызданушының «табылған» баланың анасы екенін анықтады. «Полицейлер баланы тауып алған ауыл тұрғыны оның анасы екенін анықтады. Оны өзі босанған, ал полицейлерге «нәрестені көшеден тауып алдым» деп жалған ақпарат берген» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Жоғалған бала қайда жүр?
Қазақстанда із-түссіз жоғалып, 20 жылдан аса әлі табылмаған балалар бар. Сондай 9 бала әлі де іздеуде. Бұл ақпаратты Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есеп комитетінің порталында жариялаған. Жоғалған балалардың ең үлкені – 1987 жылғы. Ең кішісі – 1992 жылғы. 1996 жылы Семейде 5 жасар Ержан Сүйінжанов жоғалады. Оны кезінде күллі Семей болып іздеген. Сол күйі табылмады. Оның әке-шешесі қайтыс болып кеткен, қазір оны туған ағасы Даниал Сүйінжанов іздеуде. Ол 2009 жылы істі қайта көтеріп, балаға тағы іздеу салғызды. Одан еш нәтиже болмай, іс қайтадан архивке кетті.
2020 жылғы жарияланған материал бойынша, комитеттің базасында 46 бала туралы дерек тұр. Оның ішінде көзімізге оттай басылғаны өзіміздің өңірдегі оқиға. Аталған сайтта жақын уақытта жоғалған балалар туралы да мәліметтер бар екен. 2012 жылғы ер бала 2015 жылы Қызылорда облысында жоғалып кеткен. Сол кездердегі баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 тамызда баланың әкесі үш ұлымен бірге аудандағы Калинин жеріне шөп оруға шығады. Бала сол жерде жоғалып кеткен. Баланы іздестіруге ІІБ, ІІД, ТЖ қызметкерлері, кинологтар, әкімдік қызметкерлері, жергілікті тұрғындар мен еріктілер жұмылдырылды. Сегіз күн ішінде олар ауданның оңтүстік, солтүстік, Калинин бағытындағы батыс бөлігін, шығыс бағытындағы Сарыөзек жерін қарап шықты. Іздестіру жұмыстары жалғастырылып жатыр деп жазылған еді сол уақытта ведомство хабарламасында.
Баланың үстінде қара кеудеше, қара шолақ шалбар, көк аяқ киім және басында көк түсті бас киімі болған. Содан бері табылмады. Биыл 11 жаста болуы керек. Дегенмен оның табылғаны, не қай бағытқа кеткені, қайда жүргені жайында мүлдем дерек жоқ. Бұл тіркелген балалардың жайы, мүмкін тіркелмеген деректер де бар шығар, кім білсін?!
Жыл сайын елде мыңға жуық адам із-түзсіз жоғалып кетеді екен. Қазақстанда соңғы бес жылда 17 мыңнан астам адамға іздеу жарияланса, соның 6 мыңнан астамының тағдыры әлі күнге дейін белгісіз. Айдың-күннің аманында адамдар неге жоғалады? Балалар ше? Оны да «Қайда жүрсің, құлыным?» деп еңірегенде етегі жасқа толған әкесі мен анасы күтіп отыр ғой...
Балалар неге қорғансыз?
Бұрын баққан әжемізді ұйықтатып, тапа-тал түсте ойын қуалап кететінбіз. Сол кеткеннен түн бата бір-ақ ораламыз. бізді іздеп сенделген үйдегілер бір рет қалпағымызды қайырып алады. Бірақ ертеңі сол тірлікті тағы жасаймыз. Бақшада өскен қызанақ-қиярды теріп алып, шелектеп сатамыз. Тіпті темір, алюминий өткізіп көрші үйдің қораз кәмпитін аламыз. Үлкендер тек «танымайтын адам кәмпит беріп шақырса барма» деп құлағымызға құятын. Интернет болмаған соң ба, сұмдық жайттар жайында білмейтінбіз. Алаңсыз ойнап, алаңсыз көше кезген шақ еді. Қазір ше?
Ол кезде жарық уақытпен жанады. Білте шамның жарығына сабақ оқып, көз майымызды тауыстық. Теледидар дегенің бір көшеде бір үйде болатын. Ауыл арасында «пәленшенің баласы қайнаған суға күйіп қалыпты» не «түгеншенің баласы құдыққа түсіп кетіпті» дегенді естуші едік. Одан бертін келе өз-өзіне қол жұмсау дегенің шықты. Әсіресе мектеп оқушыларының арасында белгісіз себептермен өлуі жайында ауылдың өзі шулай бастады. Ғаламтор деген пайда болды. Е, Н+ ұстаса да агент деген дүниенің тұңғиығына баттық. Таныстық, байланыс, әңгіме көбейді. Бәленің бастауы да агенттен болды. Танымайтын адаммен кездес¬кен қыз сол адамнан зәбір көрді. Жоғалу, қашып кету секілді нәрселер көбейе бастады. Бертін келе интернет қолжетімділікке ие болдық. Осы сәттен бастап «зорлап кетті, тонап кетті, өлтіріп кетті» деген жаңалықтың ортасына топ ете қалдық. Педофиль дегенді сол кезде көріп, сол кезде жағамызды ұстай бастадық. Кейде балалық шағымызда қалай алаңсыз, қорықпай ойын қуып жүрдік екен деген ой мазалайды. Әйтпесе мұндай қорқынышты жайттар сол кезде де болды емес пе? Тек біздің құлаққа жете бермеді. Анамыздың «өзгеден кәмпит алма» дегенін осы кездері ұға бастағандаймыз. Қазір баланы ойнауға жібермек түгілі мектептен жалғыз қайтуының өзі қорқынышты секілді. Апарып тастаймыз, алып келеміз. Тіпті дүкенге жұмсауға да жүрексінеміз. Неге? Өйткені айнала қорғансыз. Қай жерден қандай қауіп келетінінен хабарымыз жоқ. Қорқыныш көп бізде. Оның үстіне соңғы уақыттағы келеңсіз жайттар мен орын алған оқиғалар ата-анаға үрей туғызуда.
Әр күні бір қайғылы жағдай орын алуда. Үш балақай әкесінің көлігінің ашық тұрған багажына қызығып мініп, есік сарт жабылып, тұншығып қайтыс болды. Екеуі сол жерде, біреуі ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөлімінде жан тәсілім етті. Жақында ғана анасы қолға ұстап тұрған жерден 9 қабаттағы терезеден құлап кеткен 1 жарым жасар сәби қайтыс болды. Дәрігерлер нәрестенің өмірі үшін 3 тәулік бойы күрескенімен қайран болмады. Ал Сарқандағы қоқыс жәшігінен 5 жасар қыздың мәйіті табылды. Бала сал ауруымен ауырады әрі ақыл-есі кем екен. Астана маңындағы ауылда 6-7 жасар балалар ойнап жүріп пешке тығылып, тұншығып өлді. Алматыда қазылып ашық қалған котлаванға түсіп кеткен бала шыға алмай көз жұмды. Шымкентте газ балоны жарылып, өмірге келгеніне 2 апта болған нәресте қайтыс болды. Кейбір аналар балаларын жоғары қабаттан лақтырып, өзі де секірді. Қызылорда облысында да кәрісзге құлап мерт болған балақайлар тіркелді. Әйтеуір күніне бір өлім. Интернетте жариялана бермейтін жайттарды қосыңыз. Қайнап тұрған сорпаға отырып қалған, ат теуіп кеткен, ит тістеп алған, «Доместос» ішіп қойған, уксус жұтып алған секілді оқиғалар азаймай тұр. Оны қойшы, педофилдердің ісі ше? Жақында ғана 3 жасар егіз қыздың тағдыры бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндіріп еді. Үй шатырынан табылған, азаптап өлтірілген, зорланған қаршадай қыздың оқиғасы ше? Айтуға ауыз бармас бұл сұмдық жайттардың қарасы артуда. Тосқауылды кім қояды?
Кибербуллинг қауқарлы болып тұр
Қазір әлеуметтік желідегі ессіз жазбалар, пікірлер, мессенджерлердегі қорқыту, үркіту хаттары, фейк аккаунттан түрлі ерсі бейнеролик пен суреттер орнатып, әдепсіз сөздер жазып, қоқан-лоқы көрсету – кибербуллинг деп аталады. Яки бұл – адамды ғаламторда, оның ішінде әлеуметтік желілерде қорлау. Ал бүгінде әлемтордың құрсауында тіпті бір отбасының барлық мүшесі бар деуге де болады. Иә, біз кейде баламыз бастысы үйде отыр ғой дейміз. Бірақ сол бала үйде болғанымен, желіде отыр. Онда түрлі нәрсені көріп, түрлі дүниеге әуестенеді. Өмірдің оң мен солын енді ажыратар тұста, үшінші жолды көрсететін осы – ғаламтор.
Әлемдік статистика бойынша, адам күніне 6-7 сағат ғаламторда отырады екен. Әрине, ғаламтор жаңа білім үйрену үшін, өзіңді-өзің дамыту үшін жақсы. Алайда нтернете негатив көп. Балалардың агрессияға ұшырауына, мінезінің өзгеруіне интернет ойындардың, видеолардың әсері бар. Кез келген адам кибербуллингке ұшырауы мүмкін. Буллинг шындап адамға зиянын тигізеді, оның үмітсіздік пен шарасыздық күйге түсуіне себеп болады. Кей кездері буллингтің кесірінен адамдар өзін-өзі өлтіру жайында ойлап, өзіне қол жұмсауы мүмкін. Мәселен, «хит» болған – «Синий кит», «Розовый сон» деген сияқты балаларды өлімге итермелеген ойындар қаптады соңғы жылдары. Бұл ойын жалпы елу тапсырмадан тұрды. Ең соңғысы – өз-өзіне қол жұмсау. Әйтпегенде, қорқытып-үркітеді-мыс. Бұл ойын жақын жылдары өрмекшінің өрмегіндей торлай бастады. Оған қатысқаны да, ойыннан от шығып, суицидке барғандарының да қарасы қалың еді. Ойын елімізді айналып өтпеді. Бірінен соң бірі түрлі әрекетке бара бас¬тады. «Синий китті» қазақшаға аударған жас жеткіншек ұсталды. Ол «Жұмаққа жетудің 50 жолы» атты бағдарлама жазып, таратқан. Бұған не себеп? Бұл бізге қалай жетті? Өзіне қол салғандардың соңғы хабарламасын тексергенде осы желідегі хаттарынан күмән келген. Айтпақшы, жақында ғана әлеуметтік желіден бір видео тарады. Онда оқушы бала жүйткіген көліктің алдынан шыға келіп, көлік астына түседі. Қалғаны қарап тұрады не қол шапалақтайды. «Жүгір, болмаса өл» деген атауға ие болып, жұрттың жағасын ұстатуда. Бұл да оқушылар арасында тарап жатқан ойын деседі алаңдаулы ата-аналар. Бір қызығы, мұндай әлеуметтік желілерді қолданушылардың дені – жасөспірімдер. Осындай қауіпті платформаларды Қазақстан ақпарат министрлігі бірден бұғаттап отырады. Ата-аналар күндіз-түні смартфонға байланған балаларының кіретін сайттарын тексеріп отыру керек. Ал мұндай жағдайға көбіне жақынынан жылулық көрмейтіндер барады екен.
Дүрбелеңге толы дүниеде болып жатқан көптеген келеңсіз оқиғалардың бел ортасында бейкүнә сәбилер жапа шегуде. Қорғансыз баланы қоғам қорғамаса, басқасынан не қайыр?
Айнұр ӘЛИ
28 қазан 2023 ж. 166 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031