Баланың арасына түспе
Түс қайтып, күн қызуы біршама басылған шақ. Айбарша әже әдеттегідей ауладағы шағын сәкінің үстіне дастарқан дайындап, шай ішудің қамымен күйбеңдеп жүр. Бір кезде жапсарлас тұратын көршінің 4-5 жасар баласы Жасұланның жылаған дауысы естілді.
– Не болды, кім тиді? Неге сонша бақырасың? – деп шешесі Сәбира жауап алуда.
– Нұрбек ұрды, – деді Жасұлан өксігін баса алмай.
– Неге ұрады екен, жүр қане?! Мен оған адам ұрғанды көрсетейін.
Айбарша әже Сәбираның ашуға мініп, осы үйге келетінін бірден білді. Сабырлы қалпымен кесесіне шайды құя бергені сол еді немересі Нұрбек шарбаққа ышқына кірді. Жүгірген күйі әжесінің арқасына тығылды. Айбарша әже:
– Не болды, балам? – деді ештеңеден бейхабар кейіппен. Немересі ауыз ашқанша көрші келіншек ұлын жетектеген күйі жетіп келді. Амандық-саулықты ұмытып:
– Апа, ана немереңіз менің баламды ұрып-соқты. Неге айтпайсыз жұртқа соқтықпай жөніңе жүр деп. Тәрбиесіне қарай алмасаңыз, әке-шешесіне жібермейсіз бе? – деп ашумен артық кетіп қалды. Бағанадан байыпты отырған кейуана:
– Тәйт әрі, тәрбие туралы сенің айтар жөнің жоқ, – деп кейіп тастады.
– Ойын баласы емес пе? Қазір татуласады, қазір араздасады. Оның несіне шу шығарасың? Есіңде болсын Сәбира, баланың арасына түспе. Олар қазір-ақ ұмытып кетеді, – деп сабырға шақырды.
– Жалғызымды біреуге ұрғызып қояр жайым жоқ. Ендігәрі ұлымның жанынан немереңізді көрмейтін болайын. Біржолға ештеңе демеймін, тағы қайталанса, басқаша сөйлесеміз, – деген Сәбира есікті жұлқына жауып шығып кетті. Бұрқылдап әлі сөйлеп барады.
Жас келіншектің бұл қылығына Айбарша әже қамығып қалды. Бүрісіп отырған немересін құшағына тартып: «Балам, ешкімді ұрма. Затын рұқсатсыз алма» дегенім қайда? – деп ескерте әрі сұраулы жүзбен қарады. Иегі кемсеңдеп:
– Өзі ғой бастаған. Ол бірінші менің аяғымды басты, – деп Нұрбек шағым айта жөнеліп еді:
– Болды, олай сөз тасыма. Егер ол бастаса, жай сөзбен қылығының дұрыс еместігін айт, – деп әжесі тыйып тастады.
Бұл оқиғадан кейін арада бір күн өтер-өтпестен Нұрбек пен Жасұлан бірін-бірі қуалап, ойнап жүрді. Ал Сәбира Айбарша әжейді көргенде ернінің ұшымен сәлемдесіп, жанарын төмен салып жанынан тез өтіп кетуге тырысады. Кешегі қылығының дұрыс еместігін түсініп, ұяттан жерге кірердей болып жүр.
Ұ.ЕРБОЛҚЫЗЫ