Журналистика – жан қалауы
Мұғалім? Мұғалімдік – мен о бастан қаламаған мамандық. Өйткені ауыртпалығын әкем мен шешемнен білем. Күндіз онсыз да жұмыста, түннің бір уағына дейін кірпік ілмей қағаз бен кітап кеміретінін көріп өстім. Содан шығар, бетім қайтып қалған.
Дәрігер? Жо-о-оқ! Адам жанының арашашысы болған жақсы ғой. Бірақ өзімді ақ халатта, қолымда асай-мүсей, олай елестете алмайды екенмін. Адам өмірі үшін жауапты болудан ауыр ештеңе жоқ шығар, сірә?!
Аспаз? Атай көрмеңіз! Қазан-ошақтың басында сағаттап тұру маған арналмаған-ау. Оған ебім де, құлқым да болмапты.
Бұл ешқандай әзіл емес. Шынымды айтсам, өзімді басқа салада елестетіп көрмеппін. Ал журналистика – жан қалауы. Оған махаббатымды оятқан – әкем. Қызыл папкам болатын, төртінші сыныптан басталған шимай-шатпағым соның ішіне сыймай, ақырында көбейе бастады. Үй жақтағы сырғанақ төбе, інімнің ешкі сауғаны туралы тырнақалды қос мақалам республикалық «Ұлан» газетіне шығып, сол кезде-ақ «тілші» деген «құжат» алғанмын.
Қазір қандай биікке жетсем, соның бәрінде әкемнің еңбегі барын айтуға тиіспін. Мамандық таңдағанда да ойланбадым. О бастан белгілі болды. Қарап тұрсам, журналистикадағы жолым бастауыштан басталған екен. Ал кәсіби маман ретінде еңбек жолыма кіріскеніме жиырма жылға жуық уақыт болды. Тілшіліктен бөлек жұмыс істеп көрген емеспін. Иә, бұл байып кететін сала емес. Бірақ байланып қалдым.
Еңбек жолымда өмір жолымдағыдай ылғи жақсылар жолықты. Сол кісілердің қолдауымен, үйретуімен, бағыт сілтеуімен қателестім, түзелдім, қалыптастым. Бұл да – бір мектеп. Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні – 28 маусым болғанымен, маусым айының жалпы соңғы аптасы – әріптестер үшін үлкен мереке. Қай-қайсысы да жыл бойғы еңбегі еленіп, марапат биігінен көрініп, сый-сияпатқа бөленгендегі сезім бөлек.
Осынау мерекемен еліміздегі ақпарат құралдарының өкілдерін, оның ішінде «Қазалы» газетінің ұжымын құттықтай отырып, газет тарихы жылдарға, ғасырларға жалғаса берсін, шығармашылық және техникалық қызметкерлердің еңбегі жемісті болсын, оқырман саны артсын деп тілек білдіремін.
Назерке САНИЯЗОВА,
Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің бөлім басшысы.