Кие
Жылқыбай бұл ауылдағы құс ататын жалғыз адам. Қос ауыз мылтығын асынып, таңертеңнен кешке дейін аң-құстың артында жүргені. Кейде тіпті апталап үйге келмейді. Ондайда Жылқыбайды сұрай келгендерге әйелі Мағрипа әзіл-шыны аралас: «Бір қоянның ізінен кеткен шығар. Көзіне көрінгенді қанжығасына байламай қайтпайды. Тіпті кейбір әкелген кіп-кішкентай қоян, қырғауылдарын обалсынамын» деп киіп отырады.
Шынында, Жылқыбай құс көрсе, делебесі қозып, аспаннан атып түсіргенше тағат таппайды. «Күнкөрістің қамы ғой, сатып, нәпақа қылады» деп қорғайын десең, ауылдағы ең ауқатты тұратындар да осы отбасы. Мыңғырған малын жаз жайлауға, қыс қыстауға жөнелтіп, арнайы жұмысшы ұстап отыр. Үйінің алдынан ашқан азық-түлік дүкеніне ауылдың барлығы дерлік барады. Қызын ұзатып, ұлын үйлендірген Жылқыбайдың көңілі тоқ. Құда-жекжаттыққа жетіп, ағайын-туысы артты. Қонақжай үйге келім-кетімді жан жетерлік. Дастарқанын мол жайып, бар тәттісін қонағының ауызына тосады. Жомарттығы өз алдына. Жылқыбай бүгінде «жорыққа» қамданып жатты. Тек өзі мінетін күрең қасқаға қонжиып, қырға бет алды. Ауыл іргесінде тұрғындар «Аққу көл» атап кеткен көл бар. Бірінен бірі өткен көрікті құстардың бәрі осында жиналғандай. Әсіресе жұп-жұбымен жүретін қос аққудың әсемдігі бір бөлек. Ұзын мойнын алға созып, аппақ қанатымен көлдің бетін сипалай жүзгенде тұмса табиғаттың таңғажайыбы таңдай қақтырмай қоймайды. Жылқыбай талай жыл құс аулағанда аққуды атпапты. Қайдағы оқ отқан, шошытып аламын ба деп демін ішке тартып, дыбыссыз тамашалайтын.
Жылқыбай бүгін өзін-өзі танымай қалды. Санасын бір сайтан билеп алды. «Аққуды ат. Ол да өзге құстар секілді ғой. Қайдағы кие» деп мысқалдайды миын улап. Ішкі ойымен арпалысып, сыңар аққуды көздеп тұрып, қос ауыздың шүріппесін қалай басқанын өзі сезбей қалды. Көл бетін жуып кеткен қып-қызыл қан, әсем мойны салбырай құлаған аққуды көргенде есін жиып: «Мен не істеп қойдым? Бұны қалай істедім?» деп қос қолымен басын сабалады. Жанына жақындап, аққуды үйге алып кетуге батпады. Жаралы сыңарын жанұшыра айнала ұшқан аққудың дауысы жалынышты секілді. Біресе қасына қонақтап, біресе көл бетін айнала ұшып, ақырында жалғыз аққу көзден ғайып болды. Жылқыбай кеш бата ұнжырғасы түсіп, үйге келді. Әншейінде толып келетін қабында дым жоқ. Көңіл-күйі болмай, ерте жатып қалды. «Неге аққуды аттым екен? Неге ғана сондай әдемілікті, адалдықты ажалға қидым?» деп өзін жеп барады. Бұның бұл күйін әйел, бала-шағасы түсінбеді.
Сол оқиғадан кейін Жылқыбай құсқа шыққанды сиретті. Бұрынғыдай сейіл құрмайды. Арада бірнеше жыл өтсе де осы қиянаты көз алдынан кетпей қойды.
Түннің іші болуы керек. «Апа, апа» деп бөлменің есігін тарсылдатқан ұлының дауысынан Жылқыбай мен Мағрипа шошып оянды. Алас-қапас бөлмеден жүгіре шықты. «Апа, Айзеренің жағдайы болмай тұр. Жедел жәрдем шақырып қойдым» деп ұлы Бағдат бөлмелеріне қарай бағыттады. Енесі келінінің боп-боз болып кеткен түрін көріп құшақтай алды.
– Қызым, не болды? Қай жерің ауырады? деп бәйек болды.
– Апа, ішім. Тағы да өткендегідей... Айзере жылап жіберді.
– Қой қызым, жүкті кезде іштің ауруы болып тұрады. Жамандыққа жорымайық, – деп келінін бауырына басты.
Жедел жәрдем көлігі есік алдында тоқтағанда Жылқыбай мен ұлы сыртта тұр еді. Жылдам басып үйге кірген дәрігер Айзерені ауруханаға алып кетеміз деп шешті. Енесі мен күйеуі жеке көліктерімен арттарынан ілесті.
Бұл түн ұзаққа созылды. Мағрипа да, Бағдат та іште не болып жатқанын біле алмай, беймаза күйге түсті. Таң бозарып атқанда ота бөлмесінен дәрігер шықты. Өзіне үлкен үмітпен қарап тұрған анасы мен ұлына: «Біз қолымыздан келгенді жасадық. Өкініштісі, баланы алып қала алмадық. Қайғыларыңызға ортақпын» деді де кетіп қалды. Не болғанын түсінбей, екеуі екі жерде состиып қалды.
Айзерені үш күннен кейін жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырды. Аурухана төсегінде «сұлқ» түсіп жатқан келіншек ештеңе ішіп-жемейді. Сөйлеуге де құлықсыз. Осымен үшінші мәрте әне-міне өмірге келеді-ау деп асыға күтіп жүрген балапаны жарық дүниеге келмей жатып, қоштасты.
Айзере тамақ алып келген апасының алдына «бүк» түсіп жатып, егіле жылады. «Апа, неге мен? Мен не істеп қойдым, апа? Неге маған бала бұйырмайды? Енді бақытым еселене ме деген шақта менен неге алып қоя береді? Мен, бұл Құдайға не жаздым, апа?» деп таусылды. Келінімен қоса Мағрипаның да жанарын жас жуды.
Келіні үйге келгеніне де он шақты күнге жуықтады. Барлығы көңілсіз. Айзере тіптен қатты өзгерді. Түнімен шошынып, түрлі түс көреді. Бүгінде ұйқысынан «апа, апа» деп айқайлап оянды. Жанында отырған Мағрипа біссмілләсін айтып, келінін сабырға шақырды.
– Апа, баламды аққу алып кетті. Тағы да сол аққу. Апа, менің баламды аққу алып кетті деймін. Киімінен іліп алды да аспанға ұшты» Айзере бой бермей жынды адамдай жұлқынып жатыр. Дауысты естіп сырттан жүгіре кірген Жылқыбай мен Бағдат Айзерені танымай қалды. Өзінің шашын қос қолымен жұлмалап, біресе жай, біресе қатты: «Менің баламды аққу алып кетті. Аққу алып кетті. Аспанға ұшты олар» деп айқайлайды.
Жылқыбайдың жүрегі зырқ ете қалды. Талай жыл бұрынғы көл бетіндегі қанға малынған жаралы аққу көз алдында көлбеңдеді. Ұяттан жерге кірердей болды. Далаға ышқына шықты. Үйден аулаққа кетіп еңгезердей ер адам еңкілдей жылады.
Кезінде жасаған қиянатын жан баласына айта алмай Жылқыбай іштей тына берді. Келініне қарауға беті шыдамайды. Киелі құстың кепиеті ұрған отағасы ұлы мен келінін көрген сайын: «Мені кешіріңдер. Менің кесірім тиді» деп іштей күбірлейді.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА