Ғани оқыған ғимарат
Қазалы – тарихи орынға бай қала. Сырлы мекенде сыны кетпеген талай ғимарат сақтаулы. Әрбірінің бойына бүккен сыры бар. Көненің көзі, тарихтың өзі болып тұрған нысанның бірі – Ғани Мұратбаев оқыған ғимарат.
Ғани Мұратбаев Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі, БЛКЖО мен Коммунистік Жастар Интернационалының қайраткері. Ол Қазалыдағы орыс-қазақ мектебін, жоғары бастауыш училищесін, Ташкенттегі орта білім беретін қазақ-қырғыз педагогикалық училищесі жанындағы ауылдық мектептер үшін нұсқаушы-лекторлар курсын, Ташкенттегі мемлекеттік үлгі-тәжірибелік мектебін және Орта Азия мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетін бітірген. 1919 жылы Коммунистік Жастар ұйымына мүше болып қабылданып, бірер жыл қалалық, уездіккомитетте жұмыс істеген. 1924 – 1925 жылдары Ресей Лениншіл Коммунистік Жастародағы ОК-нің бюро мүшесі, Коммунистік Жастар Интернационалы атқару комитетінің Шығыс елдері жастар арасындағы жұмыс бөлімінің меңгерушісі болды. Ол Коммунистік Жастар Интернационалының 3-4-конгрестерінің, Коминтерннің 4-конгресінің делегаты болып сайланды. Өкпе ауруынан қайтыс болып, Мәскеудегі «Ваганьков» қорымына жерленді. Ғ.Мұратбаев Хорезм республикасының «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Қазалы қаласында мемориалдық мұражайы ашылды. «Біздің Ғани» атты көркем фильм, «Осындай қысқа ғұмыр» атты деректі фильм түсірілді.
1914-1917 жылдары Ғани Мұратбаев Қазалы қаласындағы Жамбыл Жабаев көшесі №41 мекен-жайында орналасқан №16 мектепте білім алған. Ғани оқыған бастауыш мектеп ғимараты Қазалыдағы архитектуралық ескерткіштердің қатарында. 1984 жылы Казреставрация институты есепке алып, құжаттарын дайындаған.
Мектептің алғашқы ғимараты қоғамдық бастамамен 1860 жылы бой көтерген. 1912 жылы жаңа ғимараты салынып, пайдалануға беріледі. Ол кезде жергілікті орыс мектебі деп аталған. Дәл 1914 жылдан 1917 жылға дейін осы мектептің оқушыларынан құралған Қазақстанның комсомол ұйымының бірінші жетекшісі, Шығыс шамшырағы атанған Орталық Азия мен Қазақстан жастарының жетекшісі Ғани Мұратбаев білім алды. Осыған орай мектепте мрамордан ескерткіш тақта қойған. Ғани Мұратбаевтың отырған партасы да сақталуы.
Мектеп бір қабатты, Г-бейнелі пішінді, салтанатты сыртқы қас беті бар. Беткі жағының шығып тұрған бөлігі бағана түріндегі сәнді кірпішті қалаумен безендірілген. Оған екі ірі фронтон тіреліп тұр. Бағаналардың арасындағы кеңістікті маңдайшалармен жиектелген биік терезелер алып жатыр. Ғимараттың екі ірі шатыры бар, ол темір жабылғымен жабылған. Ғимараттың фризі сыртқы жағынан да, аула жақтан да сәнді кірпішті қалаумен безендірілген.
Ғимараттың ішкі кеңістігі қапталды түрде ұйымдастырылған. Ұзын дәліз ені 6 м, ұзындығы 7,5 метрден 9 метрге дейін жететін сынып бөлмелерін біріктіреді. Дәліздің бүйір жағынан әкімшілік бөлмелер ретінде пайдаланылған кішірек бөлмелер жалғанып соғылған. Оңтүстігіндегі жалғанған құрылыстардың бөлек кіреберісі бар. Сәйкесінше екі және бес бөлмені жалғайды. Бөлмелер мен дәліз шойын пешпен жылытылған. Мектеп ғимараты қаланың орталық көшелерінің бірінде орналасқан. Құрылыс ХХ ғасырдың басындағы үй салудың сәулеттік дәстүріне жатады.
Сондай-ақ бұл мектепте 1941 жылғы күзде 75-ші теңіз атқыштар бригадасы (кейінірек Новобугтік Қызылтулы Богдан Хмельницкий орденді 27-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы) жасақталған. Отан соғысының қатысушысы, ұлы татар ақыны Мұса Жәлилдің жансерігі Фуат Сәйфелмөлеков оқыған. Ол 1944 жылы 25 тамызда Берлин қаласында жау тылындағы астыртын қызметі үшін өлім жазасына кесілген. 1990 жылы Жеңіс мерекесі қарсаңында Отан соғысы орденімен марапатталған. Тарихи орын бүгінде қалалық кітапхана деп аталады.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА